Шөп бағасы қандай болады?

Төрт түлігінің жайын ойлаған ауылдағы ағайын шілде туа шөп шабу науқанына қызу кіріскен. Қазіргі ауа райының қолайлы болуы мал азығын жеткілікті деңгейде жинап алуға мүмкіндік береді дейді мамандар. Өңір бойынша жалпы көлемі бір миллион тоннадан астам шөп дайындалады деп болжанып отыр.

 

Жалпы, биыл облыстағы жоспар бойынша 911,5 мың тонна шөп дайындау жобаланған. Қысқы мал азығын дайындау жұмыстарының қызу жүргізілуіне қарағанда жоспар жылдағыдай артығымен орындалып, мал иелері шөп қорын молынан қамдап алатынына сенім зор.


- Шілде айының 16-сы күнгі мәлімет бойынша өңірлердегі шаруалар 144,4 мың тонна шөп шауып үлгерген. Қазір тек қырдың, далалы жердің көпжылдық шөбі орылуда. Қарқын жаман емес. Шабындықтарда 1200 шалғы жұмыс істеуде. Ауа райы осы қалпынан танбаса, қолдағы техниканың қауқары жеткілікті мөлшерде шөп жинап алуға жетеді, - дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Байболат Рахымжанов. – Успен, Шарбақты Павлодар, Железин аудандары, Ақсу қаласының ауылдық аймағы бұршақ тұқымдас шөптерден пішендеме дайындауға айрықша көңіл бөлуде.


Облыс бойынша дайындалатын пішендеме 54500 тонна болады деп жоспарланған еді. Қазірде оның 50 пайызы орындалды.


Айтып өтелік, пішендеме - көк шөптің нәрлігін сақтауға мүмкіндік туғызатын жем-шөп дайындау әдісі. Оған қиын сүрлемделетін дақылдарды, әдетте, бұршақ тұқымдастарын салады. Шабылған көкті 45-55 пайыз ылғалдылыққа дейін дегдітіп, ор не траншеяға ұсақтап салып, мұқият нығыздап, ауа кірместей қымтап жабады. Мұндай технологиямен дайындалған шөп қыста малдың күйін кетірмей ұстауға ықпал етеді.


Қазірде Успен мен Шарбақты аудандарында қысқы мал азығын дайындау жұмыстары аса белсенділікпен жүргізіліп, шаруашылықтар жалпы жоспардың 30 пайызын орындап қойған. Қарқын бұлайша жалғаса берсе, қырдың шөбі тамыз айына дейін толық шабылып болады. Ал өзен жайылмалары мен көлтабандардағы (лиман) шабындықтар әлі дегди қоймаған. Оларға тамыз айының алғашқы онкүндігінде шалғы түседі деп күтілуде.


Шөптің өнімділігі жалпы облыс бойынша былтырғы деңгейде, гектарына – 5 центнер. Көп шаруашылықтар шөпті шауып, жинап қана қоймай, қыстақтарға жеткізуді бастап та кеткен. Бүгінде өңір бойынша 35 мың тонна шөп қыстақтарға тасып үлгерілген.


Техникасы жоқ шаруа қожалықтары мен ауыл тұрғындарының дені шөп сатып алуға мәжбүр болатыны анық. Биыл облыстың аудандарында шөп бағасы қандай болатыны әзірше белгісіз, деді жауапты басқарма мамандары. Баға осы айдың соңында таман анықталып, әр өңірдің шөп дайындаушылары екі жаққа да қолайлы төлем құнын белгілемек.

 

Мұрат АЯҒАНОВ