Табыс артса, тұрмыс түзеледі

Аймағымыздың алғашқы жартыжылдықта жеткен жетістігі жетерлік. Экономикалық және әлеуметтік салаларда айтарлықтай ілгерілеушілік байқалды. Мәселен, өңірдегі өндіріс орындары шығаратын өнім көлемі едәуір көбейіп, соның есебінен бюджетке түсетін қаржы көлемі ұлғайды, экспорттық әлеует артты. Тұрғындардың білім алуы, денсаулығын жақсартуы мен тиісті әлеуметтік төлемдердің уақытылы берілуі де күн тәртібінен түскен емес. Көптеген көрсеткіш бойынша елімізде көш бастап тұрмыз. Десе де, жетілдіретін тұстар, аудан-қала әкімдері назарға алуы тиіс мәселелер аз емес.

 

Бюджеттің әр теңгесі маңызды


Бұрнағы күні өткен облыстық мәслихаттың кезектен тыс ХХХІІІ сессиясына ҚР Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімі меңгерушісінің орынбасары Расул Оразғұлов, облыс әкімі Болат Бақауов, аудан-қалалар әкімдері мен басқарма басшылары қатысты.


Аймақ басшысы Болат Бақауов халық қалаулылары алдында алғашқы жартыжылдықта атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді. Облыс әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен кеңейтілген мәжілісте айтылған әр мәселе жергілікті басшылардың басты назарында болуы тиіс екенін айтты. Бұл ретте қазына қаржысын тиімді пайдалану мәселесі өзекті болып тұр. Биыл облыстық бюджет 252 млрд. теңгені құрады. Өткен алты айдың қорытындысы бойынша, қазынаға 137 млрд. теңге түсті, оның 80,5 млрд. теңгесі республикалық бюджетке жіберіледі. Осы жылы үш жылдық бюджеттің мерзімі аяқталады. Енді аудан-қала әкімдері алдағы үш жылға қаражатты жоспарлау жұмысын жүйелі жүргізу керек. Өкінішке қарай, бұл бағытта басшылардың немқұрайлығы байқалады. Мәселен, облыстық денсаулық сақтау басқармасы құны 4,7 млрд. теңге болатын құралды сатып алуға мемлекеттік конкурс жариялаған. Ал бюджетте қарастырылған қаржы – 2,3 млрд. теңге. Осылайша, бюджеттік заңнама бұзылып, конкурс тоқтатылды. Соның салдарынан медициналық мекемелер қажетті құралсыз қызмет көрсетуге мәжбүр. Ал Ақсу қаласы мен Баянауыл ауданының әкімдігі кітаптарды сатып алуға қаржы қарастырмаған. Есесіне қызметтік үйлерді жөндеуді ұмытпапты. Май ауданындағы жағдай тіпті қиын. Көктөбе ауылындағы магистральді құбырдың ұзындығы небары 14 шақырым болған, іс жүзінде 24 шақырым салынуы тиіс еді. Сол сияқты су құбырын 400 үйге тарту үшін ғана қаржы жоспарланыпты. Негізінде 1083 үй қамтылуы қажет болатын. Осылайша, сапасыз жобалау салдарынан бюджеттен қосымша қаржы қарастыруға тура келіп отыр. Көктөбе ауылының тұрғындарын сапалы ауызсумен қамту үшін тағы 300 млн. теңге керек.


- Осы іспетті жүйесіз жұмыстардың соңы жақсылыққа апармайды. Сондықтан бюджеттің әр теңгесі дұрыс жоспарланып, тиімді жұмсалуы тиіс. Бұл ретте мен имидждік жобаларды қоғамдық кеңес мүшелерімен, облыстық мәслихат депутаттарымен талқылау дұрыс деп ойлаймын. Мәселен, Павлодар қаласында концерттік зал салуға қатысты жоба әзір. Ал ол бізге керек пе? Мұны халық қалаулыларымен ақылдаса отырып шешуіміз керек, - деді Б.Бақауов.


