Жазда да жанталас тірлік

Диқандар жаз айларында да дамыл таппайды. Бүгінде аймақ шаруалары аптап ыстыққа қарамастан, егіс танабын өңдеу және егістік алқаптарындағы зиянды шөптерді химиялық отау жұмыстарын жүргізуде. Мал азығы дайындалуда.

 

Апта басындағы көрсеткішке сәйкес облыс бойынша 220 мың тоннаға жуық шөп шабылған. Облыс шаруалары жоспарланған 175 мың гектар танапта пар өңдеді.


Қазіргі кезде аталған аумақтарда топырақты екінші қайтара өңдеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұдан бөлек, диқандар егістік алқаптарын арам шөптерден тазарту мақсатында химиялық отау жұмыстарын қоса атқаруда. Жоспар бойынша 550 мың гектарға жуық алқапта химиялық отау жүргізілуі тиіс болатын. Жалпы алғанда бұл жоспар орындалды. Тек аудандар арасында ала-құлалық байқалады. Мысалы, Успен және Шарбақты аудандарында көрсеткіш төмен. Есесіне өзге өңірлер межеден аса орындаған.


Қыс қамын жаз ойлайтын диқандар мал азығын дайындауға ден қойып отыр. Ауа райы тағы біраз уақыт ыстық күйінде сақталса, шөп уақытынан бұрын қурап
қалуы ықтимал. Осыны ескерген шаруалар әр күнді ұтымды пайдалануға тырысуда. Облыс бойынша шөп шабу жұмыс-тарына 1600-ден астам техника жұмылдырылған. Апта басындағы көрсеткішке сүйенсек, аймағымызда 400 мың гектарға жуық алқапта шөп шабылған. Бұл - жалпы жоспардың шамамен 30 пайызы. Өнімділігі де жақсы. Гектарынан 5-6 центнер көлемінде шөп шабылуда. Өкінішке қарай, жиналған мал азығын қыстауларға жеткізу көрсеткіші көңіл көншітпейді.


Данияр ЖҰМАДІЛ