Жаңа көпір салынады

Павлодар қаласындағы Ертіс өзені арқылы өтетін көпір әбден ескірді. Сондықтан ауыр жүк көліктерінің өтуіне тыйым салынған болатын. Тек жеңіл және жолаушылар көліктерінің ары-бері қатынауына рұқсат.


Бірақ бұл да мәселені түбегейлі шешпейді. Сол себепті 2021 жылы жаңа көпірдің құрылысы басталуы әбден мүмкін.


Бұл көпір 1962 жылы салынған екен. Оны жөндеу немесе қайта салуға қатысты мәселе талай рет көтерілді. Нәтижесінде мамандар ескі көпірдің жанынан, дәлірек айтқанда 30-50 метр арақашықтықта 4 жолақты жаңа көпір құрылысын қолға алмақ. Бұл ретте қолданыстағы жолдағы қатынас тоқтамайды. «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы облыстық филиалының директоры Ақылбек Қабылдиннің айтуынша, келесі жылы жобалау жұмыстары жүргізіліп, 2021 жылы тиісті шаралар жүзеге асады.


Ал Павлодар мен Нұр-Сұлтан қалаларының арасын жалғайтын жол осы жылдың қараша айында пайдалануға берілуі тиіс. Қазіргі кезде 4 учаскеде құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, жаңа талаптарға сай белгіленген жаңа дәретханалар да аталмыш шаһарларды жалғайтын жолдың аумағында салынбақ. Атап айтқанда, бірі Қалқаманда, енді бірі Екібастұзда орнатылады. Әрқайсысының құны 6-15 млн. теңге аралығында болуы мүмкін.


- Жол бойы сервисін дамыту мақсатында Шідерті кенті мен Аққулы ауданында арнайы ғимараттар салып, жергілікті кәсіпкерлердің пайдалануына бердік. Мәселен, Шідертідегі ғимаратты жалға алу құны – айына 1 млн. 800 мың теңге. Біз бұл бағыттағы жұмысты әрі қарай жалғастырамыз. Жол бойында қызмет көрсету нысандарын салуға ниетті жеке инвесторлар да аз емес, - дейді А.Қабылдин.


Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ринат Қойсоймасов биыл жергілікті маңызы бар жолдарға бюджеттен 14,1 млрд. теңге бөлініп, аталмыш сомаға 24 жоба жүзеге асырылатынын айтты. Олардың қатарында Шақат-Восточный-Шалдай, Чернорецк-Ольгино-Успен-Шарбақты, Панфилов-Бестөбе бағытындағы жолдарды қайта құру қарастырылып отыр. Жалпы, облыстық маңызы бар жолдардың ұзындығы 975 шақырымды құрайды. Оның 13 учаскесін күтіп-ұстауға 887,6 млн. теңге қаржы жұмсау жоспарланған. 

 

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА