Регби алаңы ашылды

С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің стадионында

 

Регби алаңы ашылды. Соңғы жылдары спорттың бұл түріне өңір жастарының қызығушылығы артқан.


Аталған спорт түрі осы университет қабырғасында 2000-шы жылдан бері қарай жанданып келеді.


Павлодар қалалық балалар мен жастар спорт мекемесінің басшысы Еркін Макешовтің айтуынша, регби аталмыш жоғары оқу орнында ерекше сұранысқа ие. Мұнда жуынатын, киім ауыстыратын бөлме, стадион бар және басқа да қажеттіліктермен қамтылған.


- Павлодар қаласының әкімдігі мен спорт бөлімі регби алаңын ашу туралы бастама көтерді. Бұл - олимпиадалық ойындар қатарына енген спорт түрі.

 

Олимпиадалық талапқа сәйкес әр командада 7 адам 7 минуттан екі рет ойнайды. Регби - нағыз жастардың ойыны. Біздің басты мақсатымыз - 14-29 жас аралығындағы жастарды регби ойынына тарту, - дейді Еркін Макешов.


С.Торайғыров атындағы ПМУ-дің екінші курс студенті Алмас Нұрғожин бала кезінен регбимен айналысуды армандайды. Ол университет қабырғасына келгелі спорттың аталған түрімен шұғылданып жүр.


- Бұл ойынға жылдамдық пен күш керек. Мұнда бой мен салмаққа аса көңіл бөлінбейді. Адамдар допқа таласады. Бала кезімнен жылдам жүгіретінмін. Бұл спорт түрімен 16 жасымнан бері айналысамын. Жаңа алаң ашылғанына қуанып тұрмын. Енді оң нәтижелерге жететінімізге сенімім мол - дейді ол.


Ойынға арналған формалар мен құрал-жабдықтарға бюджеттен 8 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінген.


Алпысбай ХОНЖ