Зауыт жобасын таныстырды

Биыл Екібастұз қаласынан 25 шақырым қашықтықта техникалық кремний өндіретін зауыттың қазығы қағылмақ. Жоспар бойынша, ол екі жылдан кейін іске қосылады. Осылайша, өңіріміздің экспорттық әлеуеті артып, тұрақты жұмыс орындары ашылып, әлеуметтік-экономикалық жағдай жақсара түспек.

 

Екібастұз қаласында техникалық кремний шығару ісі соңғы бірнеше жыл дересінде қызу талқылануда. Бұған дейін аталмыш жобамен «ANSA Silicon» ЖШС айналысқан еді. Бірақ, биыл бұл инвестор әуелгі ойынан бас тартты. Сөйтіп, техникалық кремний өндірісіне Біріккен Араб Әмірліктерінің «Canarax» компаниясы қызығушылық танытып, «ANSA Silicon» ЖШС акцияларының 75 пайызын, жеке инвестор Джозеф Томас қалған 25 пайызын сатып алды. Инвесторлар облыс әкімі Болат Бақауовпен бірнеше мәрте жүздесіп, аймақ билігі шетелдік кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетілетінін білдірді.


Ал кеше инвесторлар Екібастұз қала-сында жобаның таныстырылымын өткізді. «Canarax Dutch BV» басқарма төрағасы Нитин Бхатнагардың айтуынша, компания басшылығы жобаның сәтті жүзеге асуына ерекше маңыз бермек.


- Бізді бұған дейінгі инвесторлармен салыстырудың қажеті жоқ. «Canarax Dutch BV» техникалық кремний өндірісін оң жолға қойып, жергілікті метал өнеркәсібі мен сыртқы нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етуге әзір. Былтыр «ANSA Silicon» серіктестігі қоғамдық тыңдау өткізгенде жергілікті тұрғындардың қарсылық танытқанын білемін. Ал біз мүлде басқа технология – италиялық белгілі «Tenova Pyromet» технологиясы негізінде жұмыс істейміз. Қытайлық құрал-жабдықтар мүлде болмайды. Оған қоса, қоршаған ортаның қауіпсіздігі басты назарымызда болмақ, - дейді Н.Бхатнагар.


«ANSA Silicon» ЖШС бас директоры Бхакта Кишоре ұсынған мәліметтерге сүйенсек, жаңа зауытта қоршаған ортаға шығатын қалдықтарды 24 сағат бойы үздіксіз қадағалайтын арнайы онлайн-мониторинг жүйесі орнатылады. Бұл ретте еуропалық стандарттар сақталмақ. Атап айтқанда, бүгінгі таңда Қазақстандағы зауыттар шығаратын қалдықтардың нормасы бір текше метрге 25 мг болса, техникалық кремний зауыты бұл норманы 5 есеге дейін төмендетіп, еуропалық норма – бір текше метрге 5 мг көрсеткішіне дейін төмендетпек.


- Біз пайдаланатын шикізат – кварциттің құрамында 99,5 пайыз кремний бар. Яғни, бұл қалдықсыз өнім деуге болады. Қатты қалдықтар мен шлактар болмайды. Ал пайда болған таза газ биіктігі кем дегенде 40 метр болатын мұржа арқылы сыртқа шығарылады. Микрокремнезем қаптарға салынып, бетоннан жасалған едені бар қоймада үш айға дейін сақталады. Кейін цемент, отқа төзімді өнімдер, химикаттар өндірісінде шикізат ретінде пайдаланылады. Осылайша, қалдықтың өзінен табыс табу мүмкіндігі бар, - дейді Б.Кишоре.


Өндірістік мақсатта пайдаланылған су тазарту құрылғыларынан өтіп, зауыт маңындағы жасыл желекті суаруға қолданылмақ. Инвесторлар Екібастұз қаласының әлеуметтік дамуына да үлес қосуды жоспарлап отыр. Жас мамандарды оқыту, білім, спорт, мәдениет мекемелерін жөндеу, ағаш отырғызу жұмыстарына жыл сайын 2 млн. 305 мың АҚШ долларын қарастырмақ.


Әзірге компания басшылығы жергілікті экологтармен жүздесіп, қосымша станция салуға рұқсат алды. 5-6 күннен соң мердігер компания таңдалып, құрылыс жұмыстарына кіріседі. Содан соң облыстық экология департаментінен тиісті құжаттарды алып, зауыт құрылысына қатысты қоғамдық тыңдау өтеді. Инвесторлар жергілікті жұртшылық тың жобаның іске асуына қолдау білдіреді деген үмітте.


- Техникалық кремний өндірісінің қоршаған ортаға зиян келтірмейтінін, барлық технология еуропалық талаптарға сай болатынын тұрғындарға ашық түрде көрсетеміз. Бұл зауыт екібастұздықтарға кері әсерін тигізбейді, керісінше жағдайын жақсарта түседі. Мәселен, құрылыс кезінде шамамен 150, зауыт іске қосылған соң 366 жұмыс орны құрылады. Италиялық, ресейлік құралдармен қатар отандық тауарлар қолданылады. Жергілікті шағын және орта бизнестің қызметін тұрақты түрде пайдаланамыз, - дейді Б.Кишоре.


Айта кетелік, инвесторлар өңірімізге екі жыл аралығында 75 млн. АҚШ долларын салмақ. Қазіргі уақытта 124 гектар жерді ресімдеп үлгерді. Болжам бойынша, қосалқы станция құрылысына 11 ай қажет. Қоғамдық тыңдау нәтижесінде жергілікті тұрғындар жобаның жүзеге асуына қарсылық танытпаса, 2021 жылы алғашқы техникалық кремний нарыққа жол тартады. Өнімнің бұл түрі құрғақ құрылыс материалдарын дайындауда, полимерлі заттар өндірісінде, бетонның беріктігін нығайтуда және тағы бірқатар салада жоғары сұранысқа ие.


Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА