Жаңа жүйенің артықшылығы

Павлодарлық шаруа қожалықтары қара малдың эмбриондарын көшіріп отырғызу арқылы асылдандыру жүйесін енгізуде. Бұл - аналық малдардың сүтін көбейтудің ең тиімді тәсілі. Осы технология арқылы ұрықтандырылған сиырлардан туған төлдер болашақта жылына 7-8 мың литрге дейін сүт бере алады.

 

Қара малдың эмбриондарын көшіріп отырғызу технологиясын қазақстандық ғалымдар енді ғана қолданып жатқаны болмаса, шетелде әлдеқашан дамып кеткен. Бұл – сүт бағытындағы донор сиыр мен асыл тұқымды аталық малдың шағылысуы арқылы пайда болған эмбриондарды қарапайым суррогат сиырларға отырғызу. Яғни, эмбриондарды арнайы технология арқылы шайып алады да, екінші аналық малдың жатырына салып, солай ұрықтандырады. Міне, осындай жолмен дүниеге келген бұзау да донор болады. С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті агротехнологиялық факультетінің оқытушысы Болатбек Әтейханұлының зерттеп жүрген тақырыбы – осы. Жақында ол Германияға арнайы барып, осы саланы жетік меңгерген неміс ғалымдарымен тәжірибе алмасып келіпті.


- Менің болашақта қорғайтан док-торлық диссертациямның тақырыбы - «Симментал тұқымды сиырлардың эмбрион өнімділігі және трансплантация жолымен алынған төлдердің өсіп жетілуі». Яғни, жоғарыда айтқан асылдандыру технологиясы арқылы туған төл мен табиғи жолмен туған төлдердің айырмашылығын зерттеймін. Жалпы, бұл жүйенің артықшылығы өте көп. Мұны мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлердің көбі түсінбей жүр. Бірінші пайдасы — қораңыздағы қара мал түлігін жылдам және оңай жолмен асылдандыру болса, екінші пайдасы – сүт беру өнімділігін арттыру. Мысалы, бір сиыр өмірінде 6-8 рет бұзаулайтын болса, мұндай жолмен бір сиырдан 3-тен 50-ге дейін асыл тұқымды төл алуға болады. Нақтырақ айтқанда бір сиырдан алынған эмбриондар дәл сондай сиырға отырғызуға жеткілікті деген сөз. Қара малды селекциялық жолмен де асылдандыруға болады. Бірақ ол үшін шамамен 15 жыл уақыт керек. Мысалы, алдымен бұқаны таңдап, оған арнайы табын құрасыз. Содан сиырларды туғызып, оның төлінің үш жасқа жетуін күтесіз. Осылай төртінші буынға жеткенде ғана толық донор болады екен. Ал эмбриондарын көшіріп отырғызу арқылы туған трансплант-бұзаулардың бірінші буыны-ақ нәтиже береді, - дейді Болатбек Әтейханұлы. Ғалымдар соңғы екі жылдың ішінде 200-ден астам сиырды осындай жолмен ұрықтандырған. Қазір олардың 60 пайызы бұзаулап, төлдері өсіп, жетіліп жатыр. Мұндай технологияны ет бағытындағы малдарға да қолдануға болады.


Бұл технологияны елімізде дамытуға билік тарапы да қызығушылық танытуда. Былтыр ҚР Білім және ғылым министрлігі Дүниежүзілік банкпен бірлесіп «Өнімді инвестицияларды ынталандыру» жобасын жүзеге асырған. Сол жоба бойынша 25 миллион теңге бөлінген. Қаражатқа біздің мамандар бірнеше шет елге – Израильге және Германияға барып, эмбрион ұрығын көшіріп отырғызудың тәсілін меңгеріп келді.


Тағы бір бөлігіне қажетті құрал-жабдықтар мен гормондар сатып алынды. Сонымен қатар, осы технологияны қолдану арқылы түлігін асылдандырған шаруашылыққа субсидия қарастырылған. Мысалы, бір сиырды іштендіру құны 50 мың теңге болса, мемлекет әрбір трансплантант-бұзау үшін 80 мың теңге субсидия береді. Яғни, шығынды артығымен өтеп отыр. Ондағы мақсат асыл тұқымды бұзаулардың күтіміне көңіл бөліп, түрлі ауру-сырқаулардың алдын алу.


Бүгінде аталмыш жаңа технологияны облыста бірнеше шаруа қожалығы ғана қолданады. Солардың бірі - Шарбақты ауданындағы «Победа» ЖШС. Бұл шаруашылықта қара малдың сүт бағытындағы симментал тұқымы өсіріледі. Мұнда былтыр жасаған тәжірибе сәтті жүзеге асып, туған төлдері өсіп-өніп жатыр.
С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің агротех-нологиялық факультетінің деканы Тоқтар Бексейітовтің сөзінше, осы факультетте ауыл шаруашылығы саласы бойынша 700-дей студент білім алуда. Олар мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы, орман шаруашылығы, агрономия және биотехнология мамандықтарын меңгеріп шығатын болады. Осыдан бірер жыл бұрын университет пен «Победа» шаруашылығының бірлескен келісімшарты негізінде дуалды оқыту жүйесі дүниеге келген. Бұл студенттер үшін тиімді болғанын айтады мамандар. Себебі, олар аудиторияда тыңдаған лекциясы мен алған теориялық білімді осы кешенде тәжірибемен ұштастырады. Қазіргі таңда студенттер кезекпен шаруашылық базасына келіп, тәжірибеден өтуде. Мысалы, бір топтың ішінде он шақты студент келіп, жеті күн жұмыс істейді. Сонда бір студент жылына шамамен 6-7 рет келеді екен.


- Жастар теорияны қанша көп оқыға-нымен, тәжірибесі болмаса, олардан білікті маман шықпайды. Осы жерде болашақ мамандар мал шаруашылығымен тікелей араласып, барлығын қолмен ұстап, көзбен көруде. Мұнда суденттер үшін жан-жақты жағдай жасалған. Жатын орын мен тамақ тегін. Тек өздерін болашақтағы осы мамандықтың иегері ретінде қарап, ауыл шаруашылығын дамытуға деген ынта болса болғаны. Мысалы, мал төлдеу уақытында келсе төлдердің салмағын өлшеу, азықтандыру, бір топтан екінші топқа ауыстыру, белгі салу сынды жұмыстарын істейді. Ал агрономдар көктемде егін отырғызу жұмысын істеп үйренсе, күзде өнім жинауға қатысады. Қазірдің өзінде бес-алты түлегіміз тұрақты жұмысқа орналасқан. Шаруашылық басшысы оларға баспана берді, - дейді Тоқтар Кәрібайұлы.


Тілеуберді САХАБА

Орловка ауылы,

Шарбақты ауданы.