Оңтайландырудың оң нәтижесі

Өңірімізге Парламент Мәжілісінің бір топ депутаты келді. Халық қалаулылары облыстағы бірқатар әлеуметтік және өндірістік нысандарды аралап, еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізуде. Мемлекеттік бағдарламалардың, соның ішінде әділетті әлеуметтік саясаттың аймақтағы жүзеге асуы барысымен танысуды мақсат еткен депутаттар бұрнағы күні облыс орталығындағы жедел жәрдем станциясында болды. Мекеме бүгінде медициналық жедел жәрдемді оңтайландырудың нәтижесін көріп отыр. Тұрғындар тарапынан түскен шақыруға қызметкерлер бүгінде 8-15 минут ішінде жетіп, «қоңырауды ұстау» тың тәжірибесін енгізген. Бүгінде жаңашылдық бірқатар тиімділіктерін байқатуда.


Павлодар өңіріне келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Александр Суслов, Айгүл Нұркина, Айзада Құрманова, Меруерт Қазбекова және Жәмилә Нұрманбетовалар облыстық жедел жәрдем станциясының соңғы жетістіктерімен танысты. Станцияның бас дәрігері Қанадан Ахметжановтың сөзінше, жедел жәрдем қызметіне оңтайландыру жобасы жүргізілген. Міне, соның нәтижесінде халыққа жедел медициналық қызмет көрсету саласы айтарлықтай жақсарып, тұрғындар тарапынан түсетін арыз-шағымдар азайды. Өңірлік жедел жәрдем станциясының соңғы жаңалықтарының бірі – «Қоңырауды ұстап тұру» әдісі. Осы тәсілді пайдаланудың арқасында жеті адамның өмірін ажалдан алып қалдық, дейді бас дәрігер.


- Біздің станцияның көліктері толығымен заманауи құрылғылармен жабдықталған. Яғни, облыс орталығы ғана емес, қала және аудандық станциялардың техникалары да жаңарды. Ал «Қоңырауды ұстап тұру» әдісін Қазақстан көлемінде біз бірінші іске қостық. Мысалы, диспетчерге шақыру түсті делік. Жедел медициналық бригада сол жерге жеткенше біздің кезекшілер хабарласқан тұлғаларға телефон арқылы кеңес бере алады. Өткен айда бір әйелдің жас баласына біздің мамандар солай көмек көрсетті. Дүниеге келгеніне 27 күн ғана болған нәрестенің тыныс алуы тоқтап қалған. Біздің кезекші дәрігерлердің телефонмен берген кеңесі арқылы тиісті шараларды жасап, баланы аман алып қалды, - деді Қанадан Қанашұлы.


Мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Жәмилә Нұрманбетованың сөзінше, Парламентте медицина саласына қатысты заң жобасы әзірленіп, оны депутаттар бекіткен. Сонымен қатар, алдағы уақытта жедел жәрдем қызметінің сапасын көтеру мақсатында бюджеттен қосымша қаражат бөлінетінін
айтып өтті.


- Павлодар облысындағы жедел жәрдем станциясының көліктері навигация жүйесімен қамтамасыз етілген. Мысалы, GPS және автоматтандырылған басқару жүйесі іске қосылыпты. Жедел жәрдем қызметкерлері халықаралық стандартқа сай қызмет көрсету үшін арнайы оқу курстарынан өткен. Ендігі мәселе — көлікте жұмыс істеп жүрген адамдардың жалақыларын көтеру. Бұл мақсатқа қосымша қаражат қарастырылуда. Жалпы осы облыстағы жедел жәрдем қызметінің сапасы өте жоғары деңгейде екенін байқадық. Мұның бәрі - Елбасының денсаулық сақтау саласының сапасын көтеруге байланысты тапсырмаларын жүзеге асырудың нәтижесі, - деді Жәмилә Нұрманбетова.

 

Тілеуберді САХАБА