«Ertis» «Оқжетпесті» ұтты

Ел чемпионатының 17-туры аясында «Еrtis» футбол командасы өз алаңында Көкшетаудың «Оқжетпесін» қабылдап, 2:1 есебімен басым түсті. Қорғаушы Урош Витастың орындауындағы дубль жерлестерімізге жеңіс сыйлады.

 

Орталық стадионда өткен кездесуде «Еrtis» сапындағы жаңа ойыншылардың екеуі ойынға алғашқы минуттан араласты. Бұл жолы қақпашы Андрей Пасеченкоға сенім артылса, Деян Георгиевич шабуыл өтінде ойнап көрді.


Құрамына аз да болса өзгеріс енген «Еrtis» аяқдопшылары кездесу бастала салысымен алға ұмтылған. Кездесудің 8-ші минутында команда капитаны Карлос Фонсека сол аяғымен қарсыластың қақпасына жойқын соққы бағыттады. Көкшетаулық қақпашы Руслан Әбжанов дер кезінде орнынан табылып, қауіптің бетін қайтарды. Артынша «Еrtis» ойыншылары бұрыштама добын орындады. Бұл жерде де «Оқжетпестің» қақпашысы шеберлігімен көзге түсіп, қақпасын голдан аман алып қалды. Ойынның 30-шы минутында қарсылас команданың ойыншысы Нұрлан Дайыров Карлос Фонсеканы шалып құлатып, төреші айып добын белгілеген. Бұл жерде Урош Витастың гол соғатын мүмкіндігі болған еді. Алайда, ол мүлт кетті. Қос тарап барынша көсіліп ойнауға тырысқанымен, үзіліске дейін есеп ашылған жоқ.


Кездесудің екінші жартысында «Еrtis» ойын тізгінін қолға алуға тырысты. Ойынның 49-минутында жерлестеріміз бұрыштама добын орындауға мүмкіндік алған. Әуелете асырылған допқа өзгелерден бұрын жеткен сұңғақ бойлы қорғаушы Урош Витас басымен соққы бағыттап, есеп ашты.


Арада 2 минут өткенде көкшетаулық шабуылшы Жасұлан Молдақараев қақпаға дәл соққы бағыттап, таразы басын теңестіріп үлгерді. Бұдан соң да командалар алма-кезек шабуылға шыққан. Ойынның 73-минутында әуелеген допқа өзгелерден бұрын иелік еткен Урош Витас тағы да баспен соққы бағыттап, есепті 2:1-ге жеткізді. Кездесудің 82-минутында «Астана» клубынан «Еrtis»-ке жуырда ғана ауысқан футболшы Сұлтан Сағынаев жасыл алаңға шықты. «Еrtis» кездесудің соңына дейін ойындағы басымдықты сақтап қалды.


- Ойын тартысты өтті. Қарсыластар да кездесуге тыңғылықты дайындалған екен. Біз де қарап қалмадық. Әсіресе, футболшыларымыз ойынның екінші бөлігінде ашылып ойнады. Біздің команда әрбір ойынды осы кездесудің екінші жартысындағыдай ойнаса, турнир кестесіндегі жағдайымыз жаман болмас еді, - деді «Еrtis» футбол клубының бас бапкері Милан Миланович.


Биылғы маусымда 18 ойын өткізген «Еrtis» 17 ұпаймен турнир кестесіндегі 9-шы орында тұр. Ал қанжығасында 18 ұпайы бар «Оқжетпес» 8-ші орынға табан тіреді.

 

Алпысбай ХОНЖ