Майталмандар марапатталды

Павлодар өңірі «қанатты» металл өндірісінің астанасы деуге болады. Біздің аймақта бастапқы және қоспалы алюминий шығарылып, одан өндіріс пен күнделікті тұрмыста қолданылатын түрлі өнім дайындалады.

 

Жергілікті кәсіпорындар отандық нарықты қамтып қана қоймай, экспортқа тауар жөнелтеді. Облыстағы әрбір екінші отбасының өкілдері осы салада еңбек етуде. Сондықтан металлургтер күнінің халықтық мерекеге айналуы – заңдылық.


Облыс орталығындағы «Ертіс Promenade» сахнасында аймақтың металлургтері кәсіби мерекесін кеңінен атап өтті. Облыс әкімінің орынбасары Асхат Оралов сала өкілдерін құттықтап, бірқатар қызметкерге облыс әкімінің Құрмет грамотасын табыстады.


- Металлургия саласында облыстың 10 мыңға жуық тұрғыны табысты қызмет атқарады. Олардың қатарында еңбек әулеттері де аз емес. Жергілікті өндіріс орындары алюминийден фольга, автомобиль дөңгелектері, профильдер және тағы басқа өнімдерді шығарып, еліміздің әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті екенін дәлелдеді. Бұл ретте құрылғанына 25 жыл толып отырған ERG компаниясының әлеуметтік жауапкершілігі жоғары екенін де атап өту керек. Компания басшылығы өз жұмысшыларын баспанамен қамтып, аймағымыздағы түрлі әлеуметтік нысанның құрылысын қаржыландырылып келеді. Мәртебелі мамандық иелері – металлургтерді кәсіби мерекемен құттықтаймын, - деді А.Оралов.


«Қазақстан алюминийі» акционерлік қоғамының президенті Роман Романовтың айтуынша, зауыт үшін қоршаған ортаны қорғау аса маңызды.
- Жасыл экономикаға көшу бағытында жаңа технологияларды қолданамыз. Мәселен, біздің зауыт алғашқылардың бірі болып экологиялық мониторинг станциясын орнатты. Сол арқылы ауа көрсеткіштерін бақылауға болады. Жақында тағы бір ауқымды іс – электр сүзгілерді ауыстыру жоспарланып отыр. Бұл жобаның құны – 200 млн. еуро. Осы іспетті шаралардың барлығы облыс тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға оң әсерін береді, - деді Р.Романов.


Айта кетелік, осы уақыта дейін «Қазақстан алюминийі» АҚ Павлодар алюминий зауыты мен «Қазақстан электролиз зауыты» 1,5 млн. тонна глинозем, 2,5 млн. тонна бастапқы алюминий шығарды. Мұндай жоғары көрсеткішке жетуде қарапайым жұмысшылардың еңбегі ерен. Сондықтан кәсіби мереке күні өндіріс озаттары «Ерен еңбегі үшін» медалімен, ERG компаниясының Алғыс хатымен марапатталып, «Қазақстан алюминийі» зауытының Құрметті қызметкері атанды. Сонымен қатар, Роман Сидоров «Қазақстан алюминийі» зауытының «Үздік тәлімгері, ал Бекзат Жұмаділов «Қазақстан электролиз зауытының» «Үздік тәлімгері» атағына лайық деп танылды.


Марапатқа ие болғандардың қатарында электролиз зауытының слесарь-жөндеушісі Әбілхан Алданов бар.


- Мен бұл кәсіпорын іске қосылған уақыттан бері жұмыс істеймін. Қазақстан электролиз зауыты озат өндіріс, қызметтік өсу, тұрақты табыс ұғымдарымен астасып жатыр. Бүгін үшінші дәрежелі «Еңбек даңқы» медалімен марапатталдым. Бұл – үлкен сый, еңбегімнің бағаланғаны. Мұндай құрмет одан әрі нәтижелі жұмыс істеуге ынталандырады, - деді Ә.Алданов.


Бұл күні отандық «The Jigits» және ресейлік «Бурито» топтары ашық аспан астындағы сахнада өнер көрсетті.

 

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА