Станция иесі біреу болады

Екібастұз ГРЭС-2 станциясы тұтастай Қазақстан елінің меншігіне өтеді. Бұған дейін станцияның жартысы Ресейдің «Интер РАО ЕЭС» ААҚ-на тиесілі болып келген. Қазір шетелдік акцияларды нарықтық бағамен сатып алу туралы шешім қабылданды.

 

Осыған дейін станцияны қазақстандық «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорынан және ресейлік «Интет РАО» ААҚ-ның атынан ұсынылған басшылар кезектесіп басқарып келді. Ендігі жерде бір ғана басқарушы болады.


Қордың қоғаммен байланыс және маркетинг қызметі хабарлағандай, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ «Интер РАО» ААҚ-нан «Екібастұз ГРЭС-2 станциясы» АҚ-ның 50% үлесін сатып алу туралы шешім қабылдады. Осылайша, Қор Екібастұз ЖЭС станциясы акцияларының 100% иесі болады. Жобаның Жол картасына сәйкес мәмілені 2019 жылдың аяғына дейін аяқтау жоспарланған.


Айта кеткен жөн, «Интер РАО» өзінің Екібастұз ГРЭС-2 станциясындағы акцияларын нарықтық шарттар бойынша сатуда. Бірақ сауданың қанша соманы құрайтыны туралы мәлімет келісім аяқталғанға дейін жария етілмейді. Мамандар бұған дейін қазақстандық тарапта станцияның 50% акциясы болғандықтан, бұл активтерді «Самұрық-Қазынаның» қайтадан иемденуі қисынды деп санайды.


Мәміленің аяқталуы белгілі шарттардың орындалуына, оның ішінде тараптардың басқару органдарының бұл мәмілені мақұлдауына, несие беруші банктердің ГРЭС-2 станциясының акционерін ауыстыруға келісімін алуына және т.б. органдарға байланысты.


Екібастұз ГРЭС-2 станция-сындағы өзгеріс немен байланысты? Ресми ақпаратқа сүйенсек, «Интер РАО» компаниясының станция акционері құрамынан шығу туралы шешім қабылдауына оның негізгі нарығы – Ресейде жұмыс істеуге шоғырлануға деген ниеті әсер етіп отыр. Екібастұз станциясындағы үлесін сату жөніндегі мәміле аяқталғаннан кейін, «Интер РАО» ААҚ-ның Қазақстан Респуб-ликасында активтері болмайды. Жақын арада Ресейде өндіруші қондырғыларды модернизациялау іске қосылады, оған «Интер РАО» белсенді қатысуға ниет білдіріп отыр.


Әрине, ресейлік акционердің әрекеті басқа себептерге байланысты деген пікір де тарауда. Мәселен, интернет-порталдар Қазақстанда электр энергиясына белгіленетін тарифтер мөлшерінің төмендігі ресейлік компанияның біздің нарықтан кетуіне себеп болып отыр дейді.


Бұл орайда, Екібастұз станциясында 3-інші энергоблоктың құрылысы басталғанын айту керек. «Самұрық-Энерго» АҚ-ның ресми сайтында берілген мәлімет бойынша, қуаттылығы 636 мегават болатын №3 энергоблокты салу арқылы Екібастұз ГРЭС-2 станциясы өндірісін кеңейту және реконструкциялау жобасының іске асу мерзімі - 2010-2021 жылдар. Жобаның жалпы құны - 437 950 млн. теңге. Құрылыс барысында 1486 адам жұмыс істесе, энергоблок іске қосылған соң 358 адам жұмыспен қамтылады. Сөйтіп барлық модернизациялау жұмыстарынан кейін Екібастұз ГРЭС-2 станциясы жылына 4,8 млрд. квт электр энергиясын өндіруге қауқарлы болады.


Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен телекөпір аясында Қазақстандағы Индус-трияландыру картасына сәйкес, мұнда алғашқы инфрақұрылымды жүйелер іске қосылған. Яғни, үлкен жоба іске асуда. Кейбір сарапшылар бұған дейін халықаралық қаржы ұйымдарынан инвестиция алынғанын, оларды төлеу бойынша міндеттемелер барын еске салуда. 50 пайыздық акцияларды сатып алуда осы мәселе ескеріліп, ресейлік компанияның міндеттемесін Қазақстан жағы өз мойнына алып, акцияларды соның есебінен алуға келісуі мүмкін дейді. Қалай болғанда да, өзара келісімшарттың қалай іске асқанын процесс аяқталған соң ғана білетін боламыз.


Айта кетелік, Екібастұз ГРЭС-2 станциясы» белгіленген қуат мөлшері 1000 МВт. Бірінші энергоблок 1990 жылы, 2-шісі 1993 жылы әрқайсысы 500МВт қуаттылықпен іске қосылды. Ұжымда 1500-нан астам адам еңбек етеді. Қазіргі кезде 3-інші энергоблоктың салынуына да біздің мемлекет мүдделі. Себебі, Қазақстанның оңтүстік өңірлері электр қуатын әлі күнге дейін шет мемлекеттерден сатып алып отыр. Бұл тәуелділікті жою мәселесін Үкімет Индустрияландыру картасы аясында шешуді белгілеп қойған. Осы орайда Екібастұз ГРЭС-2 станциясының бір қолға өтуі, яғни оның бірден-бір қожайыны - «Самұрық-Энерго» АҚ-ның болуы іргелі жобаның сәтті іске асуына септігін тигізеді деп сенеміз.

 

Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