Сенім ақтала ма?

«Ertis» футбол командасы бес бірдей футболшымен қош айтысып, олардың орнына жаңадан үш ойыншыны қабылдады. Бұған дейінгі ойындарда жеңілістен көз ашпай келе жатқан жерлестеріміздің жағдайы енді түзеліп, жанкүйерлер сенімін ақтай ала ма? Клубтың спорттық директоры Эдуард Глазунов журналистерге берген сұхбатында соңғы өзгерістерден үлкен нәтиже күтетінін жеткізді.

 

Командамен келісімшартқа отырған ойыншыларға келер болсақ, барлығы - бұрын жоғары нәтижемен көзге түскен футболшылар. Солардың бірі – бразилиялық жартылай қорғаушы Рейнальдо Дос Сантос Сильва. Ол біздің жанкүйерлерге Қазақстан Премьер-Лигасы ойындарынан жақсы таныс. Өткен маусымда «Ақтөбе» cапында ойнаған. Аталмыш команда қатарында 30 матч өткізіп, 7 гол соққан еді. Рейнальдо кәсіби мансабын «Спорт Ресифи» (Бразилия) футбол клубында бастаған. Содан бері бельгиялық «Андерлехт», «Серкль Брюгге», «Вестерло» командаларының сапында өнер көрсетті. Әзербайжан чемпионатының чемпионы. Бұдан бөлек, 2013/14 жылғы маусымда 22 гол соғып, үздік сұрмерген атанды. «Ертіс» сапына қосылған ойыншылардың екіншісі – Сұлтан Сағынаев. 19 жасар ойыншының жетістігі көңіл қуантарлық. Бұған дейін «Астана» ФК-да жартылай қорғаушы ретінде ойнаған. 16 жасында «Астананың» жастар құрамасында доп тепкен. Одан кейін Қазақстан жасөспірімдер командасының капитаны болды. Биыл Қазақстан жастар құрамасы сапында Фарер аралдарына қарсы өткен кездесуде «Instat» көрсеткіштері бойынша матчтың үздік ойыншысы атанған еді. Өткен маусымда «Астана» жастар құрамасының негізгі ойыншысы бола тұра, ҚР Екінші Лигасы біріншілігінің чемпионы атанған.


Павлодарлық «Ertis» футбол клубы Сербия елінің шабуылшысы Деян Георгиевичпен де еңбек келісімшартына отырғанын ресми хабарлады. 25 жасар Деян Георгиевич кәсіби мансабын туған жерінің «Земун» клубында бастаған. Бұдан бөлек, Сербияның «Телеоптик», «Спартак Суботица», «Инджия», «Вождовац», «Партизан» және венгриялық «Ференцварош» командаларында өнер көрсеткен.


«Ertis» ФК спорттық директоры Эдуард Глазунов командадан кеткен ойыншыларға алғысын білдіріп, жаңа келген жігіттерге сәттілік тіледі.
- Біз бұл ойыншыларды таңдау алдында көп ойландық, көптеген пікірталастар болды. Мысалы, сербиялық Деян Георгиевич - бас бапкеріміз Милан Милановичтің шәкірті. Өзі қызығушылық танытқаннан кейін шақыртуды ұйғардық. Астанадан келген Сұлтан Сағынаевтан да мол үміт күтеміз. Футболдағы мансабын енді бастаған жас жігіт біздің команда сапында өзінің барлық мүмкіндігін көрсетеді деп сенеміз. Жақын арада құжаттарын рәсімдеп, алаңға шығаруымыз керек, - деді Эдуард Глазунов.


Бұдан соң клуб директоры команданың соңғы жеңілісі үшін жанкүйерлерден кешірім сұрады. Естеріңізде болса, маусым айының 30-ы күні «Ertis» ойыншылары сырт алаңда «Ақтөбемен» кездесіп, 1:2 есебімен жеңіліп қалған болатын.


- Команданың басшылығы мен жаттықтырушылары атынан Ақтөбедегі жеңіліс үшін кешірім сұраймын. Бұл жағдай командаға ауыр тиді. Дегенмен, дәл осы кездесуде біздің жігіттердің көрсеткен ойыны менің көңілімнен шықты.


Бас бапкердің ұстанған ойын стилі, жаттығу процесі болашақта жақсы нәтижелерге жеткізеді деп сенемін. Менің ойымша, команда аяққа тұрып келе жатыр. Футболшылардың алаңда бір-бірімен тіл табысуында және қозғалысында ілгерілеушілік байқалады, - дейді Эдуард Глазунов.


Тілеуберді САХАБА