Абайды ұлықтау - ұлт мерейі

Жақында «Сарыарқа самалы» газетінің 4 шілде күні жарық көрген нөмірінде «Абай көшесі неге аянышты халде?» атты мақала жарияланды. Онда облыс орталығындағы Абай көшесіндегі келеңсіздіктер туралы мәселе көтерілген еді. Өте орынды тақырып. Шынымен, Абай көшесінің бүгінгі жағдайы жанға батады. Өзі үзік-үзік. Қай жерден басталып, қай тұстан аяқталатынын біле бермейсің. Ұлы ақынға кең әрі толық бір көшені қимай отырғанымыз қынжылтады. Бұл түйткілді талайдан бері айтып келеміз. Қазақ хандығының 550 жылдығы тойланғанда көптің алдында сөз алып, осы мәселені көтерген болатынмын.

 

Кеңес өкіметін қимай жүрміз бе?


Павлодар көшелерін асықпай аралаған жан бұл қала келмеске кеткен кеңес өкіметін әлі қимай жүр ме деген ойда қалары хақ. Әйтпесе лениншілдер әлі салтанат құрып тұрмас еді. Мәні кеткен көшелердің әлі күнге өзгеріссіз тұрғаны қаныңды қайнатады. Күнделікті тілімізге ғана емес, өмірімізге еніп үлгерген орыстанған көше аттары тіл мәселесінің үлкен бір тармағы болып тұр. Бұл тағы бір мәселе. Қазақтың дара тұлғаларына Крупская, Короленко, Ермак, Киров, Карл Маркс, Кузнецкая, Кубаньская деген көшелерді де қимай отырмыз. Айта берсек, бұл тізімге көптеген көше кіреді. Біз осы қаншанғы жалтақтай береміз?! Бұл жерде бүкіл көше қазақылануы керек деген жалаң ұлтшылдық ұран көтеріп отырғанымыз жоқ. Адамзатқа ортақ Пушкин сынды ақындар әрине, керек. Ал қазаққа опа салмаған кейбір адамдардың тәуелсіздік тұсында да «тағынан таймай тұрғаны» ойланарлық жайт емес пе?!


Көше – әрбір елді мекеннің келбеті, тәрбие ордасы. Ал сол күнделікті ары-бері жүретін көшелеріміз кім көрінгеннің атымен аталып жүр. Тарихи атауын қайтара алмай жүрген Павлодар қаласының ішкі жағдайы мүлдем мүшкіл. 368 ұзынды-қысқалы көшелердің тек 10 пайызы ғана қазақшаға аударылған. Ал қалғандары кеңестік саясаттың көлеңкесі десе де болады. Павлодарлықтар Тәуелсіздіктің нышаны түгіл, иісі де сезілмейтін көшелерде тұрып жатыр. Мәселен, Геринг көшесі бар. Бәрі біледі. Қаладағы ең ұзын көшелердің бірі. Бізге Геринг керек пе, Әуезов керек пе?


Әуезов көшесі қайда?


Павлодар қаласында Мұхтар Әуезов атындағы көше бар. Бірақ, оның қайда екенін ешкім де білмейді. Қазақ даласына Абайдай алып тұлғаны Тәңірі халқымыздың бағына тудырды. Ал Абайды танытқан кім? Абайды әлем Мұхтар Әуезовтің романы арқылы таныды. Әлемге таныту арқылы қазақты дүниеге әйгілеп кеткен Мұхтар Әуезовтің аруағы алдында басымызды иіп, тағзым етуіміз керек еді. Бірақ, біз қолда бар алтынды бағалай алмай отырмыз. Өйткені, Әуезов көшесі шетте қалды. Сонда, артында ұшан- теңіз мұра қалдырған, ұлттың ойшыл ұлына көрсеткен сыйымыз, құрметіміз қаланың қиыр шетіндегі көше болды ма? Абайдың сара жолын жалғаған саңлаққа Абай көшесімен қиылысатын бір көшені қимағанымыз өкінішті. Абай деп бар әлемге қазақты танытқан ардақтының тәуелсіз Павлодарға қадірі болмағаны қынжылтады.


Мүткенов атындағы көше бар. Оның да қайда жатқанын ешкім білмейді. Әйтеуір, қала шетіндегі елеусіз көшелердің бәрі қазақтың «еншісінде». Егер барын бағалай білетін жұрт болса, аталған тұлғаларды әлдеқашан даңқ тұғырына қондырып, қаланың қақ ортасынан қасқайтып тұрып ескерткішін орнатып, лайықты деген көшеге атауын берер еді.


Рухани жаңғырдық


Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласының көшелері 94 пайызға ауысқан. Бір шежіре. Көшелердің атауы қазақ халқының ұлан-байтақ жерінен, ғасырлар қойнауына кеткен тарихынан, ерекше далалық мәдениетінен, халық жадында ізі қалған белгілі тұлғаларынан мол ақпарат береді. Тәуелсіз мемлекеттің астанасы солай болуы да керек, себебі елорда қазақ елінің жүрегі, ақылы және тарихи санасы емес пе?! Қазіргі астанамыздың көшелері мен алаңдары қазақ тарихы мен мәдениетінің көрнекті оқулығы сияқты. Бұрынғы Коммунистический, Социалистический, Инициативный, Перспективный, Угольный, Дорожный, Суворов, Герцен сияқты не ұлтқа, не осы аймақ тарихына еш байланысы жоқ атаулар ұмытыла бастады. Бұл да бір - қуаныш. Мақтаныш!


Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында бүкіл қазақ елі рухани жаңғырды. Әр өңір ұлттың ұпайын түгендеу жолында аттан түскен жоқ. Біздің өңір де қал-қадірінше қарекет қылды. Екібастұзда Ленин көшесін Мәшһүр Жүсіп көшесі қылып ауыстырды. 2017 жылды облысымыз еңсе тіктер ерекше қуанышпен түйіндеді. Ленин көшесіне Астананың атын алып берді. Жеткіншек ұрпақ Астанасында алшаңдай басады деген сөз. Дегенмен, өңіріміз басқа көшелерге келгенде доңыз айбатын сыртына салып шыға келетіні көңілге кірбің түсіреді.


Ономастикаға өзгеріс керек!


Көше атауын өзгерту туралы мәселе көтеріле бастаса біздегілер мораторий жариялайды. Осы күні рухани қазынадан мақұрым қалғандар саны көбейіп бара жатқан секілді көрінеді маған. Әрине, байлық керек, бірақ сол байлық рухани дүниеге, парасатқа, кісілікке қызмет етсе, халыққа пайдасын тигізсе, отбасыңнан бастап Отаныңа сүйеу болса қайтер еді?! Оны ойлап жатқан ешкім жоқ. Мораторий тиісті тұста жариялануы керек. Алматыда 34 Әуезов, 24 Абай көшесі бар.

 

Бұдан бөлек, Жамбыл Жабаев атындағы 25 көше бар. Оның кейбірі Жамбыл деп аталса, енді бірі Жамбыл Жабаев деп аталады. Мораторий осындай атауларға керек. Жалпы, біздегі ономастиканың өзіне жаңа өзгеріс қажет. Қазақстан Республикасы Үкіметінің ономастика туралы қаулысы 2013 жылы қабылданған. Одан бері қаншама уақыт өтті. Соңғы 6 жыл бойы ономастикаға еш өзгеріс енгізілген жоқ. Еліміздегі ономастикалық мәселелерді жөнге салуда бұл құжаттың бағдары маңызды. Алайда, осы құжаттағы айқындалған міндеттердің орындалуын нақты түрде қолға алатын мезгіл жетті. Өйтпейінше, бұл тұжырымдама декларациялық сипаттан арыға баратын емес. Ономостика комиссиясының құрамында облыс әкімдері болуы қажет. Олар республикалық деңгейде мәселе көтере алатындай деңгейге жетуі қажет. Облысымыздағы ономастика жылына тек бір рет қана бас қосады. Неге? Олар мәселе көтерілген сайын шешім қабылдап, нәтиже шығаруы қажет емес пе?! Естеріңізде болса, қазақ халқының әлемдік деңгейдегі әйгілі ғалымы, Қазақ КСР Ғылым Академиясының тұңғыш президенті Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың 90 жылдық, 100 жылдық мерейтойлары қарсаңында оның есімін Павлодардың орталық көшесіне беруге қалалық мәслихаттың сол кездегі депутаттары қарсы болған еді. Әлем таныған ғалымның есімін беруді айналдырған жиырма бес депутаттың еншісіне беріп қойды. Тек 2001 жылы Дзержинский атындағы көшені академик Сәтбаевтың атына ауыстырудың сәті түсті. Бұл күнге 6 жыл дегенде әзер жеттік.

 

Тағы бір айтарым, Абай Құнанбайұлы, Мұхтар Әуезов, Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің есімін ономостикалық комиссия отырысында қарамай-ақ қала көшелеріне қою керек. Бізде ондайды айтатын адам жоқ. Біздің депутаттар қайда? Академиктер қайда? Ғалымдар қайда? Рас, ономастика – бүгінде идеологияны жүзеге асырудың бір тармағы. Ендеше облыстағы идеология саласымен айналысатын азаматтар қайда қарап отыр? Елбасының бағдарламасы аясында осындай игі істерді неге жүзеге асырмасқа?! Қаланың көптеген көшесіне осындай күш керек боп тұр. Тек ақсақ қойдың аяғындай сылбыр жұмыстың жүйесіне тоқталып отырмыз.


Қазақстанның өзінде қанша қалада Абайдың ескерткіші орнатылған, Абай атындағы мекемелердің, Абай көшелерінің саны қанша екенін ешкім айта алмайды. Абайдың есімін лайықты көшеге бере алмай, оған бір ескерткіш орната алмай отырғанымыз намысымды қайрайды. Менің ойымша, Ұлы Абай мен Мұхтар Әуезовтің есімін қиылыса жатқан көрнекті көшелердің біріне беру қажет. Мәселен, облыс орталығындағы Лермонтов пен Короленко көшелеріне осы тұлғалардың есімін берсек, нұр үстіне нұр болар еді.


Елбасының «Рухани жаңғыру» мақа-ласынан кейін қазақ даласында сең жүрді. Туған жердің тұлғаларын тану, қасиетті мекенді айшықтап, атын аспандату – осы бағдарламаның басты мұраты. Олай болса, Елбасы бастамасына облыстың атқамінерлері үн қосып, қарекет қылып, Абайдың мерейтойы қарсаңында айшықты істер атқарады деген үміттеміз.


Әби САРҚЫНШАҚОВ, «ҚТЖ» ҰК» АҚ Консультативтік кеңес мүшесі, Құрметті теміржолшы.