Өндіріс өрледі


Жыл басынан бері өңірдің өндіріс орындары 969 млрд. теңгенің өнімін шығарды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9 млрд. теңгеге көп. Индустрияландыру картасының аясында жалпы құны 55,4 млрд. теңге болатын 3 жоба жүзеге асырылуда. Осы орайда «Павлодар» арнайы экономикалық аймағының дами түскенін атап өту керек. Қазір мұнда құны 191 млрд. теңге болатын 19 жоба бойынша жұмыстар жүргізілуде. Оның жетеуі жыл соңына дейін іске қосылады. «Павлодарда» 30 түрлі өнім дайындалып, оның 16-сы экспортқа жөнелтіледі.


Шағын және орта бизнестің дамуына да барлық жағдай жасалуда. Соның бір мысалы – салықтық амнис-тия. Мұндай мүмкіндік павлодарлық 3200 кәсіпкерге беріліп отыр. Олардың салық бойынша 11,7 млрд. теңге қарызы «кешірілді».


Жақында қолға алынған қарапайым заттар экономикасы бағдарламасы да кәсіп аясын кеңейтуге тың серпін беруі тиіс. Сараптама жұмыстарына сүйенсек, мемлекеттік сатып алулар кезінде тауар жеткізетін 4500 компанияның тек 1345-і жергілікті кәсіпкерлер. Бұл көрсеткішті арттырып, дүкен сөрелеріндегі импорттық өнімдерді ығыстыру үшін аудан-қала әкімдері мен басқарма басшыларына мемлекеттік сатып алулар кезінде жергілікті үлесті жыл сайын 20 пайызға дейін өсіру жүктелді.


- Бизнесті дамытудағы өзекті мәселе – мемлекеттік бағдарлама аясында ашылған нысандардың нәтижесіз болуы. Мысалы, «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы бойынша инженерлік-коммуникациялық желілерді тартуға республикалық бюджеттен миллиардтаған қаржы жұмсалады. Ал жобалар толық қуаттылықта жұмыс істемейді. Бұл, әсіресе, «Агросервис-Кереку», «Дәнекер», «Ақтоғай-Агро», «Заря», «Аңдас» сынды шаруа қожалықтарына қатысты. Сонымен қатар, кәсіпкерлікті қолдау үшін мемлекеттік гранттар мен жеңілдетілген несиелер беріледі, ал іс жүзінде бизнес дамымайды. Жеке кәсіпкерлік ашады, бірақ есеп бермейді, табыс түспейді, тіпті жұмысын тоқтатады. Сәйкесінше, жаңа жұмыс орындары да ашылмайды, - деді Б.Бақауов.


Ауыл – ел бесігі


Аймақ басшысы елді мекендерді дамыту бағытында қолға алынып жатқан мәселелерді де атап өтті. Байқағанымыздай, ауылдықтарды жер мәселесі толғандырады. Өкінішке қарай, иен даланың басым бөлігі игерілмей жатыр. Жыл басында ауыл шаруашылығы мақсатындағы 471,4 мың гектар жер игерусіз болса, оның 140 мың гектары жер қорына қайтарылыпты. Ал 93,5 мың гектар жер банктерде кепілдікте тұр. Тағы 183,6 мың гектар аумақта шаруа- лар жұмысын жүргізе бастады. Бұл ретте Б.Бақауов жерді жалға алып, бірақ ешқандай істі бастамаған шаруаларға салынатын 10 есе көлеміндегі салықтың мәселені шешпей тұрғанын айтты. Сондықтан бұл көлемді арттыру немесе басқа да амалдарын қарастыру қажет деген ұсынысты ортаға салды.


Ауылдықтарды алаңдататын тағы бір мәселе – таза ауызсу. Қазіргі кезде жалпы құны 13,9 млрд. теңге болатын 53 жоба бойынша жұмыстар жүргізілуде. Оның 36-сы биыл қолданысқа беріліп, 30 мыңнан астам тұрғын таза ауызсуды пайдаланатын болады. Осылайша, қолжетімділік көрсеткіші 29 пайыздан 40 пайызға дейін артады. Ал келесі жылы 30 жобаны бастау үшін республикалық бюджеттен 9,8 млрд. теңге қарастырылды. Тағы 15 жобаға қажет 11 млрд. теңгені бөлу мәселесі тиісті министрліктердің қарауына ұсынылды. Егер бұл жобалар қолдау тапса, сумен қамту көрсеткіші 54,1 пайызға жетеді. Сонымен қатар, алдағы үш жыл аралығында 200 адамнан аз тұрғыны бар 90 шағын ауылда кешенді-блок модуль орнатылады.


