Балалар кітапханасының жағдайы мүшкіл

Кітап – киелі мұра, ал кітапхана - сол мол қазынаның алтын кені екені анық. Өкінішке қарай, облыс орталығындағы осындай бірден-бір рухани азық ордасы - балаларға арналған басты кітапхананың жағдайы өте мүшкіл. Ғасырдан астам тарихы бар кітапхана ғимаратына көптен бері күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Соның салдарынан бүгінде аталмыш нысанның әбден тозығы жеткен. Кітапхана қызметкерлері жауапты мекемелерден сан рет көмек сұрағанымен, әзірге еш нәтиже шықпай отыр. Мәселенің мән-жайын анықтап көрген едік.

 

Көпшілік алаңдаулы...


Біз сөз етіп отырған С.Торайғыров атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхананың балалар әдебиеті бөлімі аймақтағы балаларға арналған ең үлкен кітапхана саналады. Мұндағы кітап қоры 93 мың данадан асады. Аталмыш мекеменің басшысы Марина Золотухинаның айтуынша, осында күн сайын шамамен
100 шақты бала келіп кетеді. Бірақ қазіргі таңда кітапхананың 2-ші қабатында орналасқан оқу залы қаңырап бос тұр. Себебі, ғимараттың шұрық-тесік шатырынан аққан судың кесірінен төбесі мен қабырғалары көгеріп, сылағы түсіп жатыр. Жағымсыз иіс те мүңкіп тұр. Кітапхана қызметкерлері балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігі үшін оқу залының жұмысын тоқтатуға мәжбүр болғанын айтады.


- Осылай жасауымызға тура келді. Себебі, 2-ші қабатта электр жарығын қосуға қорқамыз. Жаңбырлы күндері үстімізден тамшылап аққан судың салдарынан қабырғалар мен төбе дымқылданып кетті. Мұндай кезде электр жарығын қосу қауіпті. Әрі осында қолқаны қабатын жағымсыз иіс те бар. Үнемі әйнекті ашып, желдетіп отырамыз. Сонда да әлгі иістен арылу мүмкін болмай тұр. Ал кітап оқуға келетін балаларды астыңғы қабатта былтыр ашылған коворкинг орталығы мен шығармашылық секторға жіберіп, сонда ұстап отырмыз, - дейді балалар әдебиеті бөлімінің басшысы Марина Анатольевна.


Өкініштісі, бұл жақтағы жағдай да мәз емес. Яғни, кітапхананың бірінші қабатында да көгерген қабырғалардың жағымсыз иісі қолқаңды қабады. Нысанның іргетасы әбден тозған. Тіпті, осы қабаттағы абонемент бөлімінің іргесі опырылып, қабырғалары жарылып жатыр. Бір сөзбен айтқанда, кітапханада балалардың емін-еркін кітап оқып, бос уақыттарын тиімді өткізуіне толыққанды мүмкіндік жоқ. Бұл жағдай ата-аналарды да алаңдатуда. Балалардың болашағы үшін шыр-пыр болған азаматтың бірі, С.Торайғыров атындағы ПМУ-дің профессоры Жеңіс Мананбаев аталған мәселе жөнінде облыс әкімінің блогына да хат жазғанын алға тартты.


- Балалар кітапханасының жағдайы өте нашар. Мұнда келіп-кететін балаларға да, кітапханашыларға да обал. Ішінде ауа жоқ. Көгерген иіс тынысыңды тарылтып, жүрегіңді айнытады. Осындағы қаншама бактериялар адамдардың ағзасына кіріп, денсаулықтарын зақымдап жатқанын айту түгілі, ойлаудың өзі қорқынышты. Нысанның іргесі шіріп, құлауға шақ тұр. Негізі, осы кітапхананы басқа жерге салса дұрыс болар еді. Кітапхананың қазіргі жай-күйі жөнінде аймақ басшысының блогына жазып, мәселе көтердім. Нәтижесін уақыт көрсетер, - дейді Жеңіс Исаұлы. Аталмыш кітапхананың қазіргі жағдайы алыстан келіп жүрген кішкентай оқырман Махамбет Советханды да толғандыруда.


- Мен Нұр-Сұлтан қаласындағы №60 мектептің 4-сыныбын бітірдім. Павлодар қаласында тұратын ата-әжеме қыдырып келген сайын осы кітапханаға бас сұғамын. Әрине, іші өте жұтаң. Бірақ биылғы жағдайы ерекше нашар екен. Бұл - шаһардағы ең үлкен балалар кітапханасы екенін білемін. Сондықтан, кітапханаға жөндеу жұмыстарын жүргізіп, балаларға лайықты жағдай жасау керек деп ойлаймын, - дейді ол. Ал аптасына бірнеше рет осы кітапханаға немересін жетектеп келіп кететін зейнеткер Бейбігүл Сейітова ренжулі екенін айтады.


- Балалар кітапханасы – екінші үйіміз сияқты. Осында немереммен бірге жиі келіп тұрамын. Әбден тозған ғимаратты жөндейтін уақыт жетті. Былтыр ғана мен осында отырғанымда тиісті мекемелерден адамдар келіп, барлық мәселені шешетін болып жатқан. Содан бері бір жыл өтті. Еш өзгеріс жоқ. Құрғақ уәде бергенді доғару керек. Ұрпағымыздың рухани азықпен сусындауы үшін ештеңеден аянбауымыз қажет. Сондай-ақ, мұнда қыз-келіншектер ғана жұмыс істейді. Олар болашақта өмірге дені сау сәби әкелуі керек. Ал мұндағы жағдай өте мүшкіл. Міне, осы жағын да ойлау керек, - деп қапаланады қария.
Қарекет бар, нәтиже жоқ.

 

Кітапхана қызметкерлерінің айтуынша, бұл мәселе көптен бері көтеріліп келеді. Ең өкініштісі, осы уақытқа дейін балалар кітапханасына мүлдем күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Соңғы рет 2004 жылы косметикалық жөндеу жұмыстары жасалыпты. Кейін мекеме ғимаратының ішкі-сыртқы қабырғалары жарылып, тоза бастаған соң тиісті органдарға оны жөндеу туралы сан рет өтініш берілген. Алайда әлі күнге дейін еш нәтиже шықпай отырған жайы бар. Мұның себебі кітапхана қызметкерлеріне де түсініксіз...


- Бұрын бұл балалар кітапханасы Торайғыров көшесіндегі 77-үйде орналасқан болатын. 1988 жылы қаладағы 3 кітапхана біріктіріліп, біз бөлім болып қалдық. Сөйтіп, 1996 жылы балалар кітапханасының бөлімін осы жерге көшірді. Содан бері, яғни, 23 жыл бойы осындамыз. Біздің кітапхана қаланың бүкіл баласына қызмет көрсетеді десем, артық айтқандық болмас. Мұнда шаһар мектептерінен 5 мың бала тұрақты түрде келіп тұрады. Сонымен қатар, студенттер де шықпайды. Келушілер қатары көбейгендіктен былтыр балаларға арналған шығармашылық сектор мен коворкинг орталығын аштық. Оған демеушілер көмектесті. Бірақ жөндеу жұмыстарын жүргізуге шамамыз жетпей тұр. Тиісті орындарға үнемі өтініш беріп келеміз. Тіпті, 2 жыл бұрын Алматыдан ескерткіштер мен сәулет саласының қыр-сырын білетін арнайы маман да шақыртып, нысанның жобалық-сметалық құжатын әзірледік. Сол бойынша 140 млн. теңге қажет болатыны анықталды. Осыншама қаражаттың қажет екенін көрсетіп, облыстық мәдениет басқармасына хат та жазылды. Нәтиже жоқ, - дейді балалар әдебиеті бөлімінің басшысы Марина Золотухина.


Жоғары жақтан көмек болмаған соң осындағы кітапханашылар мекемені әктеу, сырлау сынды ұсақ-түйек жөндеу жұмыстарын өздері жасап алатын көрінеді. Ал күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қыруар қаражат қажет. Ал С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхананың директоры Шолпан Шахметова бұл бағыттағы жұмыстарға демеушілерді тарту жағын да қарастырғанын айтады. Алайда балалар кітапханасының қазіргі ғимараты облыстағы тарихи ескерткіштер қатарына енетіндіктен, мұндай нысандар талап бойынша бюджеттің қаражатына ғана жөнделуі тиіс екен.


- Жалпы, бұл мәселе бұған дейін де сан рет көтерілген. Менің алдымдағы директор да осы істі шешу үшін аз жүгірген жоқ. Сөйтіп, 2017 жылы бұл мекемені жөндеуге ақша бөлінеді деген қуанышты хабар естідік. Алайда кейін көңіліміз су сепкендей басылды. Неге екені белгісіз, қаржы берілмейтін болыпты. Балалар кітапханасының мәселесімен облыс басшылығы да жіті таныс. Ғимарат 1857 жылы салынған. Өте ескі болғандықтан, техникалық тексеру жұмыстарын да жүргіздік. Бірақ, бұл апатты емес, апат алдындағы нысанға жататыны белгілі болды. Әрине, мәселе бар. Ең бастысы, мекеменің төбесін, сосын қабырғаларын жөндеу керек. Өткен маусым айында болған қатты жаңбырда кітапхананың төбесінен су сорғалап, бірінші қабатқа дейін өтіп кетті. Әйтеуір, мамандарымыз кітапхананың жағдайын жақсы білетіндіктен кітаптарды аман сақтап қалды, - дейді ол.


Келеңсіз жайтқа орай облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Бақыт Анисоваға хабарласып, мәселенің мән-жайын сұрап көрдік.


- Балалар кітапханасының мәселесі әрдайым назарымызда. Басқарма тарапынан барлық әрекет жасалды, яғни, аталмыш нысанға қажетті қаржыны сұрап, жауапты орындарға хат жаздық. Бірақ облыстық бюджеттік комиссия бекітпегендіктен, қолымыз байлаулы отыр. Осы жылдың 3-ші тоқсанында тағы да облыс бюджетін нақтылайды. Сол кезде осы мәселені қайта көтеріп, өтініш беруді жалғастырамыз, - деді ол.

 

Балалар кітапханасының мәселесі күн тақырыбында өткір тұр. Бірақ жауапты кітапханалар мен мәдениет басқармасы тарапынан тиісті әрекет жасалғанымен, әзірге оң нәтиже болмай отырғаны өкінішті. Ал облыстық бюджеттік комиссияның қандай шешім қабылдайтыны - уақыт еншісінде. Десе де, тұрғындар жергілікті әкімдік көптің көкейінде жүрген айтулы мәселеге көңіл аударып, балалар игілігі үшін бұл істің бір шешімін табады деген сенімде.

 

Нұржайна ШОДЫР