Жаңа әліпби - жаңа белес

Облысымызға қарасты аудандар мен қалаларда латын әліпбиіне көшу жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

 

Қазіргі таңда елді мекендерге кіреберісіндегі стеллалар мен мекемелердің маңдайша жазулары латын қарпінде жазылуда. Ақтоғай аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Саяуыш Сәдуақасовтың сөзінше, Ақжол, Қараоба ауылдарының және аудан орталығы Ақтоғай ауылының стелласы латынша жазылып, қайта орнатылған. Сонымен қатар, Ақсу мен Ертіс аудандарының шекарасындағы белгілер де өзгертілді. Бұл ауданда латын графикасын мемлекеттік іс қағаздар жүргізу жүйесіне енгізуді де қолға ала бастады. Яғни, мемлекеттік мекемелердің хат алмасу бланкілері латынша жазылып жүр.


- Латын әліпбиінің маңыздылығын және оның емле ережесін түсіндіру – бүгінгі күннің басты мәселесі. Мұны атаулардан бастау – заңдылық. Мемлекеттік мекемелердің маңдайша жазуларын латын қарпінде жазуды алғаш біздің аудан бастаған еді. Осы тақырып алғаш көтерілген кезде, 2017 жылдың қараша айында, жаңа ашылған жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің атауын латынша жазған едік. Бүгінгі таңда Қараоба ауылдық орта мектебінің жанындағы мектепішілік газет толығымен латын әліпбиі негізінде басылуда. Бұл оқушылардың жаңа жүйені тез меңгеріп кетуіне үлкен көмегін тигізеді деп сенеміз. Тамыз айында латын графикасын оқып, жазуды үйрету курстары басталады. Жыл соңына дейін әртүрлі санаттағы 50 адамды қамтимыз деген жоспар бар, - дейді Саяуыш Сәдуақасов.


Аққулы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Гүлнәр Жанболатованың сөзінше, «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы мен мәслихат ғимаратының және аудандық білім беру, қаржы, экономика, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің маңдайшалары латын қарпіне көшірілген. Сонымен қатар, аудан орталығы Аққулы ауылының кіреберісінде ауыл атауының инсталляциясы латынша орнатылып, Ямышев, Малыбай ауылдарының атауларының стеллалары латынға ауыстырылды.


Жуырда тіл маманы Бердімұрат Сейфулла Нұр-Сұлтан қаласындағы Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл - қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталғында өткен курсқа қатысып, сертификат алып келді. Енді ол өңірдегі мемлекеттік мекемелерде ақпараттық сағатын өткізіп, мекеме қызметкерлеріне латын негізді әліпбидің қолданылуынан жалпы мәлімет беретін болады.


Ақсу қаласында «Латын графикасына негізделген жаңа қазақ әліпбиі мен емле ережелері» тақырыбында онлайн семинар өткізіліп, оған 20 шақты қазақ тілі оқытушылары қатысып, сертификат алды. Облыстық «Ана тілі» орталығының ұстаздары 16 мамырдан 4 шілде аралығында 90 адамға арналған тегін оқыту курсын өткізді.


- Латын әліпбиінің емле ережелерін ұялы телефон қосымшасы арқылы да меңгеруге болады. Мысалы, жақында ғана «ANA TILI» мобильді қосымшасы іске қосылып, барлық тіл мамандарына тегін жүктеп беріледі. Қосымшаның авторы - «Ана тілі» орталығының директоры Шолпан Кинжикова. Бұдан бөлек «Латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиімен танысу» семинар-тренингі де пайдалы болды. Бүгінгі күні Ақсу қаласына қарасты 12 балабақшаның, 3 қосымша білім беру мекемесінің маңдайша жазуы және 2 ауылдың атауы латын қарпінде жазылған, - дейді Ақсу қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің әдіскері Жанар Атанакова.

 

Тілеуберді САХАБА