Ғасырлар үні

Қазақтың дәстүрі мен өнерін жаңғыртып, дәріптеуге жол ашқан Ұлттық домбыра күні мерекесін аймақ жұртшылығы асыға күткені анық. Айтулы күнді биыл павлодарлықтар ерекше думанмен атап өтті.

 

Өткен жексенбі күні облыс орталы-ғының жағажайын Ұлы даланың әуендері кернеді. Жүздеген кәсіби музыканттар мен әуесқой домбырашылар қазақ халқының көрнекті композиторларының өлмес туындыларын бір мезгілде орындау арқылы ұлттық музыкалық аспапқа деген сүйіспеншіліктерін білдірді. «Eртіс Promenade» сахнасында 150 домбырашы Құрманғазының «Балбырауын» күйін бір мезетте ойнап, көпшіліктің ықыласына бөленді.


Аталмыш кеште Рүстембек Омаров атындағы қазақ ұлттық аспаптар оркестрі қара домбыраның шанағынан күмбірлеген күй төкті. Оркестрдің бас дирижері және көркемдік жетекшісі, Қазақстанның мәдениет қайраткері Талғат Кәрімовтің айтуынша, өткен жылы өнер ұжымы Домбыра күнінде арнайы шақыртумен елордада өнер көрсеткен. Биыл ұжым бұл күнді жерлестерімен бірге атап өтуді жөн көріпті. Тіпті, мерекеге орай музыкалық сый да әзірлеген.


- Биыл қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше тарту жасадық. Алғаш рет оркестрдің сүйемелдеуімен гитарада және әріптесіміз Ризолла Садықовпен домбырада Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқисса» күйін ойнадық. Алдымен тек домбыраның дауысы шыққанын байқадыңыздар. Гитара мен домбыраның рөлдерін бөліп алғанбыз. Гитараның пернелері басқаша келтірілген. Сондықтан домбыраның құлақ күйін гитараға келтірдік, - дейді гитарашы Артем Александров.
Аталмыш кеште жергілікті «Шернияз» бен «Нұр» би топтары өз өнерлерін ортаға салса, Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияның дәстүрлі ән өнерінің өкілдері арқа даласын асқақ әнге бөледі.


Бабадан қалған байырғы аспаптың құрметіне өткен мереке Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде, облыстық көркемсурет музейі мен Майра Шамсутдинова атындағы ән-өнер шығармашылығы мұражай үйінде жалғасын тапты. Мәселен, Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде тарихи тұлғалардың оннан астам домбырасы көрмеге қойылып, көрермен назарына ұсынылды. Бұдан бөлек, суретшілердің домбыраға арналған шығармалары да сөреден орын алды.

 


Мереке АМАНТАЙ