«Айбын» жастарды шыңдайды

Қазақстан халқы Ассамблеясының Павлодар облыстық филиалы жанынан «Айбын» әскери-патриоттық клубы ашылып, өз жұмысын бастады. Бұл ұйым болашақта жастарға арналған түрлі әскери-патриоттық шараларын ұйымдастыратын болады.


Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Айнұр Сәрсенбаеваның сөзінше, өңірлік Ассамблея құрамында 24 этномәдени бірлестік бар. Мұнда өзге ұлт өкілдерінің тілі мен дәстүрін дамытуға және жастар санасына елдік, патриоттық ұғымын сіңіру бағытында көп жұмыс атқарылуда.


- Міне, бүгін қатарымызға тағы бір жас қоғамдық ұйым қосылып отыр. Бұл жастарға рухани тәрбие беруде және елге, жерге деген сүйіспеншілігін арттыруға мол үлес қосады деп сенеміз. Себебі, жастар Отан қорғаудың қаншалықты маңызды екенін қазірден бастап сезінуі тиіс. «Айбын» осы бағытта жұмыс жүргізетін болады. Жалпы, біз жастардың кез келген ұсынысына қолдау білдіріп, олардың ой-пікірімен санасуға дайынбыз, - деді Айнұр Мақсұтқызы.


«Әскери-патриоттық тәрбие қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Олег Николашин өз сөзінде болашақта әскери тәрбие беру жұмысымен айналысатын басқа да облыстық ұйымдардың арасынан сараптамалық кеңес құруды ұсынды. Мұнда қорғаныс істері жөніндегі департаменттің, ішкі істер органдарының, прокуратураның және барлық әскери бөлімдердің сарапшылары бірлесіп жұмыс істейтін болады. Шара соңында Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық филиалы мен «Айбын» әскери клубының арасында меморандумға қол қойылды.


Т.МАРХАБА.