Еншімізде - екі бас жүлде

Жақында Бурабайда «Burabai Summer Festival» атты халықаралық балалардың жазғы фестивалі өтті. Оған Павлодар қаласына қарасты Жетекші орта мектебінің 2-3-сынып оқушылары қатысып, «Хореографиялық өнер» аталымы бойынша 2 гран-при және жүлделі I орынды еншілеп қайтты.

 

Бас жүлделер өзбек биін орындаған Назар Фариза мен «Калинка» биін жоғары деңгейде билеп шыққан «Kids» тобының жас таланттарына берілді. Ал жүлделі І орынды тағы да аталмыш би тобының мүшелері «Қарақшылар» биін орындағаны үшін алды. Мың бұралған бишілердің қатарында Найман Аиша, Тоқтар Ділдә, Назар Фариза сынды дарынды оқушылар бар екенін атап өткен жөн. Бұл балалардың барлығы «Эль би шеберханасының» би мектебінде жаттығады.


Олардың бұған дейін де жеткен жетістіктері баршылық. Мәселен, 5 жасынан бастап бимен айналысып келе жатқан Назар Фариза Павлодар қаласындағы «Твой час» халықаралық байқауының Гран-при иегері, Алматы қаласындағы «Күншуақ» халықаралық фестиваль-конкурсының I орын дипломанты
(2018 ж.), Нұр-Сұлтан қаласындағы «Аrt Premium» халықаралық фести-валінің I дәрежелі лауреаты және Павлодар қаласындағы «Grand Musik» халықаралық конкурс-фестивалінің лауреаты (2019 ж.). Сондай-ақ, ол Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Қазақстан раушандары» атты халықаралық шығармашылық
жобаның қатысушысы болды. Ал Найман Аиша мен Тоқтар Ділдә осы жылдан бастап би мектебінде жаттығуда екен. Олардың да болашағынан зор үміт күтуге болады.


Айта кетерлігі, аталмыш шараға Қазақстанның түкпір-түкпірінен 5-16 жас аралығындағы 200-ден астам биші, музыкант және әнші бала қатысып, өнерлерін сарапқа салды. Солардың арасынан суырылып шығып, талантын таныта білген жерлестерімізге алда да асар асуларың биік болсын дейміз.

 

Н.АҚЫТЕГІ.