Суда да сақтық керек

Биыл шомылу маусымы басталғалы бері Павлодар облысы бойынша 16 адам суға кеткен. Мамандар суға түсуде сақтық шараларын күшейтуді айтып, дабыл қағуда. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Ернұр Өтегенов айтып берді.

 

- Өңірде суға шомылуға болатын 29 орын бар. Адамдардың су жағасына келіп емін-еркін демалуларына болады. Тек бір өкініштісі, суға түсушілердің көбі ережені сақтамайды. Өткен 1 ай уақыттың ішінде қауіпті аймақтарға 141 белгі орнатылды. Алайда адамдардың көбі осынау ескертпе белгілерге мән бермейді. Биыл орын алған 16 қайғылы жағдайдың барлығы да осы ескертпелерді ескермегендіктен орын алып отыр. Суға кеткендердің 8-і - бала. Олардың 5-уі үлкендерсіз өз бетімен шомылуға барғандығы анықталды. Өткен аптаның демалыс күндері 5 бала суға кетті. Балаларды бір сәтке де қараусыз қалдыруға болмайды, - деді Е.Өтегенов.


Басқарма бастығының айтуынша, биылғы жылы ережелерге құлақ аспаған 100 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Олардың 30-ы айыппұл төлеуге мәжбүр болды. Сондай-ақ, бүгінде төтенше жағдайлар өкілдері мен жергілікті полиция қызметі және еріктілер тобы түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Бүгінге дейін 125 рейдтік шара ұйымдастырылып, 13135 жадынама парақшалар таратылған.


Айта кететін тағы бір жайт, өңірде суға түсуге болмайтын бірнеше орын бар. Мәселен, Ақтоғай ауданы орталығындағы жағажай бойында тереңдігі 5 метрге жуық құлама жар бар. Су қоймасы тұнық болғанымен оның тым терең екендігі байқала қоймайды. Алайда бұл аумақта судың ағысы қатты. Сондай-ақ, Аққулы ауылы мен Шарбақты ауданының орталығында тиісті инфрақұрылым құрып, демалушыларға жағдай жасау қажет. Басқарма басшысының сөзіне сенсек, оқыс оқиғалар орын алған жағдайда өңірде арнайы сүңгуірлік топ жұмыс істейді. Олар ақысыз қызмет көрсетеді.


Сонымен қатар өңірлік төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Ернұр Сапарұлы Баянауыл ауда-нындағы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде орын алған оқыс оқиғаға тоқталып өтті.


- Шілденің 15-і күні аталған парктің №83 кварталында өрт шықты. Дер кезінде қауіптің бетін қайтару мақсатында жан-жақтан өрт сөндіруші мамандар мен техникаларды жұмылдырдық. Атап айтсақ, Баянауыл мен Майқайыңдағы және Ақсу ауылдық аймағына қарасты Қалқаман ауылындағы, сондай-ақ Екібастұз қаласындағы төтенше жағдайлар бөлімінің өкілдері мен техникалары көмекке келді. Сонымен қатар Өскемен қаласынан «Қазавиаорманқорғау» мекемесінің «МИ-8» тікұшағы және Көкшетау қаласынан ТЖК «Қазавиақұтқару» АҚ «Ми-26» тікұшағы жұмылдырылды. Бүгінде ашық өрт ауыздықталды. Бірақ тастақ жерлер мен қураған ағаштар арасында өрттің қайта қозу фактілері орын алуда. Жағдайды жіті бақылауда ұстап отырмыз, - деді басқарма бастығы.


Бүгінде өрттің шығу себебі мен салдары, келтірілген шығынды анықтау мақсатында орман шаруашылығының өкілетті органы арнайы комиссия құрып, жұмыс істеуде.

 

Алпысбай ХОНЖ