Оң нәтиже баршылық

Павлодар қаласы - еліміздегі ірі индустриялық аймақ-тардың бірі. Соңғы уақытта мұнда инвестициялық әлеует артып, шағын және орта бизнесті дамыту оң жолға қойылды. Әлеуметтік мәселелер де шешімін тауып келеді. Бұл туралы шаһар басшысы Қайрат Нүкеновтің қалалық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында есеп беру барысында айтылды.

 

Шаһар басшысы жарты жылдықта атқарылған істерді түйіндеп, алдағы уақытқа белгіленген шаралармен таныстырды. Айтуынша, барлық дерлік салада ілгерілеушілік байқалады. Алдағы уақытта да жетістіктерді еселей түсу әрі мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру мақсатында ауқымды жұмыс атқарылмақ.


Павлодар - өндірісі өркен жайған өрісті шаһар. Биыл жыл басынан бері облыс орталығындағы өнеркәсіп орындары 387,6 млрд. теңгенің өнімі өндіріп, физикалық көлем индексі 97,4 пайызға жеткен.


Қайрат Нүкеновтің айтуынша, әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі аспектілерінің бірі - инвестициялар тарту мәселесі. Сондықтан облыс орталығында инвестициялық саясат сәтті жүзеге асырылуда. Нәтижесінде негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 38,2 млрд. теңгені құраған.


Бұдан бөлек, өндіріс көлемін арттыруды қамтамасыз ету мақсатында «Павлодар» арнайы экономикалық аймағында жүйелі жұмыстар қолға алынған. 2011 жылы жұмысын бастаған «Павлодар» арнайы экономикалық аймағының бүгінгі қарқыны ауыз толтырып айтуға тұрарлық. Тоғыз жыл аралығында мұнда химия, мұнай-химия және металлургия бағыттарындағы 10 кәсіпорын ашылып, импортты алмас-тырып қана қоймай, өнімдерін сыртқа экспорттап отыр. Қазіргі уақытта мұндағы кәсіпорындардың барлығы жүйелі жұмыс істеуде. Жеті айдағы көрсеткіш бойынша өндіріс көлемі 22,2 млрд. теңгені құраған. Алдағы уақытта мұнда инвестиция көлемі 206,7 млрд. теңге болатын 22 жоба жүзеге асырылады. Биыл 11 млрд. теңгелік 7 жоба іске қосылмақ. Жоба сәтті жүргізілсе, жоба 424 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Ал 2020 жылы мұндай жобалардың тағы алтауы іске асырылады деп жоспарлануда.


Қайрат Теміршотұлының айтуынша, Павлодар қаласында шағын және орта бизнесті дамытуда оң өзгерістер байқалады. Биыл «Бизнестің Жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында 2,2 млрд. теңгеге 79 жоба мақұлданған. Бұдан бөлек, жыл басынан бері 10 жаңа бизнес орталық жұмысын бастаса, жыл соңына дейін тағы 43 нысан ашылмақ.


Тұрғын үй құрылысы да қарқынды жүргізілуде. Жыл басынан бері қаржыландырудың барлық көздері есебінен 46,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бүгінде бюджеттік қаражаттар есебінен салынған Сарыарқа шағын ауданындағы №15 тұрғын үйдің құрылысы аяқталған. Сонымен қатар, жыл соңында пайдалануға берілетін 9 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде.


Аталмыш жиында депутаттар өздерін толғандырған мәселелерін ортаға салды. Мәселен, қалалық мәслихат депутаты Алтынбек Нухұлы Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының қала бойынша орындалуына баса назар аудару қажеттігігіне тоқталды. Сонымен қатар, жиында депутаттар атқарылған жұмыстарға оң баға беріп, жаңа әкімнің жұмысына сәттілік тіледі.


- Жыл басынан бері депутат- тар халықтың көкейінде жүрген мәселелерді шешуге тырысты. Бұл ретте баспанамен қамту, жұмысқа орналастыру, білім беру, медицина саласындағы көптеген мәселелер шешімін тапты. 4 мыңнан астам жұмыссыз адам екі қолға бір күрек тапты. Көпбалалы және аз қамтылған отбасылар назарға алынып, көмек көрсетілуде. Мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады деп сенеміз. Қайрат Теміршотұлының жұмысына сәттілік тілейміз, - деді қалалық мәслихат депутаты Виктор Деймунд.


Мереке АМАНТАЙ