Күл – кәсіп

Ауылдағы ағайын қара күзден ерте көктемге дейін от жағып, жаз келгенде одан шыққан күлді қайда жіберерін білмей дал болады. Бірі арнайы көлік жалдап, сыртқа шығарса, енді бірі ойлы-шұңқырлы жерлерді тегістеуге пайдаланады. Ал өндірістік орындардан шыққан күл кейбір тұрғындарға, тіпті компанияларға қыруар қаржы әкеліп отыр. Олар отынның қалдығын жинап, тапсырып, өңдеу арқылы айтарлықтай табыс табады.

 

Күндіз-түні күл жинап...

 

Естеріңізде болса, осы жылдың мамыр айында Ақсу қаласының маңындағы «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» мен «Қазақстан электролиз зауытының» бұрынғы күл үйіндісінде адам қарасы көбейген-ді. Қызғылт сары жилет киген жүздеген адам мен ондаған техника жерді қазып, оның астынан шыққанды қапқа салып, жүк көліктеріне тиеп, әкетіп жатты. Әуелде мұнда алтын іздеп жүр деген қауесет тарады. Кейін белгілі болғандай, жұрт күл үйіндісінің арасынан микросфера іздепті. Ол – диаметрі жүздеген микрометр болатын шар тәрізді элемент. Ескі күл үйінділерінен дәл осы элементті қазып алып жатқан тұрғындар оны сатып, қыруар қаржы тапты.


Мәселен, Еркебұлан есімді азамат бір қап күлдің бағасы 3 мың теңгеден 5 мың теңгеге дейін сатылатынын айтқан еді. Осылайша, бір адам күніне кем дегенде 15-20 мың теңгеден пайда түсірді. Тіпті, кейбіреулер түні бойы кірпік айқастырмай әлгі күл үйіндісінен қап-қап қылып күл жинады. Кейбір деректерге сүйенсек, Польша, Қытай және Украина елінің компаниялары күлдің бір тоннасын 300-500 мың теңгеге сатып алды.


Ал экологтар мен жергілікті билік өкілдері тұрғындардың бұл әрекеттері заңға қайшы екенін алға тартты. Кейін бұл іске тәртіп сақшылары да араласты. Жергілікті полиция қызметкерлері 30 адамға қатысты әкімшілік іс бастап, олардың бірқатарына 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салды. Жалпы, бір айға жуық уақыт аралығында күл жинаушылар 1,5 шақырым жерді қазып тастапты.


Екібастұз қаласының маңында да күлдің саудасы «күйіп» тұр. ГРЭС-1 және ГРЭС-2 электр станциялары өз күлін төгетін Қарасор өзенінің бойында адам қарасы қалың. Бірақ мұнда заңсыз күл жинайтын қарапайым тұрғындармен қатар, тиісті рұқсатқағаздарды алған 4 компания жұмыс істейді. Микрос-фера алумен айналысатын сондай компаниялардың бірінің өкілі Сабыржан Қанапияновтың айтуынша, Екібастұз және Ақсу қалаларына қарасты ауылдарда 30-40 күл қабылдау пункті бар. Олардың барлығы күлді заңсыз жинау-шылардан қабылдайды.


- Екібастұздағы ГРЭС-пен де келісімге келгенбіз. Соған сәйкес, жинаған микросфераның бір тоннасы үшін 50 мың теңге береміз. Оған қоса, осы уақытқа дейін мемлекетке 47 млн. теңгеден астам салық төлеп, 100-ге жуық тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтып отырмыз. Біздің ісіміз заңды, - дейді С.Қанапиянов.


500 млн. тонна қалдық бар


Тұрғындар заңды және заңсыз жолмен күл жинаған соң, оның құрамындағы микросфералар тазартылып, өңделеді. Дәл осындай іспен «Павлодар» арнайы экономикалық аймағындағы «Металлогамма» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі айналысады. Алюмосиликатты шарларды шығару үшін шикізат ретінде жылу-электр станцияларынан шыққан күлді пайдаланады.


