Алматыда өткен ойында алаң иелері «Ертіс» қақпасына жауапсыз екі доп енгізді. Алдымен гол соқпаса, бойына ас батпайтын сұрмерген Жерер Гоудың қанжығасы майланды. Екінші голды Иво Иличевич өз еншісіне жазды.

Жерлестеріміз таразы басын теңестіруге тырысқанымен, діттеген мақсатқа қол жеткізе алмады.

Айтпақшы, кездесудің соңына таман ойыншылар арасында түсініспеушілік орын алып, «Ертістің» ойыншысы Карлос Фонсека мен дау туындаса, жұдырығын ала жүгіретін қызуқанды Исламбек Қуат «қызыл қағаздан» еншілеп, алаңнан қуылды.

«Қайрат» Қазақстан Кубогының жартылай финалына өтті. Бұл қатарда алматылық клубтан бөлек «Атырау», «Шахтер» және «Ордабасы» бар.

Футболға қатысты тағы бір жаңалық. Қазақстанның кәсіпқой футбол лигасы сәуір айының үздік ойыншысы мен бапкерін анықтады. Бұл «сында» «Ертістің» орталық жартылай қорғаушысы Аслан Дарабаев пен «Астананың» бас бапкері Станимир Стойловтың маңдайы жарқырап шықты.

Сурет «Ертіс» футбол клубының сайтынан алынды.


Фархат ӘМІРЕНОВ

saryarka-samaly.kz