«ERTIS PROMENADE» Ертісті әнмен тербеді

Өткен сенбі күні орталық жағажайдағы «Ertis Promenade» сахнасында Ресей эстрадасының жұлдызы - Иракли мен Қазақстанға белгілі әнші Луина өнер көрсетті. Ертіс жағасын әсем әнге бөлеген ерекше шоу-концертке бір мыңға жуық көрермен жиналды. 

 

Өнер сүйер қауым бұл күні Иракли әншінің орындауындағы «Вокруг земли», «Сделай шаг», «Я это ты», «Онлайн» және «Лондон-Париж» әндерін және Луинаның хитқа айналған «Қалайша», Адреналин», «Лабиринт», «Одна» туындыларын тыңдады.


Бұл жолғы тамаша өнер кешінен жергілікті өнерпаздар да шет қалған жоқ. Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияның және
«Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығының әншілері де сахнада өз өнерлерін паш етті. Сонымен қатар, 9 шілде күні болған «Ertis Promenade» кастингісінде іріктеуден өткен жас әншілер ән салып, көрерменге ерекше көңіл-күй сыйлады.


Еске сала кетейік, келесі аптада «Ertis Promenade» сахнасында қазақ эстрадасының танымал әншісі, жастардың сүйіктісіне айналған Дастан Оразбеков, Қайрат Байекенов, «Формат», және румындық «Morandi» тобы өнер көрсететін болады. Көңілді кештің куәсі болуға асығыңыздар.


Арман ҚҰСАЙЫН, Екібастұз қаласының тұрғыны:

 

- Бүгін Павлодарға қонаққа келіп едік. Достарым осында концерт көруге ертіп келді. Жанды дауыста ән тыңдап, бір серпіліп қалдық. Жиналғандардың басым бөлігі жастар екен. Тіпті, кейбірі сахнадағы әнншілермен бірге қосылып ән айтып тұр. Болашақта жиі келіп тұруға тырысамын. Әсіресе, Қазақстанның эстрада жұлдыздары жиі шақырылса деген тілегім бар.

 

Тілеуберді САХАБА