Аталмыш жоба осыдан 3 жыл бұрын басталып, зауыт былтыр іске қосылды. Осы уақыт аралығында ресейлік инвес-тор Дмитрий Гребенщиков жобаның жүзеге асуы үшін 1 млрд. теңгеге жуық қаржы жұмсады. Кәсіпорынды жабдықтаудың өзіне 545 млн. теңге бөлді.


- Екібастұз қаласындағы ГРЭС-1 және ГРЭС-2 көмірді жағып, одан электр және жылу энергиясын алады. Ал біз сол көмірден пайда болған күлдің
5 пайызын өңдейміз. Одан физикалық-механикалық қасиеттерге толы, ішінде газы бар, өлшемі 500 микрон болатын шар дайындалады. Бір тонна өнім алу үшін екі тонна шикізатты бірнеше сатыдан тұратын өңдеуден өткіземіз. Дайын болған өнім мұнай-газ және құрылыс салаларында жоғары сұранысқа ие. Алюмосиликатты микросфераларсыз мұнай ұңғымаларын бұрғылау мүмкін емес. Сондай-ақ, оны тұрғын үйлер мен басқа да ғимараттар құрылысында тығыздағыш материал ретінде қолдануға болады. Яғни, шарларды цементке араластырса, кейін ол жылуды жақсы ұстайды. Бүгінде кәсіпорын жылына 3700 тонна өнім шығаруға қауқарлы. Толық қуаттылыққа көшкен соң бұл көрсеткішті 13,5 мың тоннаға жеткіземіз, –  дейді Д.Гребенщиков.


Алюмосиликатты микросфераның барлығы экспортқа жол тартады. Атап айтқанда, дайын өнімнің 90 пайызын Ресей, қалған 10 пайызын Польша, Германия және Испания елдеріндегі кәсіпорындар сатып алады. Былтыр 2,5 тонна шарды сыртқа жөнелтсе, биылғы тапсырыс 4 мың тоннаны құрап отыр. Жыл басынан бері оның 500 тоннадан астамын шетелдік тұтынушы-ларға жеткізіп үлгеріпті.


Тағы бір инвестор – ирандық «Hamadan Mineral Fiber Company» компаниясы біздің өңірде 1 млн. тонна күл өңдеуге ниетті. Жобаның құны 33,9 млрд. теңгені құрамақ.


- Қазіргі уақытта зауыт салынатын алаң қарастырылуда. Шикізат ретінде Екібастұз ГРЭС-1 және Ақсу электр станциясының күлі пайдаланылады. Оларды өңдеу арқылы құрылыс материалдары мен шыны ыдыстар шығару жоспарланып отыр, – дейді «Салават КДМ» ЖШС директоры Дамир Тұрақбаев.


Ресми дерекке сүйенсек, елімізде 500 млн. тонна күл үйіліп жатыр. Мәселен, Екібастұз ГРЭС-1 кәсіпорнында 34 млн. тонна күл жиналған. Жыл сайын елімізде 19 млн. тонна көмір қалдығы шығарылып, оның небары  1,9 млн. тоннасы өңделеді. Бұлай жалғаса берсе, келесі жылы жиналған күл көлемі 650 млн. тоннаға, ал 2030 жылы 1 млрд. тоннаға дейін жетуі әбден мүмкін. Қазірдің өзінде Нұр-Сұлтан, Алматы, Өскемен қалаларындағы жылу-электр станциялары күлді қайда үйерін білмей әлек. Күл полигондарын қалпына келтіруге 5 млрд. теңге, ал жаңасын салуға 10-20 млрд. теңге қаражат қажет. Бетон, цемент және құрылысқа қажет құрғақ қоспалар шығаратын отандық зауыттар жылу, электр станцияларының қалдықтарын қолданған күннің өзінде олардың сұранысы тек 8 млн. тоннаны құрайды. Бұл барлық көлемнің 25 пайызы ғана. Ал қалған 75 пайыз күл ашық аспан астында өңдеусіз қала бермек.


Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА