Құнды құжаттар табылды

Таяуда Павлодар облыстық мемлекеттік мұрағат қорынан «Жас ұлан» ұйымына қатысты тың материалдар табылды. Бұл қылышынан қан тамған кеңестік идеология тұсында «шектен шыққан ұлтшылдықтың» табын айқын байқатқан қозғалыс болатын. Бұған дейін ресми 

деректер табылмай келгендіктен, бізге беймәлім жағдайлары көп еді.


1969-1970 жылдар аралығында бүгінгі Ы.Алтынсарин атындағы облыстық гимназия-интернатының 15 жасар оқушыларынан құралған, болашақ ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Арман Қани жетекшілік еткен «Жас ұлан» ұйымы туралы Тәуелсіздік алғалы бері аз айтылған жоқ. Десе де, саяси жағдайлармен көптеген құжаттары қасақана жойылып жіберілгендіктен, аталмыш істің бүге-шігесі ресми түрде қалай өрбігені толық мәлім емес еді. Әрине, Арман Бақтанұлының өзі осы уақытқа дейін облыстық, республикалық басылымдарда берген сұхбаттарында өрімдей шағында ұлттық мәселеге араласқан ұл-қыздардың талайлы тағдыры туралы (мектептен шығарылып, әрі қарай жұрт қатарлы білім алу, еңбек ету жолына кедергілер жасалғаны жөнінде) талай мәрте тебірене айтқан болатын. 

 

Енді міне, сәті туып, ұзақ жылдардан бері белгісіз болып келген құжаттардың бір парасы табылды. Бұл туралы ақын Арман Қанидың өзі «Фейсбук» әлеуметтік желісінде жариялады. Кейін өзіміз телефонмен тілдескенде кезінде осы іске қатысы көптеген деректердің жойылғанын (кеңес өкіметі 15 жасар ұл-қыздардың үстінен қылмыстық іс қозғағанын жалпақ әлемге көрсетіп қойып, абыройын айрандай төккісі келмеген-ау, сірә), десе де, әлдебір жағдайлармен «Жас ұлан» ұйымын әшкерелеуге қатысты ресми органдардың хаттары секілді бірнеше құжаттың сақталып қалғанын айтты. Бұрын іздегенде табылмаған құжаттар енді қайдан шықты? Әйтпесе, қозғалыс мүшелері біраз жылдар бойы ресми сұрау салып, республика мұрағатынан да іздеген еді ғой.


- Бұдан 2 жылдай бұрын «құпия» белгісі алынып тасталған екен. Жарты ғасыр бойы бойы жұртшылықтың назарына ілікпеген істі іздестіріп тапқан – бір кездегі «Жас ұлан» ұйымының белсенді мүшесі, қазіргі кездегі еңбек ардагері, шежіреші, өлкетанушы Қайролла Кәженов. Іс 56 беттен тұрады. Кейбір құжаттар 2 данадан жинақталған, оларды санамағанда іс 41 бетті құрайды. Материалдармен танысқанымызда біздің өзімізге белгісіз біршама жайттың анық-қанығына көз жеткіздік. Бұрынырақ «ҚК Павлодар обкомының І хатшысы Буров Иван Михайлович (1965-1975) жасұландардың белсенділерін бас бостандығынан айыру жазасына кесу жөнінде ҚК ОК І хатшысы Д.А.Қонаевқа ұсыныспен шығыпты, бірақ ол кісі қолдамапты» деген сыбысты естігенбіз. Шындығында, біздің ісімізге Дінмұхамед Ахметұлының өзі араласып, тағдырымызға араша түскенін енді ғана аңғарып отырмыз. Егер қылышынан қан тамып тұрған кеңестік кезеңде Қазақстан Компартиясының І хатшысы нар тәуекелге бел бумаса, өзіміз соншалық көксеген осынау егемендік кезеңіне тірі жетер ме едік, жетпес пе едік, кім білсін?.. – дейді сонау бір арпалыс күндерді қайтадан есіне алған қайраткер.


