Өткен күннен бір белгі

Олар өмір сүрген заманның зобалаңы аз емес-ті. 90 жылдық тарихты артқа тастаған, кеше «Кеңес туы», «Колхоз» деп аталып, бүгінде облыстық «Сарыарқа самалы» деген әдемі қазақы атауды иеленген газеттің алғашқы буыны - аға журналистер талай аламан асырды бастан кешті.

 

Осыдан 90 жыл 6 ай бұрын – 1929 жылдың 15 ақпанында алғашқы нөмірін баспаға дайындап, жоспарлағандардың қатарында Сары Мыңбаев, Әнуар Әукенов, Базыл Исабеков, Хасанат Ысқақов, Арын Әміров деген азаматтар болған. Бұл туралы журналист, майдангер Шайым Башаров өзінің «Бірінші нөмір осылай шықты» деген мақаласында әріптестерінің еңбегі жайлы баяндаған екен. (Түсіндіре кетейік, бұл жерде Ш.Башаров бұған дейін шығып келген Павлодар аудандық басылымының негізінде ашылған облыстық «Қызыл ту« газетінің 1938 жылғы алғашқы нөмірі туралы айтып отыр).


Шайым Башаров! Бүгінгі буынның бірі білсе, бірі білмес. Аға әріптес қалдырған айғақты аманат – сарғайған газет беттеріндегі еңбектері.


Журналист Шайым Башаров 1912 жылы Баянауыл ауданындағы №14 ауылда туған екен. Еңбек жолын 1931 жылы Риддердегі комбинатта жұмысшы болып бастайды. Бұдан кейін мектепте мұғалім болады. Сергек, білімге ұмтылған жас жігіт талабымен бірден көзге түсіп, Семейге кеңестік партия мектебіне жіберіледі. Ұлы Отан соғысына дейін баспасөзде, Семейдің «Екпінді» атты газетінде әдеби қызметкер болып, еңбек етті. Павлодар өз алдына облыс болып құрылғанда комсомолдық жолдамамен осында жіберіледі. «Қызыл ту» газетінің совет-сауда бөлімінің меңгерушісі, осы басылымның Куйбышев ауданы (казіргі Ақтоғай ауданы) бойынша меншікті тілшісі, кейін Куйбышев аудандық газетінің жауапты хатшысы, кейін Баянауыл ауданы Майқайың алтын кенінде шығып тұрған көптиражды «Стахановец Майкаина» деген газет редакторының орынбасары болып еңбек етеді. Бұл қырқыншы жылдардың басы болатын.


Батыста соғыс өрті бұрқ етті. Ер-азамат ел қорғауға аттанды. Ш.Башаровқа Мемлекеттік Қорғаныс комитетінің нұсқауы бойынша Орта Азиядағы одақтас республикалардың жігіттерінен арнаулы бригада ұйымдас-тыру жөнінде тапсырма беріліп, болашақ жауынгерлерді әскери іске үйретеді. Майданға ағасы Құдайберген, інісі Рымтай да аттанады.


Өзбектің №94 бригадасында взвод командирі болып тағайындалған Шайым Башаров алдымен Ферғанада, содан кейін Мәскеуде өзбек жігіттерін алдағы ұрыстарға дайындаумен айналысты. 1942 жылдың желтоқсанында сол кездегі соғыстың ең күйіп тұрған ошағы Сталинград шайқасына жіберілді.
Кескілескен ауыр ұрыстардың бірінде оқ тиіп, ауыр жарақат алған взвод командирі госпитальға түсті. Емделіп, қайтадан майданға аттанды.


Ержүрек жауынгер тарихқа аса ірі шешуші шайқастың бірі ретінде енген Курск-Орел иініндегі 118-ші танк бригадасы құрамында автоматшылар взводының командирі болады.


Невель қаласы! Бұл арада қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметова ерлік жасап, қаза тапты. Осы қаланы азат етуде Шайым Башаров екінші рет ауыр жарақат алды. Госпитальда емделгеннен кейін тағы да майданға аттанды. Бұл 1944 жылдың көктемі – сәуір айы болатын. Жау шегініп, кеңестік әскерлердің шабуылы үдей түскен, фашис- тер басып алған қалалар мен Румыния, Болгария, Югославия елдерін азат ету жүріп жатты. Бұл Үшінші Украин майданының еншісінде еді. Сол жылдың тамыз айында атқыштар дивизиясының құрамында Румыния шекарасына аттанды.


«Бұл кезде фашистік армия өз үңгіріне қарай шегінген еді. Біз гитлершілердің жолын кесіп, олардың әскери тобын талқандау туралы бұйрық алдық, - депті бір естелігінде журналист-майдангер. – Бір төбешікке бекініп, пулемет пен минометтерімізді орнатып, жаудың жолын тостық. Екі күннен кейін жау тақап келді. Қолма-қол кескілескен айқас басталды. Осы операцияны жақсы өткізгенім үшін алғашқы жауынгерлік награда – «Қызыл Жұлдыз» орденін омырауыма тақтым».


Бұдан кейін Югославияның Белград қаласын азат ету шайқасына қатысып, көрсеткен ерлігі үшін Отан соғысының екінші дәрежелі орденімен марапатталады. Венгрияда Балатон көлі үшін болған кескілескен шайқаста екі аяғынан бірдей жараланып, Днепропетровск қаласындағы госпитальға түседі. Осы жерде неміс-фашист әскерінің түпкілікті тізе бүккені жайлы сүйінші хабарды естиді.


