Ғаламдық эстафета - біздің аймақта

«Бейбітшілік жүгірісі» ғаламдық эстафетасының алауы Павлодар облысына жетті. Өткен аптада Ресей, Беларусь және Латвия елінің оннан астам марафоншысы Қазақстан шекарасынан өтті. Отыз жылдық тарихы бар алау эстафетасы биыл Железин, Тереңкөл, Аққулы аудандары мен облыс орталығын қамтыды. Спортшылар бір айдың көлемінде Қазақстан мен Ресейдің аумағында 3,5 мың шақырым жолды жүгіріп өтпек.

 

Салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында қолға алынған дәстүрлі ғаламдық алау эстафетасының қатысушылары Железин ауданының Ресеймен түйіскен шекарасынан өтті. Құрамында солтүстік көршілерімізден бөлек Беларусь, Латвия елінің марафоншылары бар топқа аймағымыздың спортшылары да қосылды. «Бейбітшілік жүгірісінің» алауы Тереңкөл ауданын басып өтіп, Павлодар қаласына жетті. Облыс орталығында «Қазқонақ» табиғи ескерткішінде, Мемлекеттік рәміздер, Жеңіс саябағындағы мәңгілік алау алаңында аялдады. Кейіннен Аққулы ауданына ат басын бұрды. Жол - жөнекей эстафеташылар жергілікті тұрғындармен, жастармен жүздесіп, отыз жылдық тарихы бар ғаламдық эстафетаның мақсатын, маңыздылығын айтып берді.


- Ғаламдық алау эстафетасының ауқымы жылдан-жылға артып келеді. Көршілес мемлекеттер арасында зор қызығушылыққа ие болуда. Тіпті, әлемнің өзге елдерінің спортшылары да осы марафонға қатысуға ниет білдіріп отыр. Мысалы, келесі жылы біздің қатарымызға Жаңа Зеландия елінің өкілдері қосылады. Осы шара арқылы тек спорттың маңыздылығын түсіндіріп қана қоймай, халық арасында бірлік пен ынтымақты насихаттаймыз. Себебі қай елдің тұрғындары болмасын бейбіт қоғамда өмір сүргілері келетіні сөзсіз, - дейді ғаламдық алау эстафетасының үйлестірушісі Александр Арнст.


«Бейбітшілік жүгірісі» 22 шілде күні Ресейдің Омбы қаласында бастау алған болатын. Ол алдағы тамыз айының 20-сына дейін жалғасады. Осы аралықта эстафета қатысушылары Омбы, Новосібір, Алтай өңірі, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарының аумағынан жүгіріп өтпек. Ғаламдық алау эстафетасы жалпы 3,5 мың шақырымды қамтиды. Спортшылар жолда бір-бірін алмастырып отырады.


Әр марафоншы күніне орта есеппен 15-40 шақырымды бағындырады.


- Мен ғаламдық алау эстафетасына қатарынан алтыншы жыл қатысудамын. Бұл - жаныма жылулық сыйлайтын ерекше шара. Себебі ниеттес спортшылармен бірге бірнеше елдің аумағынан жүгіріп өтіп, жүздеген тұрғындармен жүздесеміз. Олардың бізді достық ниетпен құшақ жая қарсы алғанын көріп, ерекше шабыттанамын, күш жинаймын. Өзім де адамдарға қуаныш сыйлауға тырысамын, - дейді эстафета қатысушысы, латвиялық спортшы Гундега Гаиле.


Бір ерекшелігі, биыл аталған алау эстафетасы бір уақытта бірнеше бағыт бойынша жүруде. Соның ішінде, «Бейбітшілік жүгірісінің» өкілдері жердің оңтүстік жартышарын айналып өтетінін атап өткен жөн. Халықаралық марафоншылар Тынық және Атлант мұхитында орын тепкен шағын аралдардағы мемлекеттердің, Австралия, Оңтүстік Америка, Африка елдерінің аумағынан жүгіріп өтпек.

 

Данияр ЖҰМАДІЛ