Өткен ғасырдың 60-жылдар соңында, 70-жылдар басында қазақ жерінде қазақ балабақшалары мен мектептері жабылып, жергілікті халыққа қысымшылық жасалған болатын. Сол кезде бұғанасы қатпаған жасөспірімдер ұлттық мәселені терең түсініп, келешекті қорғап, биліктің тегеурініне қарсы шықты. Әрине, 30-жылдары талай атпал азаматты аямаған кеңес өкіметі 15-тегі оғландарды да кешірмес еді. Тек, олардың әлі мектеп жасында болғаны біраз нәрсені жеңілдеткендей еді. Десе де, саяси айыптаулармен «бүлікшіл» оқушылар мектептен шығарылды, әрі қарай жоғары білім алуына, жақсы қызметтерге ілінуіне тосқауылдар қойылды. Тек егемендік алған тұста ғана шектеулер мен түртпектеулерден арылып, еңселерін тіктеп, бір кездегі істерін мақтан ететіндей жағдайға жетті. Әрине, олардың барлығы бірдей бүгінгі күнге жеткен жоқ, жастайынан саяси қысымшылық көрген бірнеше қайраткер аға-әпкелеріміз қайтыс болған.

 

1969 жылы негізін Павлодар қаласындағы №3 мектеп-интернаттың (қазіргі гимназия-интернат) ұлтшыл оқушылары қалаған «Жас ұлан» ұйымы жөнінде біршама зерттеу мақалалары жазылды. Түрлі БАҚ-та жарық көрген жарияланымдарда 1964 жылы Мәскеуде қазақ студенттері арасында Әуезов Мұрат Мұхтарұлы құрған «Жас тұлпар» ұйымын өнеге тұтқан оқушы жасөспірімдердің Кеңес үкіметінің, коммунистік партияның ұлттық саясатына қарсы бағытталған астыртын саяси іс-әрекеттері баяндалған. Сондай-ақ ұйымды МҚК (Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті) басқармасы әшкерелегеннен кейінгі олардың қиын тағдыр-талайлары және іс-әрекеттерінің нәтижелері де айтылған.


Арман Бақтанұлының түсіндіруінше, облыс прокуратурасы МҚК басқармасының тергеу материалдарына сүйеніп жасаған арнайы баяндамасында ұйым мүшелерінің, әсіресе, жетекші құрамының іс-әрекеттері, тіпті мінез-құлықтары да коммунистік идеологиялық тұрғысынан қарастырылып, мейлінше қара бояумен берілген. Осының өзі «Жас ұлан» ұйымының белсенділерін комсомол қатарынан, мектептен шығарылып, оқу-үлгерім табеліне тәртібі «3» деген белгі соғылуына және ұзақ жылдар бойы қудалауға ұшырауына жеткілікті болды.


Оқырман назарына сол құжаттардың бірін ұсынайық (орысшадан мазмұны аударылып берілді).


1970 жылғы сәуір айында Павлодар облысы бойынша мемлекеттік қауіпсіздік қызметі басқармасының Павлодар облысының прокуратурасына жіберілген хатынан:

Сізге бізбен ашылған заңсыз «Жас ұлан» ұлттық жастар қозғалысы туралы материалдарды келісу үшін жолдап отырмын:

1. Машинкаға басылған түсініктемелер, аудармалар – 68 бет
2. Парақшалардың түпнұсқасы және аудармасы – 2 б.
3. Эксперт-маманның қорытындысы – 3 б.
4. Парақшаға қолданылған әдебиеттер туралы анықтама - 5 б.
5. Түпнұсқа түсініктемелер:
Қаниев Арман - 90 б.
Нұрбасаров Рахметхан - 47 б.
Құсайынов Сенбай - 49 б.
Қаженов Қайролла - 20 б.
Қабылбеков Қайрат - 14 б.
Жапаров Қайыргелді - 2 б.

