Көкемнің әңгімесі

Екі аяқты, бір басты пенденің күнәсізі мен кінәсізі болушы ма еді, шіркін? Кезінде той-томалаққа барғанда кекіртетін, секіртетін сусын ішкеніміз жасырын емес қой. Әуелі, «Бәленше сансыз шөлмекті бостаса да, қылжимайды екен» дейтіндерге тамсана қарап, еліктедік қой.

 

Уақыт өте келе асқазан құрғыр да қиғылық салып, ащы түгілі кермек дәмі бар астың өзін көтере алмайтынды шығарды. Оған да реніш жоқ. Тамшы да тама берсе, тасты теседі ғой. Қырық жылдай еркелігімді көтерді. Ауырған соң жан керек екен. Апатқа ұшыраған ұшақтың ішінде атеистің болмайтыны секілді, жаныңыз алқымға тығылғанда Алланы еріксіз еске алады екенсіз. Қысқасы, асқазан өміріме басқа заң орнатты. Денсаулық үшін деп тән саулығын құратын оны-мұны дүниелерді ауызға апара бермейтін болдым.


Тойларға бара қалсам, көкмойын бөтелкелерге ежірейе қарайтынды шығардым. Есесіне қымыз іштім. Мінсең - көлік, жесең - ет жылқы деген жануардың сүті осыншалықты керемет боларын бұрын-соңды білсемші. Тек бір жаманы, ішкен соң дәретханадан алшақтамаймын. Басында әйеліме қырық сылтау айтып, қашқалақтағаным рас. Қымыз ішпесе бұл бәле қайтадан «жынды суға» үйір болады деп секемденсе керек, қисық қабырғам да қояр да қоймай қымызға үйретті. Жақпайды десем, бой бермейді. «Жағады, адал ас ішіңде қырық жыл бойы жиналған арамдықты шығарып жатыр» дейді. Сенейін бе, сенбейін бе? О, тоба, негізі қызықтың бәрі тойдың соңында болады екен-ау. Бұрын тойға барғаным ғана есімде, үйге қалай жеткенімді ойланып көрмеппін. Кейбір кезде мәрттігім ұстап әйеліме: «Жаным, алдағы мерекеде саған не сыйлайын?» десем, ол биязы үнмен ғана: «Ештеңе де керек емес, күнім. Сенің ішпей жүргеніңнің өзі мен үшін баға жетпес бақыт қой» - дейді. Рақат екен. Ақаңды қойғалы бері қымызды шелегімен ішетін болдым. Бірақ ішіме сонда да жақпады. Соңғы кезде әйелім де: «Иттің ішіне сары май жақпайды» деп кекететінді шығарды. Қымызды біздің үйден екі көше әрірек тұратын Тайлақбайдікінен аламыз. Тәкең мен әйелі мені көрсе, ата-бабалары тіріліп келгендей жік-жапар болып күтеді. Шелегімді көтеріп күнде келген соң бұл үйдің иті де мені көрсе, құйрығын бұлғаңдатып, еркелейтінді шығарды. Бүгін таң сәріден тұра сала, беті-қолымды жуа сала Тәкеңдікіне тарттым. Есіктен мойнымды ішке сұғып бақыласам, қыбыр еткен пенде көрінбейді. Тәке! деп дауыстап едім, тәлпіш мұрын сары ұлының құлағы көрінді. Пәленше, әке-шешең үйде ме?


- Жоқ, аға, олар қымыз сатуға кеткен.
- Қашан келеді?
- Білмеймін, аға!
Сары ұл иығын киқаң еткізді.
- Менің тапсырысым дайын ба?
- Негізінде дайын тұр. Тек күріштің суын әлі қосқан жоқпыз, -деді сабазың саспастан.


Не дерімді білмей абдырап қалдым. Үйден шығып, басымды ұстап көлеңкеде біраз отырдым. Біз ішіп жүрген қымыздың бәрі халал ма екен, ә? Қайтадан ішіп кетпесем жарар еді...


Алпысбай ӘБДІЛҰЛЫ.