Баспанамен қамтуға – 1,2 млрд.

Көпбалалы отбасыларды толғандыратын басты мәселе – баспана. Пәтерден пәтерге көшу, туған-туыстың үйін паналау оңай емес. Тіпті, кейде әлеуметтік төлемдер пәтер жалдау ақысынан аспай жататыны да шын. Жергілікті билік тұрғындардың осы мұң-мұқтажын ескеріп, баспана құрылысын дамытуды мықтап қолға алуда. Біздің облыстың ғана емес, бас қаланың көпбалалы отбасылары үшін де өңірде қолайлы жағдайлар жасалуда. Бұл бағытқа республикалық қазынадан 1,2 млрд. теңге бөлінді.


Елбасы Н.Назарбаевтың «Бес әлеуметтік бастамасы» Павлодар облысында сәтті жүзеге асуда. Соның айғағы – көпбалалы отбасыларды баспанамен қамту. Биыл бұл мәселенің оң шешім табуы үшін республикалық бюджеттен біздің өңірге 1,2 млрд. теңге қарастырылды. Бұған 143 пәтер сатып алынбақ. Бұл туралы облыстық құрылыс басқармасының басшысы Рүстем Раисов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.


- Осы жылы көпбалалы отбасылар үшін Екібастұз және Ақсу қалаларындағы «екінші нарықтан» пәтерлерді сатып алып жатырмыз. Талап бойынша, пәтердің жалпы аумағы кем дегенде 60 шаршы метр болуы тиіс. Ал құны 8,4 млн. теңгеден аспауы керек. Келесі жылы көпбалалы отбасыларға арналған баспаналарды жаңадан салып, қолданысқа беру жоспарланып отыр, - дейді Р.Раисов.


Мәселен, мамыр айында 57 көпбалалы отбасы Ақсу қаласы Астана көшесі, 58 мекенжайындағы пәтерлердің иесі атанды. Жыл соңына дейін мұндағы екі шағын ауданнан тағы 56 жер үй қолданысқа берілмек. Ал келесі жылы Екібастұз қаласында 14, Ақсуда 10 үйдің құрылысы басталады. Бұл пәтерлер де көпбалалы отбасыларға үлестірілетін болады. Сонымен қатар, облысымызда Нұр-Сұлтан қаласының көпбалалы отбасыларын Екібастұзға көшіруді көздейтін «Nurly Еrtіs» бағдарламасы іске асуда. Бүгінгі күнге дейін 103 отбасы, яғни 617 адам бас қаладан кеншілер шаһарына қоныс аударды.


Биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында баспаналар құрылысы мен оларға инженерлік-коммуникациялық желілерді тартуға мемлекеттік қазынадан 17 млрд. теңге қарастырылды. Қазіргі уақытта Сарыарқа шағын ауданында 8 үйдің құрылысы жүргізілуде. Тағы 2 баспананың іргетасы осы жылдың соңына дейін қаланады. Достық ауданын салуға қажет инженерлік желілер құрылысы да биыл аяқталмақ. Кейін 95 гектар жерде 7552 пәтер тұрғызылады. Жаңа және екінші нарықтағы баспаналарды «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы алуға болады. Банктің облыстық филиалының директоры Талғат Баиловтың айтуынша, осы жылдың алғашқы жартысында павлодарлықтарға 10 мыңнан астам тұрғын үй несиесі берілді. Ал «7-20-25» бағдарламасы арқылы небары 119 өтініш мақұлданды. Өкінішке қарай, бұл бағдарлама аясында берілген несиелер саны бойынша біздің облыс ел көлемінде 15-інші орында. Көрсеткіштің төмен болу себебін «Баспана» ипотекалық ұйымының Павлодар аймақтық директоры Толқын Нұрмакин былай түсіндірді:


- Бағдарламаға қатысуға 248 павлодарлық өтініш білдірді. Екінші деңгейлі банктер 119 өтініш бойынша оң шешім қабылдап, 945 млн. теңге несие берді. Көрсеткіштің өзге өңірлермен салыстырғанда төмен болуының себебі - бағдарлама талаптарына сай келетін жаңа үйлердің аздығы. Облыс орталығында тек екі компания тұрғын үй құрылысымен айналысады. Қазіргі уақытта 150 пәтер дайын. Олардың бір шаршы метрінің бағасы – 180-200 мың теңге аралығында.


Жағдайды жақсартып, көрсеткішті арттыру үшін жыл соңына дейін Сарыарқа шағын ауданында берілетін 900 пәтердің тең жартысы «7-20-25» бағдарламасы бойынша сатылымға шығарылмақ. Бұл пәтерлердің бір шаршы метрінің бағасы 140 мың теңгеден аспайтын болады. Айта кетелік, биыл облыс аумағында 326 мың шаршы метр баспананы қолданысқа тапсыру жоспарланып отыр. Былтыр 284 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген болатын.

 

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.