Ұлттың үні - домбыра

Елімізде екінші рет Ұлттық Домбыра күні кең көлемде аталып өтті. Аталмыш мерекеге орай өткен салтанатты концертте ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мектепке домбыра үйрену сабағын енгізу қажет деген пікір білдірді. 

 

«Бүгінде ұлттық аспабымыз күллі әлем мойындаған мәдени құндылыққа айналды. Бұл - қазақтың қасиетті қара домбырасына берілген әділ баға. Домбыра аспабы - қайталанбас асыл дүние. Сондықтан мектепте домбыра үйрену сабақтарын енгізу қажетті әрі дұрыс бастама. Себебі қазіргі жаппай жаһандану уақытында халқымызға тән бірегей құндылықтарды жаңғырта беруіміз керек», - деді Мемлекет басшысы. Ұсынысты көпшілік бірауыздан қолдады. Демек, көп ұзамай мектептерге домбыра үйрету сабағы енгізілуі мүмкін. Бұл ретте, неге көңіл бөлу керек? деген сауал туындайды.Ұсынысты «Алаңның» талқысына салып көрген едік.

 

Мақажан ЖЫЛҚЫБАЕВ, ардагер ұстаз:


- Мемлекет басшысының мектептерге домбыра үйрету сабағын енгізу туралы ұсынысы өте орынды. Қазақтың терең тарихы, қуанышы, мұңы, зары, сағынышы, барлық таным-түйсігі осы домбыраның шанағында жатыр. Бірақ білім ордаларына жаппай домбыра сабағын енгізудің жөні осы екен деп, киелі аспаптың қадірін кетіріп алмауымыз қажет. Бір жылдары қазақтың «Қара жорғасын» мектеп оқушылары жаппай билеп, мерейін асырды. Жасыратыны жоқ, кейін одан флеш-моб жасап, өзге билермен араластырып, жеңіл-желпі кештерде де билене бастады. Өкінішке қарай, бұл көрініс көпшіліктің көңіліне қаяу түсіргені шындық. Сол сияқты қасиетті домбырамыз да ертеңгі күні ұсақ-түйек кештердің сәнін келтіріп жүретін кейіпкерлердің қолжаулығына айналмаса болғаны. Бұған жол бермес үшін мектептерге домбыра сабағын енгізбей тұрып әбден ойланып, толғанып, нақты бағдарлама жасап алу қажет. Сонымен қатар, ұлттық аспабымыздың қадір-қасиетін жүрегімен сезініп, оны өзгелерге де ұғындыра алатын мамандарды тәрбиелеу керек. Бұл ретте, мәселе ұлттық аспапқа, яғни, ұлттық құндылыққа қатысты болғандықтан, ол «өте нәзік іс» екенін және ерекше жауапкершілікті қажет ететінін түсінгеніміз абзал.

 

Рыскүл САБЕКОВА, ҚР мәдениет қайраткері, күйші:


- «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ - домбыра», - деп Қадыр Мырзаәлі жырлағандай, қазақтың терең тарихы, мәдениеті, дүниетанымы мен болмысы осы киелі домбырамен тікелей байланысты. Сондықтан құнды аспабымызды әспеттеп, оның қасиетін жас ұрпаққа түсіндіре білудің маңызы зор. Домбыра сабағында балаларға күй үйретіп қана қоймай, оның рухани маңыздылығын сезіндіре білуіміз керек. Әйтпегенде, «тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы», - деп Әл-Фараби айтқандай, домбыраның тарихын, құдіреттілігін және халқымыз үшін алатын орнын жас буынға жіті түсіндіре алмай жатып, күй үйрете салу дұрыс емес. Сол үшін алдымен мектеп оқушыларының жас ерекшелігін ескере отырып, арнайы бағдарлама жасалып, ол өнер-білім саласының жілігін шағып, майын ішкен адамдардың қатаң талқысынан өтуі керек. Содан кейін ғана домбыра сабағын үйрету ісін қолға алған жөн деп ойлаймын. Ең бастысы, асыл мұрамыз саналатын домбыра сабағының ғұмыры ұзақ, жас ұрпаққа берері мол болуы тиіс.

 

Ерлан РАХИМОВ, Майра Шамсутдинова атындағы ән-өнер шығармашылығы мұражай үйінің басшысы:


- Шыны керек, бұған дейін домбырашылар мен дәстүрлі әншілердің өнерін дәріптеу ісіне лайықты деңгейде көңіл бөлінбеді. Салдарынан небір талант иелерінің басқа салаға кетіп қалғанын білеміз. Әсіресе, солтүстік өңірлерде ұлттық өнерді насихаттау жағы кенже қалған. Мәселен, күні кеше ғана облысымызда Ұлттық Домбыра күні аталып өтті. Шараға жиналған адам қарасы аз. Құдды бір есеп беру үшін ғана ұйымдастырылып жатқан кеш сияқты көрінді. Осы мереке аясында аймағымыздағы күйшілер мен дәстүрлі әншілердің байқауын ұйымдастырып, оларды ынталандыруға болушы еді. Өкініштісі, өнерді қолдайтын, насихаттайтын орта болмағаннан кейін өсу де болмайды. Сол үшін осындай олқылықтардың орнын толтырмай жатып, бір күнде домбыра сабағын енгізе салу қиындыққа әкеліп соғуы мүмкін. Ол үшін не істеу керек? Алдымен домбыраның құлағында ойнайтын мықты мамандарды тауып, олардың аянбай жұмыс істеуі үшін барлық жағдайды жасау керек. Содан кейін көзбояушылыққа жол бермес үшін әр мектепке оқушылардың тоқсан сайын есеп беру концертін ұйымдастырып тұруын міндеттеу керек. Сол арқылы домбыра сабағының қорытындысын шығарып отырған жөн. Ал бұл бағыттағы жұмыстар жоғары жақтан бақылануы тиіс. Сонда ғана жақсы нәтиже шығады деп ойлаймын.

 

«Алаңды» үйлестірген – Нұржайна ШОДЫР.