Ғұлама ұстазға құрмет

Павлодар қаласында ғасыр XX басындағы қазақтың ірі ағартушыларының бірі, қайраткер, қазақтың дарынды тұлғаларының ұстазы болған әйгілі жерлесіміз Әбікей Зейінұлы Сәтбаевтың құрметіне мемориалдық тақта ашылды. Ескерткіш тақта қаланың тарихи аумағы саналатын бұрынғы екі кластық орыс-қазақ училищесінің ғимаратында (қазір «ЭКО» баспаханасы орналасқан) орнатылды. Дәл осы мекемеде 1910-1916 жылдар аралығында Ә.Сәтбаев училище директоры қызметін атқарған. Ж.Аймауытов, Қ.Сәтбаев, Ә.Марғұлан секілді қазақтың маңдайалды дарындарын оқытқан, жарық жол сілтеген ғұлама ұстаз қандай құрметке болсын лайық тұлға.


ХХ ғасыр басында өзінің ерекше педагогикалық қызметімен көзге түскен ағартушы қайраткер, Алашорда үкіметінің мүшесі Әбікей Зейінұлы Сәтбаевқа естелік тақта орнату идеясы Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры Алтынбек Нухұлына тиесілі. Салтанатты шараға Ә.Сәтбаевтың жиені, Дәнел Әлкейқызы Марғұлан, осы әулетке күйеу бала болып келетін Қазақстанның Еңбек Ері Рышат Әміренов, ақын Жұмағали Қоғабай жұбайы Райхан Тілеубекқызымен, шетелдік және отандық зерттеуші ғалымдар, жергілікті ақын-жазушылар мен зиялы қауым қатысты.


Шараны белгілі қаламгер, өлкетанушы Сайлау Байбосын өзінің арнау өлеңімен ашты. Бұдан соң Ә.Сәтбаевтың жиені Дәнел Әлкейқызы өзінің естеліктерін айтты.


- Әбікей Зейінұлы атамызды біз көрген жоқпыз. Ол туралы әжеміз Хамида Сұлтанбаева көп айтатын. Кезінде ұлт қайраткерлеріне білім берген, өзі де көптеген ағартушылық қызметтің басы-қасында жүрген атамыздың жала жабылып, қай жерде қаза болғанын білмейміз. Жатқан жерін де анықтау мүмкін болмады. Әжеміз үміт үзбей, оны өмір бойы күтті. Шүкір, бүгінде ұрпақтары өніп-өсіп келеді. Араларында елге танылған атақты азаматтар бар. Мәселен, Есен Бектұров -
Қазақстанға танымал химик, Мұсахан Шернияз - әйгілі скрипкашы. Осындай ұлағатты шара ұйымдастырып, Әбікей Сәтбаев атамыздың рухына тағзым етіп отырған Алтынбек Нухұлы бауырымызға ризашылық білдіремін. Атамыздың аруағы қолдасын, еңбегіне береке тілеймін, - деді.


Өз сөзінде Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры, химия ғылымдарының докторы Алтынбек Нухұлы Әбікей Сәтбаевтай ұлт қайраткерінің осы уақытқа дейін елеусіз қалып келгені ұрпақтар үшін кешірілмес дүние болғанын айтты.


- Жапон халқының ұстазына деген құрметі сондай, оның көлеңкесін де баспайды екен. Біз Алаш арыстарына білім берген ғұлама ұстаз Әбікей Сәтбаевтың есімін ұмыта бастағандаймыз. Әлемге әйгілі Қаныш Сәтбаевтың өзі Принстон университетінде толтырған анкетасында былай деп жазба қалдырыпты: «Мен білім алуыма зор септігін тигізген туысқан ағам, қарт интеллигент Әбікей Зейінұлы Сәтбаевқа өзімді ғұмыр бойы қарыздармын деп есептеймін». Кейін Ә.Сәтбаев Семейде ашылған тұңғыш Қазақ педагогикалық училищесінің директоры болды. Онда Қаныш Сәтбаевпен қатар Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов және Әлкей Марғұлан сынды ұлттың ардақты ұлдарына дәріс берді. Осындай ұлтқа қызмет еткен ғұламаны ұрпақтар жадында жаңғырту мақсатында 2002 жылы Павлодар педагогикалық институты алдында Әбікей Сәтбаевқа ескерткіш қойылды. Бүгін облыстың мәдени өміріндегі елеулі оқиға –
қайраткер ұстаздың естелік тақтасы өзі қызмет еткен орыс-қазақ екі кластық училищесінің ғимаратында орнатылып отыр. Бұған дейін бұл жерде Қаныш Сәтбаевқа және Жүсіпбек Аймауытовтың осында білім алғаны туралы ескерткіш тақталар тұрса, ендігі жерде оның қатарында ұстаздары болған Әбікей Зейінұлына арналған мемориалдық тақтаның орнатылуы әділдік болды деп ойлаймын. Ақын Арман Қани ағамыз айтқандай, әбікейтану бойынша қозғалыс енді басталды, - деді А.Нухұлы.


