Маралды болысының соңғы басқарушысы

Батталдың ұлы атасы Көбдік Жабықұлы Баянауыл сыртқы округіндегі дәулетті адамдардың бірі болған, белгілі би, старшын (Бәсентиін-Қойсары руынан). 1830 жылғы мал-жан санағы бойынша Көбдік өз аға-інілері – Жақсылық, Тілепалды, Божат, Жанғазы, Айғазылармен бірге 2300 жылқы ұстаған.


Ата-тегі

 

Аталмыш құжатта (ведомость) қыстау орындары Ертістің оң жағалауында, Егорьевск редутына қарсы, 100 верстан артықтау жердегі тоғай деп көрсетілген.
Жабықовтардың Ертістің оң жағалауына өтуі 1805 жылы жасалған құжатта көрсетіледі. Бұл кезең сұлтандар Шаншар Сұлтанбетов пен Тәтен Ұрысовтардың қамқорлығымен бәсентиін руларының оң жағалауды қоныстану уақытымен тұспа-тұс келеді.


1848 жылы жасалған құжатта Көбдіктің баласы Бейсен де аталады. Бұл құжатта Жабықовтар әулетінің қоныстары егжей-тегжейлі көрсетілген: «Қысқы, жазғы қоныстары Барнаул округіне қарасты Тұз, Барпаяқ, Мұздықамыс, Керей жерлері» .


Бұл құжаттан кешіректеу, 1872 жасалған ресми хроникада Бейсен Көбдіковтің Сәмек-Бәсентиін болысындағы Қойсары ауылдарының биі болып бекітілгенін көреміз. Кейін, 1875 және 1878 жылдары Сәмек-Бәсентиін болысы Маралды болысы болып өзгергеннен кейін де Бейсен өз ауылының биі болып тағайындалады. Осы жылдарда бұл ауылдар Алтай таулы округінің аумағында болса да, әкімшілік жағынан Павлодар уезіне бағынған. Мұрағатты осы қыстаулардың атаулары сақталған: Қоржынқамыс, Баскөл, Барпаяқ, Керей, Шүкіртұзы, Мұздықамыс, Қойсары тұзы, Петухов көлі.


Бұл жерлердің атаулары Алтай өлкесінің қазіргі заманғы картасында да сақталған, бірақ сәл өзгеріске түскен, мысалы: Парпаяк, Междукамыш, Кирей, Шукыртуз, Толубай (Құлындыдан оңтүстік шығысқа қарай көрсетіледі).


1880 жылы патша әкімшілігі «қазақтардың Алтай таулы округінің аумағында көшіп-қонуын реттеу ережесін» бекіту туралы жарлық шығарады. Осыдан кейін Қойсары ауылдары өздерінің ата қыстауларын тастап, тек жаз айларында ғана Құлынды даласындағы егіс пен құрылыстардан әзірше бос тұрған жерлерге шығатын болған.


Бұл жөнінде 1903 жылғы Щербина экспедициясының жазбаларында былай дейді: «Қойсары руы бұрындары шығысқа қарай, Алтай таулы округінің жерлерін жайлап жүрген. Бірақ осыдан 20-25 жыл уақыт бұрын, бұл жақта орыс поселкелері салына бастағасын, қойсарылар сол жерлердегі өз қыстауларын тастап, облыстық жерлерге ығыстырылып, патша әкімшілігінің пәрменімен осы жақтың байырғы тұрғындары Бөрі руының арасына қоныстандырылды».


Сөйтіп, Бейсен Көбдіков өз ағайындарымен Бәсентиін-Бөрі руының арасына келіп, жаңа жерлерге қоныстанады. 1886 жылға дейін Бейсен бұрынғыша Қойсары ауылдарының биі болып көрсетіледі.


1886 жылы Бейсеннің орнына ауыл биі болып өзінің туысы Әлиғожа Мусин сайланады (Бұл Бейсеннің қайтыс болуына байланысты ма деп ойлаймыз). 1889 жылы ауылдарда қосымша билер сайланып, Бейсеннің баласы Батыр Қойсары ауылына би болады.


Патша қызметінде

 

1893 жылы әкімшіліктің бұйрығы бойынша, Бейсеннің екінші ұлы Баттал өзінің немере туысы Әлиғожа Мусинмен бірге тағы да үш жыл мерзімге би болып сайланады. Осы жылы Қойсары руында тағы да бір ауыл пайда болып, ол ауылға Батталдың немере туысы Нұрғожа Мусин мен Құл Бейсенбин сайланады. Бұл кезде Қойсары руы сол болыстың ішінде өзінің байлығымен және адам санының молдығымен үлкен беделге ие болған еді. Сол аймақтағы Бауыртал, Құлат, Шоқша, Жаңғызкөл, Асберген, Сор, Қосқайың, Айбас, Сүгірдің Қызылшілігі деген жерлер бұлардың тұрақты қоныстарына айналады.


1895 жылы Қанапия Мусин Маралды болысының басқарушысы, ал оның ағасы Әлиғожа Мусин орынбасары болып сайланады. Баттал бұрынғыша би болып қала береді.


Осы жылдар ішінде ел ішіндегі беделі зорлар партияға бөлініп, Қойсары, Сәмек рулары мен төре тұқымдарының және Жақия ахун Рамазановтың ұрпақтарының (Бұқа Күбір) ықпалындағы көптеген ауылдар арасында алауыздық туып, бұл әбден шегіне жетеді. Осы даудың ақыры уездік әкімшіліктің араласуымен шешіліп, Маралды болысы – Маралды және Басқұдық болысы болып екіге бөлінеді.


Енді Қойсары ауылдары екі болыстың да құрамында болады. 1898 жылдан 1908 жылға дейін Бәстеми және Мағауия Тәтеновтер болыс басқарушысы болған. 1904 жылы болыстың орынбасары Батталдың ағасы Әйтікен Жанғозин. Әйтікен (75 жастағы ақсақал) 1908 жылы болыс басқарушысы болып сайланып, осы қызметті сырқатқа шалдыққанша екі жыл атқарады.


Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Баттал Бейсенов 1910 жылы Маралды болысының Құлат деген жеріндегі алтыншы ауылдың құрамында. Батталдың ауылында 8 шаруашылық болған, олардың екеуі жалдамалы жұмыскерлерден тұрады. Шаруашалықта 14 үй және жазғы 14 киіз үй, 11 шаруашалыққа арналған қора-қопсы болған. 6 шаруашылық өзінің жақын туыс-туғандарынан тұрады (аға-інілері, олардың отбасылары).


Барлық 8 шаруашылықта – 28 ер адам, олардың 16-сы - ересек адамдар, 3 жасөспірім, екі адам 60-тан асқан, 7 бала. Олардың 5-еуі қазақша сауатты. 5 оқушының біреуі орысша білім алуда. 23 әйел болған. Олардың 11-і - ересек әйел, 1 бойжеткен қыз, бір үлкен жастағы әйел, 10 қыз бала. Бір қыз бала қазақша сауатты және 3 оқушы. Шаруашылықта 675 жылқы, 339 ірі қара, 298 қой бар.


1913 жылы Баттал Бейсенов сайлауда басым дауыс алып, болыс басқарушысы болып сайланады.


1913 жылы Қойсары ауылдарының билері болып Батталдың руластары Мұқа Құлов пен Бәтен Әжібаев сайланады.


1916 жылы 59 жастағы Баттал Бейсенов тағы да болыс басқарушысы болып сайланады.


Кеңес билігі орнағасын, Баттал Бейсенов өз малының жартысын кедей-кепшіктер мен қызыләскерлерге таратып берген деген ауызша дерек бар. Дегенмен, оның баласы Абыралы 1928 жылы тәркіленіп, жер аударуға жататындардың бірінші тізіміне ілігеді.


Баттал Бейсенов 1925 жылы 68 жасында қайтыс болып, бүгінгі Құлат фермасынан 2 шақырым шығысқа қарай, бір биіктің басына жерленген. Батталдың өмір сүрген жылдары – 1857-1925.


Баттал мен оның ұрпақтарының ата-тек кестесі:

Арғын – Қарасопы – Бәсентиін – Көкшекөз –
Бәйімбет – Жаманай – Қойсары – Жанұзақ –
Жабық – Көбдік би – Бейсен би.
Бейсеннен екі ұл – Батыр, Баттал
Батталдан екі ұл – Абыралы, Нәбиқожа
Абыралыдан – Керей
Керейден – Аспандияр және екі қыз – Қорлан, Рауза

Аспандиярдан екі ұл – Данияр, Бахтияр.


1916 жылы Нәбиқожа Батталов Орынбор губерниясындағы Троицк медресесін бітіріп, 25 жасында болыс молласы болып тағайындалады. Бұл кісінің кеңес өкіметі орнағаннан кейінгі тағдыры белгісіз.


Мұрағаттық құжаттарға сүйенсек, 1928 жылы Абыралы Батталовтың мал-мүлкін тәркілеп, өзі отбасымен Сібірге жер аударылады. Бүгінге жеткен деректерге сенсек, Абыралының қызылдардан көрген лаңы тек жер аударылумен ғана бітпей, оның өмірінің көп жылдары Уссурийск лагерьлерін адақтаумен өтіпті. Кейін, 1941 жылы Ұлы Отан соғысына қатысып, Волохов майданында болады. 1943 жылы жарақат алып, өзі әскерге алынған Новосібір облысына қайтып оралады.


Тоқсан екі жастағы Мәлгаждар Мұқадиұлының (Мұқади Құловтың баласы) әңгімесі бойынша, 1959 жылы Абыралы Новосібір облысындағы Татарка деген станциядан Шарбақты ауданының Саттар, Соржұман, Қаражұман деген үш адамын өзі тұратын Мортық ауылына мейман етуге ат-арбамен алып келеді. Дастархан басында Абыралы олардан: «Неге бұрындары келіп, менімен араласпадыңдар?» – деп сұрапты. Сонда олар: «Бұрынғы байдың, болыстың баласымен қатынасып жүргенімізді үкімет білсе, түрмеге жауып тастай ма деп қорықтық», – деп шындарын айтады.


1970 жылы Абыралы өз отбасымен әйелі Қапураның туысы, Социалистік Еңбек ері Мәмәйіт Омаровтың жанынан бір жола қоныс аударып, Ертістің сол жақ жағалауындағы Грязновка ауылына келіп тұрады.


Абыралының жалғыз ұлы Керей, әкесі қайтқан соң, 1979 жылы Павлодар қаласына көшіп барады. Керей Батталов 1998 жылы 70 жасында өмірден озған. Оның жалғыз ұлы Аспандияр бүгінде зейнеткер, көп жылдар трактор зауытында, «Кастинг» кәсіпорнында инженер болып еңбек еткен. Ол кісінің Данияр және Бахтияр деген екі ұлы бар.

 

Дәурен АЯШИНОВ, тарихшы, өлкетанушы.