Еншімізде – екі алтын

Павлодарлық таэквондошылар Татарстанның Қазан қаласында өткен Еуропа чемпионатында сәтті өнер көрсетіп, 23 медаль олжалады. Жерлестеріміз Балнұр Оркенова мен Мәдина Бушумбаева біріншілікте алтыннан алқа тақты.


Таэквондо ГТФ бойынша өткен Еуропа чемпионатында Қазақстан ұлттық құрамасының спортшылары жасындай жарқылдады. Олар ресейліктерді ғана алға салып, жалпыкомандалық есепте екінші орын алды. Ұлттық құраманың осындай жоғары нәтижеге қол жеткізуіне павлодарлық спортшылар да зор үлес қосты. Атап айтқанда жерлестеріміздің қоржынында барлығы 23 медаль бар. Мысалы, екі чемпионнан басқа Аружан Шутаева, Даниил Чеботарев, Аяулым Нұрғалиева, Дарья Виноградова, Артем Граблев, Арина Ивановалар қола және күміс медальдарға ие болды. Ал командалық үшінші орын молдовалық спортшыларға бұйырды. Еуропа чемпионатына барлығы 26 мемлекеттен 600-ден астам спортшы қатысты.


- Қазақстан ұлттық құрамасы сапында павлодарлық 9 спортшы бақ сынап, олардың екеуі чемпион атанды. Бұлар - наурыз айында Қазақстан чемпионатынан іріктеуден өткендер. Бұл өте жоғары нәтиже деуге болады. Енді күзде Түркияның Кипр қаласында өтетін Еуразия чемпионатына дайындалуымыз керек. Оған да іріктеуден өткіземіз, - дейді біздің таэквондошылардың жаттық-тырушысы Қален Сұлтанғазинов.

 

А.ӘБДІЛҰЛЫ.