Кімнің бағы жанады?

Павлодарда тоғызқұмалақтан облыстық турнир басталды. Жарысқа бірінші разрядтан жоғары дәрежелі ерлер мен әйелдер қатысуда. Жас ерекшеліктеріне шектеу жоқ. Мұнда Ақсу, Екібастұз қалаларынан және Аққулы, Железин, Май, Ертіс, Баянауыл аудандарынан 60-тан астам спортшы бақ сынауда.


Павлодар қаласындағы «Шахмат үйінің» директоры Шәріп Қашкеновтің сөзінше, турнирге қатысушылар тоғызқұмалақтың классика және шапшаң ойын түрлері бойынша ойнап жатыр. Кешегі күнгі нәтиже бойынша классикалық ойынның 4-ші кезеңі аяқталып, 5-ші кезеңі басталды. Жалпы, 9 турдан тұрады. Ойын шілде айының 25-іне дейін жалғасады. Мұнда бұған дейін талай республикалық және халықаралық додаларда топ жарған танымал тоғыз-құмалақшылар бақ сынауда. Үміткерлердің ең кішісі – 6 жасар Бүркіт Мирас есімді бала.


- Бұл турнирге кілең мықтылар шақырылды. Яғни, барлығы бұрын бірінші разряд дәрежесін алғандар. Тіпті, әлемге танылған ойыншылар да бар. Мысалы, халықаралық деңгейдегі спорт шебері, әлем чемпионы Роза Райымбекова, Азия чемпиондары – Аружан Әбдіханова, Алмаз Серіков және Диана Абай сынды спортшыларды атап өтуге болады, - деді Шәріп Қазымұлы.


Ойын нәтижесі бойынша жеңімпаз атанғандар арасында тағы іріктеу өтеді. Міне, содан суырылып шыққандар алдағы уақытта Ақтауда және Петропавлда өтетін республикалық турнирде облыс намысын қорғайды.

 

Тілеуберді САХАБА