Ауылдағы ағайынды қуантар тағы бір жаңалық – Елбасының «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы аясында 4 аудан орталығында әлеуметтік нысандарды, инженерлік және көліктік инфрақұрылымдарды жөндеуге бағытталған 25 жоба іске асады. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 1,4 млрд. теңге, облыстық қазынадан 154,4 млн. теңге қарастырылып отыр. Келесі жылы бағдарлама қамтитын елді мекендер саны көбейеді. Сондықтан, аудан әкімдері қазірден-ақ жобаларды жүйелеп, ұсынуы тиіс.


52 млрд. теңге бөлінді


Облыс тұрғындарының әлеуметтік мәселесін шешу үшін мемлекеттік қазынадан 52 млрд. теңгеден астам қаржы қарастырылды. Сәуір айынан бастап атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны артты. Жыл басында мұндай төлем 1176 отбасыға берілсе, жаңа форматқа сәйкес олардың саны 5919 отбасыға жетті. Сөйтіп, әуелде жоспарланған 1,6 млрд. теңгеге қосымша 3,3 млрд. теңге қаржы қажет екені анықталды.


Балаларға тәрбие мен білім беру ісі де назардан тыс қалған жоқ. Қазіргі кезде облыстағы 34 оқу орнында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңына дейін Павлодар қаласында екі балабақша, Екібастұз қаласына қарасты Солнечный кентінде мектеп қолданысқа беріледі. Сондай-ақ, Павлодар қаласында онкологиялық орталықтың құрылысы аяқталады. Жалпы, медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын жақсартуға 4,2 млн. теңге бөлінді. Денсаулық саласындағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобалары бойынша біздің облыс республикада екінші орында тұр. Десе де, күрмеулі мәселелер де бар. Мәселен, бүгінде учаскелік дәрігерлер 2500 тұрғынға ем-дом жасайды. Ал талап бойынша олардың саны 1700-ден аспауы тиіс. Осы орайда аймақ басшысы өзінің орынбасары Асхат Ораловқа білікті кадрларды тарту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізуді тапсырды. Денсаулық, білім, құқық қорғау саласындағы мамандар санын арттыру, әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында оларға баспана алу үшін сертификаттар беру жоспарланып отыр.


Б.Бақауов есеп соңында алда зор міндеттердің күтіп тұрғанын айтып, олардың негізгі алтауын белгіледі. Олардың қатарында макроэкономикалық көрсеткіштердің тұрақтылығын сақтау, барлық мемлекеттік бағдарламаны тиімді жүзеге асыру, инвестициялар тарту, тұрғындардың өмір сапасын жақсарту, әкімдердің аудан-қалаларды дамытуы, құрылысы жүріп жатқан барлық нысанның уақытылы тапсырылуы бағытындағы мәселелер бар.


Депутаттарды не мазалайды?


Аймақ басшысының есебін мұқият тыңдаған депутаттар сайлаушыларды толғандыратын сауалдарды жолдап, өзекті мәселелерді ортаға салды. Мәселен, Қабылқақ Қапенов бірқатар әлеуметтік салада теріс көрсеткіштердің орын алғанын айтты.


- Өңірде туу көрсеткіші 3,9 пайызға төмендеп, сәбилер өлімі 20 пайызға өсті. Оған қоса, АИВ (адамның иммундық тапшылық вирусы) сырқатына шалдыққандар саны 9,9 пайызға, қатерлі ісік дерті 10,4 пайызға артқан. Жыл басынан бері 4337 қылмыс тіркеліп, оның небары 1930-ының беті ашылды, ал ауыр және аса ауыр қылмыс болып саналатын 14,6 пайыз құқықбұзушылық бойынша кінәлілер анықталған жоқ. Білім беруге қатысты да түйткілдер бар. Айталық, материалдық-техни-калық базаны жақсартып, қажетті құралдарды сатып алуға қаржы жеткіліксіз. Мемлекеттік бағдарлама аясында қайта оқытудан өткен 201 адамның тек 56-сы тұрақты жұмыспен қамтылды. Жастар тәжірибесінен жоспар бойынша 160 адам өтуі керек болса, 93-і ғана жіберілді. Мұндай көрсеткіштер өңірдің тұтастай дамуына кері әсерін тигізеді деп ойлаймын, - деді Қ.Қапенов.