6. «Жас ұлан» қатысушыларының тізімі – 4 бет
7. «Жас ұлан» материалдары бойынша қорытынды – 8 бет

 

Танысып шыққаннан кейін материалды қайтаруды сұраймын.

 

Қосымша: барлығы 324 бетте.


Павлодар облысы бойынша МҚҚ басқармасы бастығының орынбасары ФИСЕНКО.

 

«Аталған құжаттарды тарих ғылым-дарының докторы, профессор Жанна Қыдыралинаға жолдадық. СССР кезеңінде коммунистік ұлттық саясатқа қарсы күрескен ұйымдар мен жеке азаматтар туралы ондаған ғылыми-зерттеу еңбектерін жазған Жанна Үркінбайқызы бұл күндері «Жас ұлан» ұйымына қатысты өзге де мұрағаттық құжаттарды іздестіруде. Алдағы уақытта ұйым мүшелерінің МҚК облыстық басқармасындағы тергеу барысында берген түсініктемелері де табылуы мүмкін деген үміттеміз. Әйтеуір, қалай болған күнде де, келешекте «Жас ұлан» ұйымы туралы жаңа зерттеу еңбегі жарық көретініне сенімдіміз», - дейді А.Қани.


Сонымен, Кеңес үкіметі кезеңінде «Құпия» деген белгі басылып, тек тиісті лауазымды тұлғалардың ғана оқуына рұқсат етілген құжаттардың фотокөшірмелерін алғашқы рет жұртшылыққа жария етіп отырмыз. Олар:


1. 1970 жылдың сәуірінде Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті Павлодар облыстық басқармасының облыс прокуратурасына жолдаған материалдарының тізімі.
2. 1970 жылдың 7 мамырында СССР Прокурорының мемлекеттік қауіпсіздік органдарындағы тергеуді қадағалау жөніндегі орынбасары Васильевтің Павлодар
облысының прокуроры Л.Н.Ивановқа жолдаған сұрау хаты. Онда «Жас ұлан» ұйымы бойынша Қазақ ССР Қылмыстық кодексінің қандай бабы бойынша кімдердің үстінен қылмыстық іс көтерілгені жөнінде сұрау салынған. Сонымен қатар, көтерілген қылмыстық істің көшірмесін СССР Прокуратурасына дереу жолдауын өтінген.


3. 1970 жылдың 25 мамырында Қазақ ССР Прокурорының мемлекеттік қауіпсіздік органдарындағы тергеуді қадағалау жөніндегі көмекшісі А.Чурбановтың Павлодар облысының прокуроры Л.Н.Ивановқа жолдаған хабары. Онда Павлодар облысы прокурорының 1970 жылдың 4 мамырында Қылмыстық кодекстің 58, 56-баптарының белгілері бойынша қылмыстық іс ашу жөніндегі қаулысының күші жойылғаны айтылған.


4. 1970 жылдың 4 маусымында Павлодар облысының прокуроры Л.Н.Ивановтың СССР Прокурорының мемлекеттік қауіпсіздік органдарындағы тергеуді қадағалау жөніндегі орынбасары Г.А.Васильевке жолдаған хабары. Онда Павлодар облысының прокуроры сол жылдың 4 мамырында қылмыстық іс ашу жөнінде қаулы қабылдағанын, әйтсе де 22 мамырда Қазақ ССР Прокуратурасы бұл қаулының күшін жойғаны жөнінде баяндалған.


Павлодар облысында 1969-1970 жылдары ұйымдастырылған «Жас ұлан» ұйымына қатысты деректердің табылуы кеңес өкіметі тұсындағы солақай саясатты әшкерелеуде, ұлттық тарихты қалпына келтіру жолында маңызы зор құжаттар болып табылады деп сенеміз.

 

Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