- Алматы Универсиадасынан алған әсерің қандай?

- Алдымен, осынау ауқымды шараны ұйымдас-тырушыларға алғысымды білдіремін. Бұл – бұдан да жоғары жарыстар алдын-дағы баспалдақ. Екіншіден, Универсиада студенттер деңгейіндегі жарыс болса да, Олимпиадаға қатысып жатқандай әсердеміз. Сайыс өте жоғары деңгейде өтті. Кілең мықтылар жиналыпты. Мәселен, Танака Киджи – Жапонияның екінші нөмірлі спортшысы. Ал Жапония спорттың бұл түрінен әлемде көш бастап тұр. Ресейлік танымал мәнерлеп сырғанаушы Артур Валерьевичтің ұлы Артур да Алматы айдынында бақ сынады. Жалпы, «Алматы Аренада» Еуропа чемпиондары және әлем біріншілігінің жүлдегерлері өнер көрсетті. Бұдан бөлек, Италия және Швеция чемпиондары бар. Бәсекелестік жоғары болды. Сайыс алдында қатты қобалжыдым. Универсиадаға қатысуым Алматыдағы дебютім десе де болады. Бұған дейін туған қаламда мұндай деңгейдегі жарыста өнер көрсетпеппін. Мақсатыма жеткеніме қуаныштымын. Бұл – маған бағынған кезекті белес.

- Туған қалаң – ару Алматы сені сағынған екен. Өнеріңді көру үшін билет таба алмай қиналған жандардың қарасы қалың болды...

- Универсиадада ең көп көрермен жиналған мәнерлеп сырғанау спорты екен. Халықтың қызығушылығы керемет. «Алматы Аренаға» келген 12 мың көрермен спортшыларға тік тұрып қолдау көрсетті. Ризамын. Жалпы, мәнерлеп сырғанаудағы алғашқы қадамымды Алматыда бастаған едім. Бірақ спорттың бұл түріне біржола бет бұрған тұста қазіргідей қызығушылық болған жоқ. Оның үстіне жаттығуға қолайлы жағдай да жасалмаған-ды. 
Қазір бәрі өзгерген. Кейін Мәскеуге ауыстым. Лос-Анджелесте 
жаттыққан кезімде спорттық мансабымдағы тарихи жетісіктерге қол жеткіздім. Бірақ Алматы маған ыстық. Ол - әрдайым жүрегімнің төрінде.

- Универсиадаға шет елден де жанкүйерлерің арнайы келген екен...

- Иә. Қытай мен Кореядан жанкүйерлерім келіп, қолдау көрсетті. Мұздағы өнерімізді «Алматы Аренадағы» мыңдаған көрерменнен бөлек, миллиондаған адам теледидар арқылы тамашалады. Мен олардың қолдауын сезіндім. Жалпы, Алматы Универсиадасына қатысу - мен үшін үлкен абырой. Туған қалаңда сынға түсу екі есе жауапкершілік жүктейді. Көпшіліктің сенімін ақтағаныма қуаныштымын. Менің басты қарсыласым – өзім. Осы жарыста өзімді жеңе білдім.

- Алда қандай ірі жарыстар күтіп тұр?

- Төрт құрлық чемпионаты мен Азия ойындарына қатысуды жоспарлап отырмын. Ал ең басты межем – Олимпиада. Алғаш рет әлем чемпионатына қатысқанда 15 жаста едім. Қазір 23-темін. Осы аралақта екі Олимпиадаға куә болдым. Бұйыртса, үшіншісінде өнер көрсеткім келеді. Бір жылдан соң Корея қабылдайды төрт жылдықтың дүбірлі додасын. Соңғы Олимпиадам сол болмақ.

- Рақмет! Жеңісті жолың үзілмесін!

 

Фархат ӘМІРЕНОВ, Алматы қаласы.

saryarka-samaly.kz