Аймақ басшысы әр мәселені «Нұр Отан» партиясы фракциясының отырысында талқылауды ұсынды. «Сіздің баяндамаңыз бен менің қолымда бар мәліметтер арасында айтарлықтай айырмашылық бар екенін байқап отырмын» деді Б.Бақауов.


Ал депутат Александр Терентьев электр энергиясын пайдаланғаны үшін бұрынғыдай түнгі тарифті енгізу қажет деген пікірін білдірді.


- Ауылдағы тұрғындардың көбі үйге су тартты, оны жылытатын қондырғыларды орнатты, электронды пештерді қойды. Оның барлығы жарықпен жұмыс істейді. Ал тарифтің қымбаттығы тұтынушылардың қалтасына салмақ салады. Сондықтан, монополистермен келісе отырып, түнгі тарифті қайта енгізген дұрыс деп ойлаймын, - деді А.Терентьев.


- Бұл мәселе өзекті. Мен де түнгі тарифтің болғанын қалаймын. Былтыр бастамашы ретінде ҚР Энергетика министрлігіне хат та жолдадық. Бірақ, министрлік тарифтің бұл түрі тиімсіз екенін алға тартып, дифференциалды тариф болмайтынын хабарлады, - деп жауап берді Б.Бақауов.


Сонымен қатар, депутаттар Сарыарқа, Достық шағын аудандарының, колледждер мен жоғары оқу орындары жатақханаларының құрылысына қатысты сұрақтар қойды.


- Алюминстройдағы №29 үйде тұратын 2 отбасы көшуге түбегейлі қарсы. Сондықтан, жарты жыл бұрын мемлекеттік конкурстың нәтижесі шықса да құрылыс тоқтап тұр. Достық шағын ауданын салуға республикалық бюджеттен 1,6 млрд. теңге бөлінеді. Әйтсе де, бұл – өте аз. Сол себепті жеке құрылыс компанияларын тартуды ойластырып отырмыз. Биыл Ақсудағы қара металлургия колледжі мен Павлодар қаласындағы көлік және коммуникация колледждерінің жатақханалары салынады. С.Торайғыров атындағы ПМУ мен ПМПУ да студенттер үйінің құрылысын бастауға ниетті. Екібастұз қаласында отын-энергетикалық кешен мамандарын оқытатын оқу орталығының құрылысын аяқтап, ERG компаниясының басқаруына береміз, - деді облыс әкімі.


Әдепке жатпайды


Жиын барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының облыстық департаментінің басшысы Айдар Тастеміров жемқорлықпен қарсы күрес аясында атқарылған шараларға тоқталды. Айтуынша, биыл ауыл шаруашылығы, жер, салық, әлеуметтік қорғау және тағы бірнеше салада 64 қылмыс тіркелді. Олардың қатарында 8 адам – облыстық деңгейдегі басшылар. Сонымен қатар, шағын және орта бизнестің дамуына кедергі келтіру бойынша 14 қылмыстың жолы кесілді.


- Өкінішке қарай, мемлекеттік қызметшіге жат әрекетке баратын басшылар бар. Мәселен, таяуда Успен ауданы әкімінің орынбасары өзінің қол астындағы қызметкермен бірге ішімдік ішіп, әкімшілік жауапкершілік қарастырылған қылмыс жасады. Сол үшін қызметінен босатылды. Аққулы ауданындағы шенеунік бірнеше әріптесімен бірге өз кабинетінде адамды соққының астына алған. Қазіргі кезде аталмыш іске қатысты шаралар жүргізілуде. Павлодар қаласы әкімдігінің қымбат үй мен жиһаз алуға деген «құмарлығын» жұртшылық жақсы біледі. Мемлекеттік қызметшілер мұндай іске бармай, бюджеттің қаржысы мен мемлекеттің мүлкін тиімді пайдалануды ойлап, қымбат сыйлықтар мен кең кабинеттерден бас тартуы керек, - деді А.Тастеміров.

 

Сессия отырысы соңында халық қалаулылары облыстың экономикалық-әлеуметтік көрсеткіштері тұтастай алғанда оң екенін айтып, облыс әкімінің есебін бірауыздан мақұлдады.

 

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА