«Бала Мәшһүр»

Белгілі қаламгер, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Сүлеймен Баязитовтың жас оқырмандарға арналған «Бала Мәшһүр» атты кітабы жарыққа шықты.

 

Киелі қаламмен балалар әдебиетіне қомақты үлес қосып, ұлттық рухани дүниелерді көркем шығармаларына арқау етіп келе жатқан Сүлеймен ағамыздың бұл еңбегі «Өлеңдер» мен «Әңгімелер» атты екі бөлімнен тұрады. «Өлеңдер» бөліміндегі «Тұлғалар» тарауы қызықты. Бұқар жырау, ұлы күйші Құрманғазы, Әміре Қашаубаев, Шәкен Айманов, Шара Жиенқұлова, Рүстембек Омаров, Сәбит Дөнентаев секілді қазақтың біртуар тұлғаларын жас оқырманның түсінігіне лайық тілмен таныстырып, олардың шығармашылықтарын өлеңмен көркемдеген. Жақсы тақырып, ұтқыр шешім! Баланың ойы тұнық, жан дүниесі таза, қулық-сұмдықтан ада бір бейкүнә әлем ғой. Сондықтан кез келген тақырыпты бала тілімен сөйлетудің жүгі ауыр, мұхит түбінен маржан тергенмен тең. Сүлеймен ағамыз болса әр туындысының сюжет желісін нанымды құрып, бала түсінігіне сай өмір философиясын әдемі айшықтап берген. «Қызықты атаулар», «Жасырынған жер-су аттары», бұдан басқа Сұлтанмахмұт Торайғыров, Мұзафар Әлімбаевтың автордың өзінің шығармашылығына әсері, сондай-ақ кітаптың аты айтып тұрғандай, «Бала Мәшһүр» поэмасы да өте қызғылықты әрі мазмұнды өрілген.


«Қазақ әні Париж түнін, Тербегені шындық бұл.


Ұқпаса да қазақ тілін, - Неткен ғажап сұмдық бұл!..», - деп келетін «Әміре» атты өлеңі бала кезде «Балдырғаннан» жаттайтын: «Анаң сенің базардан, Алма сатып әкелді. Ең үлкенін, жақсысын...» деп басталатын Әнуарбек Дүйсенбиевтің әдемі өлеңін еске түсіреді екен. Жаңа кітапта баланың ұғымын, дүниетанымын жетілдіретін, әдебиет әлеміне қызықтыра жетелейтін басқа да әдемі туындылар бар. Айта кетейік, Сүлеймен Баязитов көп жылдардан бері «Сарыарқа самалы» газетіндегі балаларға арналған «Айналайын» қосымшасының тұрақты авторы. «Бала Мәшһүрдегі» бірқатар шығармалары «Айналайында» жарияланған.
Жазушының бұған дейін 18 кітабы жарық көрген-ді. Олардың арасында «Бәлду-бәлду бәрі өтірік», «Малайсары батырдың соңғы әзілі», «Жасыбай батыр» атты балаларға арналған еңбегі, «Жарылыс» романы мен «Алаш арыстары», «Ақбалық хазірет» кітаптары жұртшылық назарына ілікті.
Қазір қаламгер «Шоң» атты поэма жазу үстінде. Шығармашылық шабыт шарықтай берсін!


С.ТАУҚЫЗЫ.