«Ер қаруы – бес қару»

Г.Н.Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Тарих» залында қазақ батырларының жаугершілік заманда қолданған қарулары мен киген киімдері көптеп сақталған. Солардың бірі – біздің мәдениетімізге ғана тән батырдың бес қаруы.

Жақында Павлодар қаласының №19 жалпы білім беру мектебінің оқушылары үшін музейде экскурсия ұйымдастырылып, бес қару туралы танымдық сабақ өткізілді. Шараны музей қызметкері Жеңісбек Қадырұлы жүргізіп, батырлар туралы аңыз-дастандар оқыды және батырлардың бес қаруы туралы мағлұмат берді.


- Қазақта: «Ер қаруы – бес қару» деген даналық бар. Қару-жарақтың бес түрге бөлінуі – оның ерекшеліктеріне және ұрыс кезінде қолдану ережесіне байланысты. Яғни, ату, кесу, шабу, түйреу және соғу қаруы деп аталады. Қарудың бір түрінің өзі ішінен бірнеше түрге жіктеледі, - деді Жеңісбек Қадырұлы.
Мысалы, ату қаруына жататын аспаптардың бірі – ертеде түркілер қолданған жақ қаруы. Жаққа ұқсас болғандықтан осылай аталған. Ол ағаш, сүйек, мүйіз, қайың қабығы (тоз), сіңір және былғары сынды материалдардан жасалады. Сонымен қатар, жебенің де бірнеше түрі бар. Ұшы жалпақ екі айыр болып келетін жебе «қозы жауырын» деп аталады. Ол жарақатты тереңірек салуға арналған. Сауыт бұзуға арналған үш-төрт қырлы үшкір жебе болады. Оны «сауыт бұзар» немесе «көбе бұзар» деп атаған. Түркілер жебенің ұшын темірден, сүйек, мүйіз бен ағаштан да жасаған. Ата-бабаларымыз кесу қаруының семсер, қылыш және сапы деген үш түрін қолданған. Қылыштың өзін пішініне, сабына және балдағына қарай бірнеше түрге бөлген. Мысалы, «наркескен» деген түрін алсақ, оның алқымы қайқы болады. Сондықтан кесу күші жоғары болған.


Музей қызметкерлері шара барысында түйреу, шабу және соғысу қаруларының ерекшеліктеріне де тоқталып, түрлерін талдап берді. Оқушылар да ерекше қызығушылық танытып, өздерін толғандырған сұрақтар қойды.

 

Тілеуберді САХАБА