Баянауыл әлемге танылмақ

Болашақта Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркі ЮНЕСКО-нің Дүниежүзілік мұралар тізіміне енуі мүмкін. Жақында аталмыш дүниежүзілік ұйым өкілдері болып саналатын шетелдік және отандық ғалымдардың қатысуымен Баянауыл ауданының киелі және тарихи жерлеріне экспедиция ұйымдастырылды. Сондай-ақ, олар облыс орталығында өткен «Ұлы Дала тарихы мен мәдениеті» атты дөңгелек үстелге қатысып, Ертіс-Баян өңірін аралаудан алған әсерлерімен бөлісті.

 

Аталмыш шараны ұйымдастырушылардың бірі – Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры Алтынбек Нухұлының сөзінше, қонақтар Баянауыл ауданында бірнеше күн болған. Олар өлкенің тамаша табиғатын аралап, көпке мәлім киелі орындардың тарихымен жіті танысты.


Зерттеуші ғалымдар алдымен қазақтың ұлы ғұламасы Мәшһүр Жүсіптің және Баянауыл сыртқы округінің аға сұлтаны болған Мұса Шорманов кесенелеріне ат басын бұрып, қазақы жолмен зиярат етті. Содан кейін Жасыбай көлінің жағасына, Жалаңтөс асуына, Қоңыр әулие үңгіріне, Кемпіртас пен Данатастың басына және Ақкелін кешені сынды бүкіл көрікті жерлерін тамашалады. Сонымен қатар, олар осы сапарда Ертіс-Баян өңірінің тарихи тұлғалары туған топырақты басты, шыққан ауылдарын көзбен көрді. Яғни, бүкіл қазақ даласына аттары мәшһүр Сұлтанмахмұт Торайғыров, Шәкен Айманов, Қамар Қасымов сынды жерлестеріміз туған жерлеріне және аудан орталығындағы Қаныш Сәтбаев мұражайына барып, ғалымның мұраларымен танысты.


- Бұған дейін ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне Қазақстаннан төрт нысан ғана қабылданған. Егер, Баянауыл табиғи ұлттық паркін сол қатарға қосатын болсақ, оны дүниежүзілік деңгейде насихаттауға және табиғатын қорғауға мүмкіндік бар. Қонақтар жүрген жерлерінің барлығын бейнетаспаға және фотоға түсіріп алды. Енді осы материалдардан арнайы альбом жасап, оны ЮНЕСКО-ның мұралар тізімін жасақтайтын комиссия мүшелерімен таныс-тырады. Біздің бастапқы мақсатымыз Баянауылдағы Мәшһүр Жүсіп кесенесін сол әлемдік мұралар тізіміне енгізу болатын. Бірақ, бір ғана нысанды қабылдату жағы қиынға соққандықтан, ұлттық табиғи парктін толығымен ұсынып отырмыз, - деді Алтынбек Нухұлы.


Ел астанасы – Нұр-Сұлтан қаласындағы «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орта-лығының директоры Батырхан Жұмабаевтың сөзінше, ЮНЕСКО-ның қымбат мұралар тізіміне іліккен кезкелген орын әлемдік мұра есебінде қаралып, сол деңгейде қорғалады. Себебі, қазіргі таңда Баян таулары арасында қараусыз, күтілмей тұрған қаншама әдемі жер бар. Мысалы, ластанған көлдерді қайта қалпына келтіру, тарихи мұражайлар ашу, жол салып, жарық тарту сынды жұмыстар қазір ақсап тұр. Міне, солардың кез-келгенін әлемдік деңгейдегі табиғи демалыс аймағына айналдырып, турист тартуға болады. Яғни, табиғатты қорғау мәселесі дүниежүзілік ұйымның бақылауында болғандықтан, оған мемлекет те көңіл аударады.


- Баянауыл ұлттық табиғи паркін ЮНЕСКО-ның тізіміне енгізу - осы Павлодар өңірі үшін ғана емес, бүкіл қазақ елі үшін үлкен мақтаныш. Ертіс өңірінде әлемдік деңгейде насихаттауға, мақтануға тұрарлық көрікті жерлер бар. Мысалы, белгілі орыс зерттеуші Петр Ричков 1755 жылы Қоңыр әулие үңгірінің кереметтігін «Топография Оренбургской губернии» деген кітабында жазып кеткен. Міне, сол секілді шетел ғалымдарының назарын аударып, әлемдік деңгейде насихаттауға тұрарлық орындар әлі бар. Енді бұл аз уақттың ішінде аяқтала қалар шаруа емес. Мұндай ауқымды нысандарды әлемдік мұралар тізіміне енгізу бірнеше кезеңнен тұрады. Бұл соның бастамасы ғана. Біз де өз тарапымыздан әдістемелік қолдау көрсетуге дайынбыз, - деді Батырхан Жұмабаев.


Осы жиынға шетелден келген қонақтардың бірі - Жапония Киото ұлттық этнология мұражайының доценті, PhD докторы Токо Фудзимото. Ол 2003-2005 жылдары аралығында Баянауыл ауданындағы Мұса Шорманов ауылында тұрып, қазақ өмірі және тарихы туралы біршама зерттеу жүргізген. Соның нәтижесінде екі кітап шығарыпты. Бірі – монографиялық еңбектері болса, екіншісі – мақалалар жинағы. Бір кітабының мұқабасына Қоңыр әулие үңгірінің суретін салыпты.


- Мен қазір Жапонияның ұлттық этнология музейінде жұмыс істеймін. Сол жақта «Қазақ халқының өмірі» деп аталатын көрме ұйымдастырып, қазақтардың бұрынғы көшпенді және қазіргі өміріне қатысты құнды экспонаттар қойдық. Солардың қатарында кезінде өзім осы жақтан алып барған тарихи жәдігерлер, құнды фото-құжаттар бар. Орта Азиядағы көшпенді халықтарының арасында қазақ мәдениеті өте бай. Мені қызықтырғаны – осы. Қазір сіздердің тарихтарыңызды, мәдениеттеріңізді жапон халықтарына кеңінен насихаттаудамын, - деді жапон қызы.


Шара барысында ҚР Ұлттық ғылым акаде-миясының корреспондент мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты ЮНЕСКО «Ғылым және руханият» кафедрасының меңгерушісі Меруерт Әбусейітова, Лувен Католик университетінің профессоры (Бельгия) Анна Мари Вильмено сынды ғалымдар баяндама жасады.

 

Тілеуберді САХАБА