Тамаша тарту

Түркістан облысының Арыс қаласынан 300-дей оқушы келіп, Ақсу қаласындағы және Баянауыл мен Шарбақты аудандарындағы жазғы лагерьлерге орналасқанын бұған дейін хабарлаған едік. Өткен сенбі күні павлодарлықтар алғашқы топпен келген 130 баланы «Қазақстан темір жолы» вокзалынан үйлеріне қайта шығарып салды.

 

Арыста орын алған оқиғадан кейін еліміздің барлық облыстары бір жұдырықтай жұмылып, оларға көмек көрсетіп жатқаны белгілі. Арыстықтарды қолдаудан біздің өңірдің тұрғындары мен билік өкілдері де қалыс қалған жоқ. Облыстық білім беру басқармасының бөлім басшысы Гүлнәр Ибраеваның сөзінше, алғашқы келген балалар екі апта уақыттарын Баянауыл ауданындағы «Жас дәурен» оқу-сауықтыру кешенінде өткізген.


- Арыстан келген балалардың осы екі апта уақыттары бос өткен жоқ деп ойлаймын. Себебі, олар облысымыздағы бірқатар тарихи-мәдени орындарды аралап, Ертіс-Баян өңірінің ұлы тұлғаларының өмірімен танысты. Мысалы, Мәшһүр Жүсіп кесенесіне, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың ауылына, Жасыбай батырдың зиратына жасаған саяхат оқушылардың есінде қалғаны анық. Сонымен қатар, неше түрлі танымдық бағдарламалар ұйымдастырылды. Атап айта болсақ, «Бір үйдің баласындай» деген бағдарламаға барлығы бірдей қатысып, ерекше белсенділік танытты, - дейді Гүлнәр Рахымжанқызы.


Баянауылда демалған балалар үшін сенбі күні облыс орталығында тамаша экскурсия ұйымдастырылды. Қонақтардың жартысы саяхат трамвайына отырып, қаланы араласа, жартысы Ертіс өзені жағасына барып, теплоходқа отырды. Сондай-ақ, облыс орталығында жаңа ашылған жағалауды көріп, «Қазқонақ» ескерткішін тамашалады. Біздің өңірдің барлық көрікті жерлерін көзбен көрген оқушылар да дән-риза. Өздеріне осындай тамаша демалыс сыйлаған азаматтарға және екі апта бойы жандарында болып, барлық жағдайларын жасаған ағайлары мен апайларына деген алғыстарын білдірді.


- Баянауылда өткізген 15 күннің ішінде өзімізге жаңа достар таптық. Біз бұл жақтан ойнап-күліп қана емес, керісінше, тарихи танымымызды кеңейтіп, рухани нәр алып барамыз. Яғни, біз қатарлы оқушыларды кезінде ел қорғаған батыр бабалардың, басқа да тарихи тұлғалардың басына апару — өте өнегелі іс деп білемін. Осы аз уақыт ішінде көптеген білім және өнер сайыстарында бақ сынап, өзімізді шыңдадық. Міне, бізге осындай рухани демалыс ұйымдастырған ағаларыма айтар алғысым шексіз, - дейді Арыс қаласындағы Б.Момышұлы атындағы орта мектептің 9-сынып оқушысы Рүстем Әбдіәзім.


Басқарма мамандарының сөзінше, екінші кезеңде келген 173 баланың 74-і Шарбақты ауданының «Чайка» демалыс кешеніне жіберілсе, 99 оқушы Ақсу қаласының Беловка ауылындағы «Ферроқорытпа» демалыс лагерінде демалуда.


Тілеуберді САХАБА