Сапалы өнім - өркендеу кепілі

Павлодар қаласында «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауы өтті. Биыл байқаудың облыстық кезеңіне 50-ден астам отандық тауар өндіруші қатысты. Оның аясында көрме ұйымдастырылып, қатысушылар өздерінің даму жетістіктерін таныстырып, өндірілетін тауарлар мен қызмет түрлерінің желісін ұсынды.

 

Павлодар облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ербол Арыновтың айтуынша, өңірімізде бәсекеге қабілетті өнімдер өте көп. Сондықтан байқау барысында өнімнің бәсекеге қабілеттілігі, экспорт үлесі, өндіріс көлемі, тұтынушылар пікірі, қолданылатын инновациялар, жергілікті қамту үлесі, сертификатталған сапа менеджменті жүйелерінің болуы ескерілді.


- Отандық тауар өндірушілерді қолдау - бүгінгі таңдағы өзекті мәселелердің бірі. Бұл бағытта өңірлерде атқарылып жатқан шаралар аз емес, оған қоса оның оң нәтижесі де жоқ емес. Павлодарлық тауар өндірушілердің көбі елімізге танымал. Соңғы жылдары жаңа технологияларды қолданатын бірқатар жаңа кәсіпорындар өз жұмысын бастады. Олар жергілікті өндірушілердің дамуына оң серпін береді деп ойлаймын, - дейді Е.Арынов.


Көрмеге жартылай дайын өнімдер, ірімшік, бал өнімдері ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өнімдері, сондай-ақ, жиһаздар, ұлттық стильдегі қолөнер бұйымдары, былғары және елтіріден тігілген сөмкелер мен қапшықтар және тағы басқа тауарлар қойылды. Жиналғандарға жергілікті тауар өндірушілер мен олардың өнімдері туралы мол ақпарат ұсынылып, келушілер өздеріне ұнаған тауарын сатып алу мүмкіндігін иеленді.


Өңірімізде ішкі нарықты қажетті өнім түрлерімен тұрақты қамтып келе жатқан компаниялардың қатары мол. Солардың бірі - «Шебер» тігін фабрикасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Аталмыш серіктестік те көрме-байқауда өз саласының үздігі атану үшін сынға түскен. Бүгінде фабрика түрлі салаға қажетті арнайы киімдер тігеді. Өнімдеріне сұраныс көп.


- Фабрикамыз облыс нарығында бірнеше жылдан бері ұлттық компаниялардың тапсырысын қабылдап, қызмет көрсетіп келеді. Жалпы, мейрамхана бизнесі, медицина және басқа да түрлі салаға қысқы және жазғы киімдер тігеміз. Тұтынушылар назарына отқа төзімді костюмнен бастап әртүрлі киім түрлері ұсынылады. Негізінен жібек, мақта, синтепон материалдары қолданылады. Алға қойған жоспарымызға сай нарыққа қажет киімдердің мол түрін ұсынатын боламыз, - дейді тігін фирмасының технологы Ерлан Уахитов.


Аталмыш байқауда «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» аталымы бойынша бақ сынағандардың бірі – «KAZ Minerals Bozshakol» ЖШС. Аталмыш кәсіпорын 2016 жылы «Үздік индустриялдық жоба» ретінде «Алтын сапа» байқауында жеңімпаз атанған болатын. Кәсіпорынның қуаттылығы жылына 30 млн. тонна мыс шығаруға жетеді. Серіктестік өкілі Инаят Тұрсыновтың айтуынша, бүгінде компания инновациялық технологиялардың арқасында жүйелі жұмыс істеп, жетістікке жетуде.


- Бізде әлемдік стандарттарға сәйкес келетін жаңа технологиялар енгізілген.


Мұндай әдіс алғаш рет осы зауытта қолданылып отыр. Қазіргі уақытта бәрі онлайн жүйеде бақыланады. Диспетчерлер барлығын қашықтықтан басқарады. Жыл сайын өнім көлемін арттыруға күш салып келеміз. Кәсіпорынға заманауи сүзгі орнаттық. Қазіргі таңда біздің өнімдер Қытай, Ресей және еліміздегі бірқатар өңірлерге жеткізіледі. Негізгі сатып алушы – Қытай елі, - дейді И.Тұрсынов.


Байқаудың қорытындысы бойынша сарапшылар республикалық деңгейде үздік отандық тауар өндірушілер байқауына қатысатын тоғыз жеңімпазды таңдап алды. Нәтижесінде, «Үздік өнеркәсіптік тауарлар» аталымына «Қазэнергокабель» АҚ, «Kaz Minerals Bozshakol» ЖШС, «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ ие болды. Ал «Халыққа арналған үздік тауарлар номинациясы» «Вектор Павлодар» ЖШС мен «Шебер» тігін фабрикасына және «Сұлтанов» ЖК-не табысталды. «Үздік азық-түлік тауарлары» аталымын «Айсберг ПВ» ЖШС, «Қызылжар-Құс» ЖШС, «Молком-Павлодар» ЖШС иеленді.

 

Мереке АМАНТАЙ