Экология - әл-ауқат деңгейі

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықтың әл-ауқатын жақсарту бағытындағы бастамасының бірі экологиялық ахуалды оңалту болады. Бұл туралы Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында ашық мәлімдеді. Павлодар өңірі қоршаған ортаны оңалтуға мұқтаж өңір екенін ескерсек, түйткілдің біздің тұрғындарға қаншалықты маңызды екенін бағамдай беріңіз.

 

«Халықтың әл-ауқаты қоршаған ортаның сапасына да тікелей байланысты. Сондықтан біз жаңадан Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігін құрдық. Оның басты мақсаты – аймақтардағы экологиялық ахуалды жақсарту, табиғи ресурстарды нәтижелі пайдалану», деді Президент.


Сондай-ақ, елдің экологиялық заңнамасын үздік халықаралық стандарттарға сәйкес-тендіру қажеттігін ескертті. Бірақ бұл өзгеріс біздің мүддемізге қайшы келмеуі керек. Яғни, мәселеде барлық тұстарды ескеру қажет. «Жаңа экологиялық кодекс «Ластаушы төлейді» деген қағиданы ғана емес, сондай-ақ «Ластаушы түзейді» деген принципті қарастыруы керек», деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.


Президенттің айтқанындай, бүгінде барлық ірі кәсіпорындардың зиянды қалдықтар шығаруды түбегейлі азайту және жаңа тазарту технологияларын енгізу бойынша нақты жоспарлары болуға тиіс. Одан басқа, әкімдер жұртшылықпен келісе отырып, экологияны жақсарту бойынша кешенді жоспарларды іске асыруы керек. Мағзұм Мырзағалиев жетекшілік ететін жаңа министрліктің нәтижелі жұмысына да көп үміт артылады.


Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Павлодар облысына сапары барысында да (27 сәуір 2019 жыл) үш міндеттің бірі ретінде осы экология проблемасына тоқталған болатын. Облыста ауызсумен қамту мәселесімен қатар, экологиялық ахуал түбегейлі істерді қажет етеді.


- Экология мәселесінде ештеңені назардан тыс қалдырмау керек, бәрін жіті бақылау керек. Әсіресе, облыста индуст-риалды жобалардың көбейетінін ескеру керек. Біз халықтың денсаулығына, салауатты өмір сүруіне зор көңіл бөлеміз. Бірақ кәсіпорындардың бақылаусыз түрде қалдықтар шығарып жатқанына куә болып отырмыз. Өндірістік өңірлерде шектен тыс экологиялық ахуал қалыптасып отыр. Бұл жайтты драмаға айналдырмай-ақ Үкіметке және әкімдікке осы мәселені айрықша назарға алуды сұрар едім. Қалай дегенмен, экология мәселесі - барлық әлемдік қауымдастықтың қадағалауында. Мемлекет рейтингіне де экологиялық қауіпсіздік деңгейінің өзіндік әсері бар, - деген сондағы кездесуде Қ.Тоқаев.


Жалпы, Павлодар өңірінде экологиялық ахуалды жақсарту бағытында соңғы жылдары едәуір жұмыстар атқарылуда. Осы орайда облыс әкімі Болат Бақауовтың бастамасымен 2018 жылдың «Экология жылы» деп жариялануын айтсақ та болар. Былтыр осы мақсатта бірқатар істер тындырылды. Атап айтқанда, ірі кәсіпорын басшылары бұқаралық ақпарат өкілдеріне тоқсан сайын қоршаған ортаны қорғау бағытында атқарылған істер бойынша, қабылданған бағдарламалар бойынша есеп беріп тұрды. Әкім айтқандай, бұл шаралар 2018 жылмен шектеліп қалған жоқ. Бастысы, қай тұста олқылықтары бары анықталды. Ендігі жерде жұмысты әрі қарай жүйелі түрде ширатуға мүмкіндік бар.


Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов жазғандай, «үлкен істі атқаруға ең алдымен ниет, сосын күш пен тәртіп керек». Облыс басшысы Болат Бақауов «экология жылы» деп жарияланғанда, өңірдегі кәсіпорын директорлары демін ішіне тартып қалғанын айтқан еді. Яғни, бұдан былай шығарылған қалдықтар бойынша сұраныс, талап мәселесі өспесе, кемімейтінін түсінді. Яғни, бұдан былай табиғат ластаушылар аяғын аңдап басып, әр қадамына есеп беруге іштей бекініп жүретін болады. Бұл да болса үлкен істің басы. Айтпақшы, жуырда облыстағы ірі кәсіпорын қалдықтар көлемін 30 пайызға өсіргені үшін жауапкершілікке тартылған болатын. Бұл да қанша қалталы болса да, компаниялар ноқта-шылбырсыз кетпейтінін меңзейді.


Әрине, бұған дейін Еуразиялық топ, тағы басқа ірі кәсіпорын басшыларымен келісім негізінде өңірде спорт сарайы, оқу орны жатақханасы, тұрғын үйлер секілді әлеуметтік нысандар салынуда. Бірақ бұл жеткіліксіз.


Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай, заманға сәйкес талаптарды жаңа заңна-маға енгізу керек. Осы орайда Павлодар облысының да өзінің қосар ұсынысы бар деп білеміз.


Экология ол табиғатты қорғау ғана емес, экология - ол халықтың денсаулығы. Павлодар өңірі өкінішке қарай, онкологиялық аурулар бойынша республикада алда келеді. Бұл ретте экологиялық зиянды қалдықтардың әсері жоқ деуге еш келмес. Аурудың дендеуіне жол бермеу осы табиғатты таза ұстаудан басталады. Өндірістегілер сүзгіш құрып, озық технология пайдалануға тиіс.


Президент тапсырғандай, кәсіпорындар тиісті бағдарламаларын құрса, одан басқа әкімдер де жұртшылықпен бірлесіп ахуалды оңалту шараларын іске асырса, аспанымыз ашылып қалар деген үміт бар.

 

Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