300 мың теңге «кешіріледі»

Бүгінгі күні көпбалалы отбасыларды тұтынушылық несиені мемлекет есебінен өтеу мәселесі аса қызықтырады. Банктен алған берешек кімге және қалай «кешіріледі»? Одан кейін мүлде несие ала алмай қалатыны қаншалықты рас? Осы және өзге сауалдарға жауап алу үшін павлодарлықтар өңірімізге келген ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының қоғамдық қабылдауына келді.

 

Дина Қабиева – төрт баланың анасы, атаулы әлеуметтік көмек алушылардың бірі, оған қоса облыс әкімдігі жанынан құрылған көпбалалы аналар кеңесінің мүшесі. Қоғамдық қабылдауға өзінің ғана емес, өзгелердің де мәселесін арқалай келіпті. Басты себеп – ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың көпбалалы отбасылардың тұтынушылық несиесін өтеуге қатысты Қаулысы.


- Бұл жайт көпшілікті қуантқаны рас. Десе де, оған байланысты көп қауесет тарап жүр. Түсініксіз тұстар да көп. Соның анық-қанығын білу үшін арнайы келдім. Мәселен, аналардың басым бөлігі «Кредит мемлекет қаржысы есебінен өтелетін болса, біз «қара тізімге» енеді екенбіз. Одан соң ипотекалық несие ала алмай қалатын түріміз бар. Бұлай болатын болса, мұндай «кешірімнің» керегі жоқ» дегенді алға тартады. Сол сияқты екіжақты мәселелер көп, - дейді Дина Қабиева.


Мәжіліс депутаты Айзада Құрманованың айтуынша, табысы күнкөріс деңгейінен төмен отбасыларға ғана несие берілмейтін болады. Ал өзгелердің банктен қарыз алуына жол ашық.


- Бүгінгі күні ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мұндай санатқа ілігуі тиіс отбасылар тізімін жасақтауда. Алдын ала мәлімет бойынша, бұл мүмкіндік 400 мыңнан астам қазақстандыққа беріледі. Басты талап – банктегі берешектің кепілсіз болуы әрі сомасы 3 млн. теңгеден аспауы. Мұндай жағдайда қарыз көлемінің 300 мың теңгесі «кешіріледі». Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 88,9 млрд. теңге қарастырылып отыр, - деді А.Құрманова.


ҚР Ұлттық банкі Павлодар филиалының директоры Баян Мергенбаеваның айтуынша, Президент ұсынған бірреттік акция аясында көпбалалы, асыраушысынан айырылған, атаулы әлеуметтік көмек алатын, мүмкіндігі шектеулі баланы тәрбиелейтін отбасылар мен ата-анасынан айырылғандар жеңілдікке ілігеді. Ол үшін банктерге барып, табалдырықты тоздырудың қажеті жоқ.


- Арнайы тізім бекітілген соң министрлік құжаттарды Несиелік бюроға жолдайды. Бұл ұйым тізімде көрсетілген азаматтардың қандай банкте, шағын қаржы ұйымында қанша сома қарызы бар екенін анықтайды. Кейін 300 мың теңгені қаржы институтының шотына аударады. Өз кезегінде банк қарыз алушыны берешектің өтелгені туралы хабардар етуі тиіс. Яғни, тұрғындарға банкке барып, құжат жинаудың еш қажеті жоқ, - дейді Б.Мергенбаева.


Қоғамдық қабылдауға келген тағы бір азамат – Боляр Рагимов ағасы Алияр Гусейновті Шалдайдағы психоневрологиялық орталыққа орналастыру бойынша көмек көрсетуді сұрады. Қазіргі уақытта кезекте 192-інші болып тұрған көрінеді.


Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Гүлнар Камалова бүгінгі күні аталмыш орталықтағы орын саны 350-ге дейін артқанын айтып, қабылдауға әзір екендіктерін білдірді.


Павлодар қаласындағы №35 мектептің мұғалімі Самал Қибатова «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасына бірқатар өзгеріс енгізуді ұсынды. 

 

- Мұндай заң қоғам үшін қажет-ақ. Десе де, назарға алатын бірнеше жайт бар. Мәселен, жобада 30 жылдық тәжірибесі бар педагогтардың зейнеткерлікке шығу мәселесі көтерілген. Ал ол әрі қарай жұмысын жалғастыра ала ма? Сол сияқты мұғалімдерді баспанамен қамту, академиялық ұтқырлық аясында шетелде білім алуын бір ізге келтіру мәселелері жетілдіріліп, нақтылана түссе жақсы болар еді, - деді С.Қибатова.


Мәжіліс депутаттары Айзада Құрманова мен Александр Суслов ұсыныстарды әріптестерімен жан-жақты талқылайтынын айтты.


Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА