Зауыт «жүрегі»

Ел экономикасының өркендеуінде металлургия саласының маңызы зор. Аталмыш сала қызметкерлері кез келген металдан күнделікті тұрмыста, өнеркәсіпте қолданылатын өнімдерді шығарады. Импорттық тауарларды ығыстырып, өзге елге «Қазақстанда жасалған» тауарларды экспорттайды. Осы орайда облысымыздағы «Қазақстан алюминийі» АҚ Павлодар алюминий зауытының орны бөлек.

 

Кәсіпорында 40 жылға жуық талмай, тынбай еңбек етіп келе жатқан азаматтың бірі – Жабай Өміртаев. Ол 1982 жылдың қаңтар айында «Қазақстан алюминий зауытына» осы өндіріс орнының аппаратшы-гидрометаллургы болып қызметке орналасты. Сол уақыттан бүгінгі күнге дейін металлургия саласынан қол үзген емес.


Жабай Өміртаев қызмет ететін гидрометаллургия цехына жүктелген жауапкершілік ауыр. Жұмысшылар боксит пен гидратқа қажет ерітінді, конденсатты дайындаумен қатар, пайда болған буды қайтадан жылу-электр станциясына жібереді. Бұл өз кезегінде өзге цехтардың қалтқысыз жұмыс істеуіне жұмсалады. Осылайша, гидрометаллургия цехы қалдықсыз қызмет етеді.


- Бізге жеткізілетін ерітінділердің концентраты төмен болады. Ал бокситті шығару үшін қатты шикізат қажет. Сондықтан ерітіндіні қайнатып, беріктігін нығайтамыз да, қайнату кезінде шыққан буды жылу-электр орталығының қажеттілігіне жібереміз. Оған қоса, глинозем өндірісіне қажет гидратты тазалау үшін конденсат береміз. Қоспаларды да шығарамыз. Байқағаныңыздай, бірнеше қызметті қатар атқарамыз. Біздің гидрометаллургия цехын «зауыттың жүрегі» деп атайтыны да сондықтан, - дейді Ж.Өміртаев.


Жабай Серғалиұлымен бірге учаскеде 70-ке жуық адам еңбек етеді. Жыл сайын жас мамандармен де толығады. Тәжірибелі металлургтің айтуынша, ол қызметке орналасқан тұстағы және қазіргі жұмыс барысын салыстыру мүмкін емес.


- Бұрын қабырғада ілулі тұрған плакаттарға қарап қана еңбек еттік. Ал қазір барлығы автоматтандырылған. Үрдістерді компьютер арқылы бақылап, қажет көрсеткіштерді белгілеп отырамыз. Бұл ретте тәжірибеден өтуге келетін студенттердің, жас жұмысшылардың қызығушылығы ерекше екенін атап өту керек. Олар алдымен 2-3 ай дересінде тәжірибелік сабақ алады. Біз бар білгенімізбен, тәжірибемізбен бөлісеміз. Кейін өздері зор құлшыныспен еңбекке араласады. Гидрометаллургия цехында қайнату процестері жиі жүргізілетіндіктен, олардың күйіп қалмауы, жарақат алмауы басты назарымызда. Жалпы, жұмысшылардың барлығы техникалық қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтайды, - дейді металлург.


Зауыт басшылығы заман ағымынан қалыспау үшін тың технологияларды енгізіп қана қоймай, жұмыскерлердің қауіпсіздігіне әрі әлеуметтік жағдайына баса мән береді. Жыл сайын түрлі демалыс, сауықтыру орындарына жолдама беріп, мәдени, спорттық шараларды жиі ұйымдастырады. Осы орайда Жабай Серғалиұлы әріптестеріне ризашылығын білдірді.


- Осыдан үш жыл бұрын Жасмин, Ясмин есімді егіз немерем дүниеге келгенде олардың да, аналарының да жағдайы ауыр еді. Сол кезде зауыт басшылығы мен ұжымым қолдау білдіріп, әріптестерімнің басым бөлігі қан тапсырды. Отбасыма жасалған бұл жақсылықты ешқашан ұмытпаймын, - дейді Ж.Өміртаев.
Жабай Серғалиұлы жары Айсұлумен бірге үш ұл өсіріп, тәрбиеледі. Кенжесі Жанат бүгінгі күні «Қазақстан алюминий» АҚ Павлодар алюминийі зауытында тазартушы болып еңбек етуде.


Ісіне адал азаматтың көп жылғы еңбегі елеусіз қалған жоқ. 40 жылға жуық уақыт аралығында түрлі марапат пен сый-сыяпат табысталды.


- Мен атақ-абырой үшін емес, металлургия саласының өркендеуі үшін қызмет етемін. Алдымызға жаңа міндет қойылып, ай сайын зауыт көрсеткіштері артқан тұста қуанамын. Демек, еңбегім еш кетпеді, - деп сөзін түйіндеді Ж.Өміртаев.

 

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА