Тектіліктің тұғыры

Павлодар облысы Ақтоғай ауданында Исантерек деген жер бар. Сол өңірдің аумағындағы қорымдарда Алан би Әйтейұлы, онымен бірге, әр жылдары ел басқарған, қажы атанған ұрпақтарының жамбасы жерге тиген. Бұл тақырыпты қаузамас бұрын, ең бірінші Исантерек атауының қайдан шыққаны туралы жобалауымызды айта кетсек.


Кешегі болыс заманында жерлер әкімшілік аумақтарға бөлінген уақытта аталмыш ауыл Алқакөл болысының аумағында болған. Ал ауылдың аты неге Исантерек? Ақтоғай ауданына қарасты Жаңабет ауылының молдасы болған, марқұм атам Темірғалы Бөженұлынан төңіректегі елді мекендер мен жер-сулардың атын түстеп, тарихын сұрағанда: «Бұл Исанның терегі дегеннен шыққан болуы керек. Исан деген кезінде елге үкімі жүрген ру басындағы адам болған деседі. Мына Жаңатап пен Исантеректің ортасындағы көк теректерді сол кісі еккізген дейді-мыс. Содан Исанның терегі деген сөз қалған. Бұл енді елдің аузындағы ауызекі әңгіме ғой, нақты саған дәлелдеп беретіндей Исанның тал егіп жүрген суреті жоқ», - дегені есімде. Исанның терегі деген шындыққа жанасатындай. Белгілі өлкетанушы, тарихшы Дәурен Аяшиновтың «Алкакольская (Актылес-Кушук-Найман-Басентеинская) волость. Павлодарский уезд» атты мұрағаттар қорындағы деректерді алға тартып жазған мақаласында, Исан Төлендиннің төрт мәрте би болғаны айтылады. Яғни, 1904 - 1908 жылдары бесінші ауылға би болған. Сонымен қатар 1912 және 1913 жылдары сол ауылда би қызметін атқарған екен. Исанның тоғыз жыл қатарынан би қызметіне сайланғанына қарағанда оның белді адам болғаны анық. Ал Павлодар облыстық Мемлекеттік мұрағатында аграном И.Ивановтың редакциялауымен жинақталған «Материалы по обследованию естественно-исторических и хозяйственно-экономических условий земель Алкагульской волости Павлодарского уезда Семипалатинской губернии. Получение при проведении сплошного государственного землеуст-ройства в 1927 году» атты еңбегінде Алқакөл болысы аумағында орналасқан ауылдық бірлестіктердің жылдың төрт мезгілінде мекен ететін қоныстарының атауы берілген. Сол кесте бойынша Исан ауылының егістігі орналасқан жері, көктеуі мен күзеуі Ақөгіз және Үшбала, қыстау мен шабындық атауы Құлынкеткен, жайлауы Шаңды, Бұлақ (Шаңдыбұлақ болуы мүмкін. Автор) екені көрсетілген. Ал Семипалатинск губерниясы, Павлодар уезі, Алқакөл болысындағы қазақ халқының және шаруашылықтар саны деген кестеде Исан ауылында 54 шаруашылық тіркеліп, халық саны 233 адамды құрағаны жазылған. Бұл бұлтартпас мұрағат қорында сақталған дерек. Осы аталған тарихи мәліметтерге қарағанда, Исантерек ауылының атауы барша қауымға бас болған Исан Төлендинге тікелей қатысы бар секілді. Айтпақшы, Алан би Исанның аталас ағасы екенін де айта кеткен абзал. Сонымен қатар, ел ішінде бұл төңіректе Иса мен Есен деген адамдар өмір сүрген, тал егіп, ағаштан үй салған, содан бастап ауыл Исантерек деп аталып кеткен деген де сөз бар. Ауылдың аты туралы әзірге қолымызда осындай ғана деректер бар.


Енді Алан биге оралсақ. Белгілі өлкетанушы Тілеке Жеңістің «Шежіре. Ертіс Баянауыл өңірі» атты кітабында Алан бидің шежіресі былай тарқатылады. Арғын – Бәсентиін – Ақтілес – Жауғаш – Мәмек – Шақшан – Жайлау – Әйтей - Алан. Ал Аланнан төрт ұл тарайды. Олар: Тінәлі, Жанәлі, Манатай, Елубай. Тінәліден Елке, Ерәлі, Мұстафа туса, Манатайдың кіндігінен Атымтай, Мәден, Мәнер, Мақанәлі және Жанкүнім деген қыз тараған. Ал Кененбайдан Шұғайы пен Садуақас өрбиді. Тілеке Жеңістің шежіре кітабында Кененбай қажы «Кенжебай» деп қате жазылған екен. Мұндай кітапты шығарудың өзі ерлік пен маңдайдың соры екенін ескеріп, түсіністікпен қарауларыңызды сұраймыз. Жалпы жоғарыда аталған адамдардың бәрі де заманында ел ішінде билігі жүрген, бес уақыт намазын қаза қылмаған діндар да ықпалды жандар болған.


Алқакөл болысы аумағында өткен діни тұлғалар туралы деректер қорын жинақтап жүрген, бидің ұрпағы Рауан Сейфолла Әйтей ұлы Алан би шамамен 1790-1850 жылдары өмір сүргенін айтады. – Бабаларымыз туралы әңгімелердің көбісін аталарым Темірғалы Сейфуллин, Мақсұт Мақаналин сынды ақсақалдардан естідім. Бабаларымыздың би, елге тұтқа болғаны жыйлы әңгімелер олар туралы зерттеулер жасуға деген қызығушылығымды оятты. Біраз деректерге қанық болдым. Мысалы, Дала заңының білгірі болған атақты Алан би атамыз аймағы қадір тұтқан ақсақал, елдің көшін алға бастаған қазыналы тұлғалардың бірі болған. Осы қасиеттерін ескере отырып, Бәсентиін Ақтілес-Күшік болысында билікке сайланған. Әке жолын жалғаған, шамамен 1810-1875 жылдары өмір сүрген ұлы Тінәлі болса бозбала кезінен билікке араласқан. Тінәлі билігін әділ жүргізгенінің арқасында елге қадірі артқан. Мемлекеттік мұрағатта ықпалды қазақтар тізімінде есімі жазылған. Тінәлі бидің мөрі басылған құжат сақталған. Ұрпақтары былтыр бүгінгі ұрпақ біліп жүрсін деген ниетпен Исантерек ауылындағы Бестам зиратында белгітас орнатты, - дейді ол.


Болыстар тарихына үңілетін болсақ, Алан би 1830-1842 жылдары Ақтілес-Күшік болысының Мәмек-Шақшан әкімшілік бөлімшесінде Өте Бәйтерек және Шәуек Жоламанмен бірге би қызметін атқарғаны туралы дерекке қанығамыз. Ал 1842-1857 жылдары аталмыш бөлімшенің старшыны болған екен. Отыз жылға жуық уақыт бойы би тұғырынан таймаған. Тінәлі де 1860-1869 жылдары осы бөлімшенің старшыны міндетін атқарған. Тінәлінің кіндігінен Елке, Ерәлі, Мұстафа, Кененбай деген төрт ұл тарайтынын айттық. Төртеуінің төрт тарабындағы жақын түгілі жатқа сыйлы да беделді болғаны соншалық, ел ішінде «Тінәлінің төртеуі» аталатыны да рас. Мұстафа Тінәлі баласы 1878 және 1880 жылдары, ал Елке Тінәліұлы 1889 жылы Алқакөл болысында басым дауыспен би болып сайланған. Ф.Щербинаның 1903 жылы Воронеж қаласында баспадан шыққан «Материалы по киргизскому землепользованию. Павлодарский уезд. IV том» атты еңбегінде Мұстафа Тінәлі баласының әкімшілік ауыл ақсақалы болғанын, ал қонысы Соқыркөл екені жазылады. Ел ішінде ол кісі ішке кетіп, содан оралмаған деген сөз бар. Қандай себеппен кеткендігі туралы нақты дерек жоқ. Ал Кененбай Тінәлі баласының зиратындағы құлпытаста 1850 жылы туып, 1930 жылы дүниеден өткені жазылған. Ал Жұлдыз Қалиеваның «Паломники в Мекку с Павлодарского Прииртышья» атты еңбегінде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік мұрағатында сақталған 1909 жылы Семипалатинск облысы, Павлодар уезінен Меккеге барған қажылардың тізімінде «Кененбай Тленалин – 58 лет» деп көрсетілген. Бастысы ол кісінің туған жылы туралы айырмашылық емес, елге сіңірген еңбегі маңызды. Қазіргі күні Исантерек ауылында Кененбай деген топонимикалық атаулар сақталған. Кененбай қажының кіндігінен Шұғайып және Садуақас деген ұлдар тарайды. Садуақас Кененбайұлы - Исан Төлендинмен бірге 1912 және 1913 жылдары Алқакөл болысының бесінші әкімшілік ауылында би болған адам. Ағасы Шұғайыппен екеуі кешегі ақ пен қызылдың аласапыран заманында қызылдарға қарсы күреске қатысқан деген ел арасында әңгіме бар.


Алан бидің екінші баласы - Жанәлі. Белгілі ақын, өлкетанушы Қимадиден Нығыманов аяқталмаған «Атырау» атты Жақсыбай Құттықадамұлының өміріне арналған деректі романының Арқаға аты кеткен Бежу Итемгенұлы туралы бөлімінде былай дейді: «Бабақ жылқысын түгел көз алдынан өткізгенмен көксеген бәйге атын таппады. Ағайын көрші елдің жылқысын да аралады. Жаналының Қара аты, Есеттің Көктұйғыны, Молдабайдың Көк дөнені деген жүйріктерді де көрді. Олар талай бәйгеде жүлде алған жүйріктер болатын». Жанәлі қолына дәулет біткен, атақты атбегі болған жан екен. Жоғарыда аталған Қара атының дақпырты алысқа тараған. Сонымен қатар, Қимадиден Нығымановтың қолжазбасында Жанәлінің Шылғиторы деген жүйрігі болғаны жазылады. Белді бір адамның асында ұйымдастырылған бәйгеге апарған уақытта кермеде байланып тұрған кезде сымбатына сүйсінгендердің тіл-көзі тиген екен. Ертеңгі күні бәйге басталған кезде Шылғиторы орнынан оқтай атылып кеткенімен, орта жолда сүмектей болып терлеп, тапырақтап шаба алмай қалыпты. Сол күйінде бас бермей жайылып жүрген қойлардың ортасына жетіп, төрт аяғын төрт жаққа талтайтып сұлық тұра қалыпты да, көпіртіп ұзақ сарыпты. Содан кейін барып есін жиып, бауырын жаза шапқанда қозыкөш жерге ұзап кеткен аттарды қуып жетіп, бәйгелі болыпты деген дерек бар. Жалпы Алан баласы Жанәлінің аты елге атқұмарлығымен жайылған. Ал Алан бидің үшінші баласы Манатай қажы - өмірін ислам дінін тануға арнаған тұлға. Рауан Сейфуллиннің айтуынша, үш мәрте қажылық парызын өтеген діндар жан. Ел аузында үшінші мәрте қажылық парызын өтеуге барғанда ажалы жетіп, сол қасиетті мекенде жерленген деген әңгіме кең тараған. Қазіргі күні Ақтоғай ауданында Манатай деген жер атауы сақталған. Манатай қажының бірінші ұлы Атымтай 1887 жылы Алқакөл болысының4 ауылына би болып сайланған.


Дәурен Аяшиновтың жоғарыда аталған мақаласында 1897 жылғы Алқакөл болысындағы ірі шаруашылық иелерінің тізімі берілген. Сол тізімде Атымтай Манатайұлының иелігінде 11 шаруашылық, 211 жылқы, 25 түйе, 171 сиыр мен 174 қой болғаны жазылған. Сол секілді оның інісі Мақанәлі Манатайұлына да дәулет біткен. Қазіргі күні Ақтоғай ауданында Мақанәлі жері деген жер бар. Манатай қызы Жанкүнім қажы діни сауатты, 1909 жылы 54 жасында өзінен екі жас үлкендігі бар жолдасы Сәбит Аққозинмен бірге Меккеге барып, қажылық парызын өтеп келген. Алан бидің төртінші перзенті - Елубай, оның ұлы - Досай қажы. Бір айта кетерлігі, 1909 жылы бір әулеттен Кененбай, Досай, Жанкүнім мен оның күйеуі Сәбит қажылар мұсылмандық парызын бірге өтеген.


Алан би әулетінің аты уақытында ауылынан алысқа жайылғаны - шындық. Бір ғана әулеттен тамыр жайып, тектіліктерін таныта түлеп, тұлғалық тұғырға бекіген бұл аталарымыздың бақ-беделіне таңдай қақпасқа шара жоқ. Ең өкініштісі, олар туралы толық та тұшымды деректердің аздығы. Мұндай текті тұқымның ұрпақтары діннен айырып, дүмше қылуды көздеген заманда қудаланып, кәмпескеге ілігіп, жер аударылуы да ғажап емес. Алайда, қолымызда нақты деректер болмағаннан кейін тап басып айту қиын. Мұрағат қорындағы аздаған мәліметтер мен ел ішіндегі әңгімелердің сақталуының өзі бүгінгі ұрпақ үшін шексіз қазына деп білеміз. Бұл өлке тарихына қосылған үлкен олжа екені сөзсіз.

Бейбіт БӨЖЕН, Павлодар қаласы.