Жекпе-жек сарайын салып берді

Елімізде жекпе-жек спортын дамытуға күш салынуда. Айта кетелік, дәл осы спорт түрінен Қазақстан олимпиадалық жарыстарда жоғары деңгейден көрініп жүр. Ендігі жерде өскелең ұрпаққа бұл табысты еселеп арттыруға мүмкіндік берілуде.

 

Жуырда Нұр-Сұлтан қаласында елордалық Жекпе-жек сарайының таныстырылымы өтті. Құрылысты «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры жүзеге асырды. Жобаның құны шамамен 19,5 млрд. теңгені құрады. Жоба әкімшісі - «Samruk– Kazyna Construction» АҚ.


Бірегей ғимаратта бокс, күрес, дзюдо, ауыр атлетика және тағы басқа жекпе-жек түрлерінен халықаралық жарыстар өтеді. Сондай-ақ, кешенде жарысқа дайындық барысында спортшылар шеберліктерін шыңдайды. Бұдан басқа, бұнда салауатты өмір салтын ұстанатын қарапайым тұрғындар спортпен шұғылдана алады.


«Кешен халықаралық спорт федерациясының стандарттары мен талаптарына сәйкес салынды. Ғимараттың құрылысы кезінде жылу беру, желдету ауа баптау және бөлмені жарықтандырудың заманауи энергиялық тиімді жүйелер ұсынатын инновациялық инженерлік шешімдер қолданылды. Жекпе-жек сарайы ғимаратының бірегей үшбұрышты формасы Қазақстанның бостандығы мен бірлігінің символы ретінде ұшатын қыран бейнесін бейнелейді», - деді «Samruk–Kazyna Construction» АҚ сатып алу және пайдалану департаменті директоры Дархан Мусанов.


Көп функционалды аренаның аумағы 32 мың шаршы метр, спорт зал 5 мың адамға арналған. Кешен төрт қабаттан және бірнеше блоктан тұрады – аренадағы әмбебап жаттығу залы, жаттығу және спорттық-сауықтыру бөлмесі, сондай-ақ қонақ үй қарастырылған. Сонымен қатар, кешенде 25 метрлік жүзу бассейні, фитнес-орталық және кіші футбол алаңы да бар.


Айта кетелік, Павлодарда да «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының көмегімен әлеуметтік бағыттағы жобалар іске асырылып келеді.


Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