Өкінішке қарай, Қазақстан халқы атақты академик-геолог Қаныш Сәтбаевтың есіміне қанық болғанымен, оның ұстазы, ағасы Әбікей Зейінұлы Сәтбаев туралы көп білмейді. Оның себебі де жоқ емес. Ұлт қайраткері 1938 жылы «халық жауы» ретінде айыпталып, жазықсыз атылған. Ағайын-туыстары да қуғынға түсіп, айдалған, опат болған. Бұдан кейін оның есімін ауызға алу да мүмкін болмаған. Дегенмен Ә.Сәтбаевтың қайраткерлігі туралы Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» романында, 1929 жылы шыққан «Алашорда» атты құжаттар жинағында мәліметтер келтірілген. Ол Алашорда үкіметінің мүшесі болған, земствоның ісіне араласқан. Бірақ саясаттан гөрі ұстаздық-ағартушылық қызметке басымдық берген.


1881 жылы Баянауыл ауданы қазіргі Мұса мырза (Теңдік) ауылының жанындағы Айрық мекенінде дүниеге келген. Атасы Сәтбай немересіне бата беріп, бастапқы білім алуына қолғабыс жасаған. Әуелде ауыл мектебінде, кейін Омбының мұғалімдік семинариясында оқыған. 1905 жылы Әбікей Сәтбаев Баянауылдағы орыс-қазақ мектебінде мұғалім болса, кейін 1909 жылы Керекудегі екі кластық орыс-қазақ училищесінде орыс тілі мен әдебиеті, тарих, география мәндерінен сабақ береді. 1910-1916 жылдары осы училищеде директор қызметін атқарады. Бұл училищеде 1911-1913 жылдар арлығында қазақтың көркем жазушысы Жүсіпбек Аймауытов пен болашақ әйгілі академик Қаныш Сәтбаев оқып білім алған.


Әбікей Зейінұлының ұлт-азаттық қозғалыстың ірі көсемі, ағартушы, ғалым, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлымен тығыз қарым-қатынаста болғаны айтылады. Екеуінің қатар тұрып түскен суретінде сақталған. Павлодардағы қызметінен кейін 1920 жылы Семейге ауысқан Ә.Сәтбаев, губерниялық оқу-ағарту мекемесінде, мұғалімдер семинариясында еңбек етіп, Қазақстанда мұғалімдер даярлайтын тұңғыш оқу орындарының бірі – Семей педагогикалық техникумының тұңғыш директоры болып тағайындалады (1922 жыл, 4 желтоқсан). Осы тұста Әбікей Зейінұлынан қазақтың беткеұстар ірі тұлғалары, ұлт қайраткерлері Жүсіпбек Аймауытов, Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан тәлім-тәрбие алады.


Ә.Сәтбаевтың қайраткерлігі туралы Ә.Марғұлан, Қ.Мұхамедханов секілді ұлт зерттеушілерінің айтқан пікірлері көп. Бәрінде оның халықа арнаған еңбегі ерекше аталады. Ә.Сәтбаев туралы алғаш мәлімет ол тек ақталғаннан кейін, 1977 жылы Қазақ совет энциклопедиясында жарық көреді. Сәтбаевтар әулетінің қуанышында шек болмайды. Сол кезде басталған қайраткердің еңбегі, есімін жаңғырту жұмыстары әлі күнге дейін жалғасуда. Айта кетерлігі, Павлодар педагогикалық университетінің ұйымдастыруымен жуырда «Ұлағатты ұстаз Әбікей Сәтбаев» атты жинақ кітап жарық көрді. Шәмшиябану Қанышқызы Сәтбаеваның қазақ және орыс тілдерінде әзірлеген ерен еңбегінің негізінде дайындалған, қосымша ғалымдардың зерттеулері мен туыстардың естеліктері енгізілген екен.


Осылайша, Павлодар өңіріндегі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атғы бір қайраткердің есімі жаңғырып, ұлттық рухымыз бір серпіліп қалды.

 

Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