Эстафета шет елге кетті

Биыл елімізде Абай Құнанбайұлының шығармашылығын жанжақты насихаттап, әсіресе, жастарға таныта түсу мақсатында және ақынның туғанына 175 жыл толу қарсаңында игі бір іс - ақын өлеңдерін жатқа оқу эстафетасы басталған болатын.


ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Абай өлеңдерін оқу эстафетасын білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға және бүкіл әлемді мойындатқан талантты әнші Димаш Құдайбергенге жолдаған-ды.


Осылайша еліміздің белгілі тұлғаларынан бастау алған эстафетаны Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, Қазақстанның Еңбек Ері, Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров жалғастырып, білім және ғылым саласындағы мамандар, студент, жұмысшы жастар іліп әкетті.


Өз кезегінде біздің аймақ та эстафетаға үн қосуда. Павлодар облыстық «Рухани жаңғыру» жобалар офисі мен «Нұр Ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің мүшелері Әстерхан Сәрсенбаева мен Құралай Уақпаева қазақ және ағылшын тілдерінде орындаған «Көзімнің қарасы» әнін шетелде оқып жатқан барлық қазақстандық студенттерге жолдады.


- Әстерхан Шойынбайқызы мен Шәкәрім атамыздың ұрпағы Құралай Уақбаева әйгілі әнді екі тілде бірдей нақышына келтіре орындады. Олардан бұл эстафетаны Павлодар қаласындағы дарынды балаларға арналған №8 мектеп-лицейінің түлегі, қазір Италияда білім алып жүрген павлодарлық Давид Калашников қабылдады, - дейді «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру бөлімінің басшысы Нұрия Көбенова.


Осылайша, Шығыс пен Батыстың мәдениетін, өркениетін жетік білген дара тұлға Абай есімі, шығармашылығы Қазақстаннан бастау алып, мұхит асты, әлемді шарлап барады... 

 

Сая МОЛДАЙЫП