Он екінші жеңісі

Кәсіпқой бокста аты енді шығып жүрген спортшылардың бірі – біздің жерлесіміз Мұса Тұрсынғалиев. Ол - Екібастұз қаласындағы №3 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің түлегі. Мұса жақында АҚШ-тың Майами қала-сында 12-жекпе-жегін өткізіп, жеңіске жетті.

 

Бұған дейін бірде-бір жеңіліп көрмеген жерлесіміз бұл жолы кәсіпқой бокста төрт рет әлем чемпионы атанған панамалық Рикардо Нуньеспен жұдырықтасты. Мұсаның осы жолғы қарсыласы осал болған жоқ. Ол бұған дейін кәсіби бокстың шаршы алаңына 38 рет шығып, 29 кездесуін жеңіспен аяқтаған. Оның 23-ін нокаутпен жеңген.


- Бұл жолғы жекпе-жек сегіз раундқа жоспарланған болатын. Бірақ, қарсыласымның алған жарақатына, яғни қабағының жарылуына байланысты төреші алтыншы раундта тоқтатуға шешім қабылдады. Осылайша, техникалық нокаутпен жеңіске жеттім. Бұл жекпе-жек менің спорттық мансабым үшін аса маңызды. Себебі, қарсыласымның рингте жүрген уақыты және жеңістері менен әлдеқайда көп, - дейді Мұса.


Жерлесіміз Мұса Тұрсынғалиев өзінің келесі жекпе-жегінің ағымдағы жылдың қыркүйек айында өтетінін айтады. Қазір боксшымен жұмыс істейтін «The heavyweight factory» промоутерлік компаниясы келіссөздер жүргізуде. Бірақ нақты кіммен жұдырықтасатыны әлі белгілі болған жоқ. Айта кету керек, Мұса Тұрсынғалиев былтыр WBA NABA тұжырымы бойынша Солтүстік Американың Чемпионы атанған болатын. Мұсаның бапкерлері - жерлесіміз Ернұр Жаңабаев пен шетелдік Osmiri Fernandez. Жерлесіміздің әр жекпе-жегіне жеңіс тілейміз. 

 

Тілеуберді САХАБА