1945 жылы қазан айында қос балдаққа сүйеніп, елге оралды. Соғыс мүгедегі қарап отырмай, бейбіт күндегі еңбекке араласты.


Журналист-майдангер кезінде майдандағы оқиғалар жайлы естеліктерін газет беттерінде жиі жариялап тұрды. Сондай-ақ, жоғарыда айтып өткеніміздей, газеттің ең бірінші нөмірін жарыққа шығарған азаматтармен араласып, кейбірімен бірге қызмет етті. Газет тарихы туралы сүйсіне қалам тербеді. Бүгінгі журналистерді, әрине, оқырмандарды да қызықтыратыны осы тақырып. Сол естеліктерінің бірінде газеттің алғашқы тарихи нөмірін шығару жайында былай депті:


«Алғашқы нөмірді шығару қиынның қиыны еді. Бірнеше шығармашылық қызметкер аздық етті. Олар әлі облыстың елдімекендерін аралап үлгермеген-ді. Сондықтан жағдайды біле бермейтін. Хаттардың түсуі де сараң еді. Қызмет орындары да қолайсыз, тар болатын. Хат тіркеушіден бастап редакторға дейін қызметкерлердің бәрі бір бөлмеде отыратын. Алғашқыда редакцияда ешқандай көлік болмады. Бүкіл редакцияда бір телефон болса, оның өзі бірде істеп, енді бірде үнсіз қалатын.


Бұрын аудандық «Колхоз» газетін шығарып келген баспахана облыстық басылымды шығаруға келгенде қайраңдап қалды. Полиграфиялық база әлсіздігін көрсетіп алды. Әріп қолмен терілетін. Әр әріптің, сөздер мен сөйлемдердің арасын құралдармен қолмен қосып, ажыратып отырдық. Бұл көп уақыт алатын үлкен бейнет еді. Әріп терушілер мен газет басушылар жетпеді. Міне, осындай қиындықтарға қарамастан біздер газетті шығаруға атсалыстық. Келе-келе тәжірибелі журналистер қатары артты. Авторлар өрісі кеңейді. Баспаханада жаңа құрал-жабдықтар пайда болды...».


«Көш жүре түзеледі» демекші, «Сарыарқа самалы» газетінің ұжымы о баста осындай ахуалды бастан кешкен екен. Алайда, сол кездегі аға толқынның аянбай еңбек етуі, қазақ тіліндегі басылымды елге танытудағы талпыныстары жемісті болды. Олар біздің облысымыздағы алғашқы қарлығаш журналистер еді. Солардың қатарында біз тілге тиек еткен Шайым Башаровтың да үлесі аз емес-ті. Аймағымыздағы


80 жылдық тарихы бар Ақтоғай ауданының «Ауыл тынысы» (ол кездегі «Социалистік еңбек») газетінің аяғынан қаз тұрып, қатарға қосылып, жұртшылыққа кең тарауына да ұйытқы бола білді. Газет шығару ісіндегі мамандар жетіспеуінен бастап, құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, баспахана, әріп теру, қазақ қарпі бар машинкалардың тапшылығы, қолмен атқару секілді ауыртпашылықтарды жеңе білді. 

 

Шайым Башаров журналистика саласында да, басқа да бірнеше жауапты қызметтер атқаруда құрметке бөленді. Майқайың кентінде кәсіподақ ұйымының төрағасы болды. Одан кейін Ақтоғай (ол кездегі Краснокутск) аудандық «Социалистік еңбек» газетінің редакторы болды.


Тың және тыңайған жерлерді игерудегі белсенді қызметі үшін «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. Үш бірдей орденнің иесі атанды.


Биылғы ақпанда облыстық «Сарыарқа самалы» газетіне 90 жыл толды. 10 жылы кем бір ғасыр! Осы уақыт аралығында редакцияда еңбек еткендердің қай-қайсысының болса да ескірмейтін естеліктері, жазбалары үлкен ғибрат, мақтаныш, әрине, тарих!


Шайым Башаров «Бірінші номер осылай шықты» деген мақаласында тағы да былай дейді:


«... Газет шығаруда қиындықтар көп болды. Негізгі әріптер, ірі бас әріптер жетіспей жатты. Логотип, тағы басқа да техникалық құрал-жабдықтар атымен болмады. Міне, осындай қиындыққа қарамастан «Қызыл ту» газетінің алғашқы номерін шығарып та үлгердік. «Қызыл ту» газеті арнаулы журналистік білімі, тәжірибесі бар кадрлармен толыға бастады. Арада төрт-бес ай өтісімен Қазақстан журналистер институтын бітірген Бекен Байсағұлов, Қаби Көпбаев, Қарағанды облыстық газетінен комсомолдық жолдамамен Әбдіш Баймұрзин келіп қосылды.


...Сонымен «Қызыл ту» жаңадан құрылған облыстың экономикасы мен мәдениетін, халық шаурашылығының барлық саласын жедел қарқынмен өркендету жолындағы күресте партия, совет органдарының сенімді қолғанаты бола бастаған-ды».


Жақсы естелік! Бұл да - газеттің қалыптасу кезеңінің – әуелдегі кембағал, мехнатты тірлігінің бір ғана үзігі.


Шайым Башаров жұбайы Мәкеш Нұрғазықызымен жеті бала тәрбиелеп өсірді. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырды.


Мәкеш апай 1985 жылы қайтыс болды.


Майдангер, газет ардагері Шайым Башаров 1990 жылы 80 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Павлодар қаласына қарасты Мойылды зиратында жерленді.


Сая МОЛДАЙЫП