Жауапсыз мердігерлер жазаланады

Облыс орталығындағы коммуналдық желілерді жөндейтін мекемелер жосықсыз әрекет көрсетіп келеді. Бұл - ұзақ жылдан бері жалғасқан келеңсіз мәселе. Бұған облыс басшылығы айрықша назар аударып отыр. Кейде жол үстіне жаңа ғана төселген асфальтты аз уақыт өтер-өтпесте жөндеу үшін қайта бұзып жатқанын байқаймыз. Кейін ол аумақ ұзақ уақыт қалпына келтірілмей, ыңғайсыздық тудырады. Ісіне салғырт қарағандарды тәртіпке салу мақсатында жауапты мекемелер полицейлермен бірлесіп рейд ұйымдастырды.


Қаладағы «Қазпошта» мекемесінің бас ғимаратынан Ак.Сәтбаев көшесі, 42 мекенжайына дейінгі аралықта ұзындығы 600 метрлік жылу желілеріне күрделі жөндеу жүргізілуде. Аталмыш жұмыстарды «Айвенго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі атқаруда. Рейд барысында коммуналдық шаруашылық бөлімінің мамандары мен жергілікті полиция қызметкерлері серіктестік жұмысындағы біраз олқылықтарды анықтады.


- Мұндағы жұмыстар 9 тамыз-да аяқталуы тиіс. Полиция қызмет-керлерімен тексеріс барысында техника және жол қауіпсіздігі ережелерінің сақталмағаны анықталды. Жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан аумақ дұрыс қоршалмаған, оның үстіне тиісті белгілер орна-тылмаған. Енді ғана жұмысқа кірісіп жатқандықтан, оларға тек ауызша ескерту жасалды. Ал ескертуді елемесе, айыппұл төлейтін болады, - дейді тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің бас маманы Темір Қасқабаев.


Мамандар бұл аумақта орна-тылған қызыл ала ленталардың (сигнал лентасы) тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жарамсыз екенін айтады. Сондықтан бұл учаскеге металл бағандар және жаяу жүргіншілер мен көлік жүргізушілердің қозғалысына тыйым салынатыны туралы ескерту белгілерін орнату қажет. Ал кешкі уақытта бұл аумақ жарықтандырылуы тиіс. Мердігер компания өкілі олқылықтардың орнын толтыруға сөз берді.


Көктемде, пәтерлер жылудан ажыратылған кезде жауапты мекемелер бірден жаңа маусымға дайындықты бастайды. Комму-налшылардың жылу мен су құбыр-ларын жаңартқаны жағымды жаңалық болғанымен, орындарының ойраны шығып қалатыны көңілге тиеді. Мәселен, бұған дейін мұндай жұмыстардың бірі Астана көшесі, 7/1 мекенжайы бойынша орналасқан Ардагерлер саябағы аумағында жүргізілген. Онда «Павлодар жылу желілері» ЖШС жылу желілерін ауыстырған.


Жұмыс 6 шілдеде аяқталып тапсырылғанымен, 12 шілде күні солтүстік полиция бөлімінің мамандарымен жүргізілген тексеріс барысында кеспе тастарды қайтадан орнына төсемеу, орнын қалпына келтірмеу фактілері тіркелген. Осылайша ісіне салғырттық танытқан кәсіпорын әкімшілік жауап-
кершілікке тартылып, 300 АЕК көлемінде айыппұл арқалаған. Рейд барысында учаскенің қалыпқа келтірілгені мәлім болды.


Айта кетейік, ағымдағы жылы абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін жөндеу жүргізген мекемелер мен мердігерлерге 3,2 млн. теңге көлемінде айыппұл салынған. Оның 2,2 млн. теңгесін «Павлодар жылу желілері» ЖШС, қалған бөлігін «Павлодар АЭК» АҚ және «Павлодар-Водоканал» ЖШС төлеген. Бұған бөлек, «Павлодар жылу желілеріне инженерлік желілерді бұзғаны үшін тағы 757 млн. теңге айыппұл салынған.

 

Мереке АМАНТАЙ