Кәсіптегі кедергілер

Жер үлестіру мен мемлекеттік сатып алулар. Дәл осы екі салада жең ұшынан жалғасқан сыбайлас жемқорлық, бармақ басты, көз қыстылық жиі кездеседі. Аталмыш мәселелерге қатысты оң шешім қабылдау үшін кейбір мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері кәсіпкерлерді қыспаққа алып, қаржы талап етеді. Мұндай жағдайда бизнесмендердің дені қайда барып, кімнен қолдау табарын білмей, үнсіз келісуге мәжбүр болады.

 

Есік ашық


Ел билігі бизнестің дамуына жан-жақты қолдау көрсету қажеттігін үнемі айтады. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 15 шілде күні өткен Үкіметтің кеңейтілген мәжілісі барысында да бұл мәселеге баса назар аударған болатын.


- Отандық бизнесті қолдау қажет. Ал оның дамуына негізсіз тексерістер, рейдерлік әрекеттермен кедергі жасайтындарды жазалау керек. Кәсіпкерлерге қиындық тудырған мемлекеттік орган өкілдеріне қатысты қатаң шаралар, тіпті қылмыстық жауапкершілік қарастыратын кез келді. Мұндай тәжірибе әлемнің бірқатар елінде қолданылады. Бизнестің дамуына тосқауыл жасайтын шенеуніктер түрменің арғы жағына тоғытылады. Үкіметке заңнамаға өзгерістер енгізуді тапсырамын, - деген еді Мемлекет басшысы.


Өкінішке қарай, біздің аймақта да кәсіпкерлердің ісіне түрлі кедергі жасайтындар аз емес. Өткен жылы Павлодар облысы бизнесті жүргізуге жағдай жасау көрсеткіші бойынша елімізде көш соңында қалған еді. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің басшысы Айдар Тастеміров көп жағдайда мемлекеттік мекемелер қызметкерлерінің қыспағына түскен бизнес өкілдерінің қайда барып, кімнен қолдау табарын білмейтінін айтады. Сондай-ақ, олардың басым бөлігі жемқорлық әрекеттері туралы хабарламайды.


- Кәсіпкерлер мен инвесторлар жергілікті мемлекеттік органдармен жұмыс барысында жемқорлық әрекеттерінің орын алуына байланысты 16 факті тіркеліп, тиісті тергеу жұмыстары жүргізілуде. Олардың басым бөлігін біз өзіміз анықтадық. Өкінішке қарай, бүгінгі күні бизнесмендер олардың құқықтарын қорғайтын органның барын біле бермейді. Оған қоса, мемлекеттік қызмет өкілдеріне деген сенімсіздік бар. Біз бизнесмендермен бірлесе әрекет ету үшін «Ертіс-адалдық алаңы» жобасы аясында жұмыс істеп, ашық диалог алаңдары мен форумдар ұйымдастыруды қолға алдық. Бұл ретте әкімдік тарапынан қандай да бір келеңсіздікті байқаған кез келген азаматтың біздің департаментке келуіне болатынын атап өткім келеді. Ол үшін алдын ала қабылдауға жазылып, ұзақ уақыт күтудің, тексерістен өтудің қажеті жоқ, - дейді А.Тастеміров.


Инвесторлар үйінде бизнесті және инвестицияларды қорғау жөніндегі өткен форум барысында облыс әкімінің орынбасары Асхат Оралов осы мекемеде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметкерлеріне арналған кабинет ашуды ұсынды.


Жер дауы


Бүгінгі күні кәсіпкерлердің басым бөлігін жерді жалға алу мәселесі мазалайды. Өз ісін ашып, кәсіп аясын кеңейтуді қалайтындар кейбір жергілікті әкімдіктерден жер ала алмай әлек. Мәселен, Қанат есімді павлодарлық кәсіпкер осыдан 3 жыл бұрын жер телімін алған екен. Бірақ әлі күнге дейін бұл аумақта бизнесін бастаған жоқ. Себебі мемлекеттік мекеме өкілдері кәсіпкердің ісі өндіріске емес, қызмет көрсетуге қатысты екенін алға тартып, түрлі құжатты талап етеді.


Жиынға қатыстқан өзге кәсіпкерлер де жерге қатысты түйткілдің көп екенін жасырмады. Мемлекет кәсіпкерлерге жерді 6 айға немесе 1 жылға жалға береді. Осы уақыт аралығында кәсіпкер табыс таппақ түгілі бизнесті ашуына кеткен қаржысын қайтарып алмайды. Жалға алу мерзімі аяқталған соң қайтадан мемлекеттік мекемелердің табалдырығын тоздырып, құжаттар толтыруға тура келеді. «Мұндайда тиісті қызметкерлерге пара бермесең, бара бересің» дейді бизнесмендер. Сөйтіп, біреуі қаржы беріп құтылып, енді бірі сотқа жүгінуге мәжбүр болады. Айдар Тастеміровтің айтуынша, кейбір тұрғындар пара берушілердің де қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын біле бермейді. Әйтеуір мәселенің оңтайлы шешілуі үшін қаржы берсем болғаны деп теріс ойлайды.


Ал ақсулық кәсіпкер бизнесін жүргізіп отырған аймақта мұндай қиындықтың кездеспегенін айтты.


- Жақында кәсібімді кеңейтпек болып, Ақсу қаласы әкімінің қоғамдық қабылдауына бардым. Өтініш жаздым да, көп ұзамай тиісті жер телімін жалға алдым. Өзге аудан-қалаларда осы бағытта мәселенің бар болуы таң қалдырып отыр. Өз ісін жүргізуге ниетті тұрғын үшін жер үлестіруде ешқандай кедергі болмауы тиіс деп ойлаймын, - деді ол.


Сатып алуда да түйткіл бар


Кәсіпкерлерді толғандыратын тағы бір мәселе – мемлекеттік сатып алулар. Көпшілік олардың әділ өтетініне күмәнмен қарайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кеңейтілген мәжіліс барысында бұл жүйені жетілдіру қажет екенін айтқан болатын.


- Мемлекеттік сатып алулар жүйесін жетілдіру жұмыстарын аяқтау қажет. Үрдістердің бірнеше рет өзгергеніне қарамастан, сатып алулар ашық, нәтижелі болып отырған жоқ, - деген еді Президент.


Павлодарлық кәсіпкерлер де сатып алуда ашықтықтың жоқтығын айтып, налиды. Нақты бір компания шығаратын өнімдердің сипаттамасы көрсетіледі. Сөйтіп, оны алудан басқа амал қалмайды. Былайша айтқанда, кәсіпкерлерге балама түрлерін, басқа нұсқаларды қарастыруға мүмкіндік берілмейді. Тіпті, жарықтандырумен айналысатын кәсіпорындардан ауыр жүк көліктерінің болуын талап ететін көрінеді. Бизнес өкілдері мұның барлығы кәсіпті жүргізуге кедергі келтіретінін алға тартады.


Ал Айдар Тастеміров мемлекеттік сатып алуларды алып тастау қажет деген ойымен бөлісті. Айтуынша, өзге елдердің тәжірибесіне сүйеніп, басқа амалдарды қарастыруға болады. «Цифрландыру уақытында адам қызмет көрсетпеуі тиіс» дейді департамент басшысы.


Сонымен қатар, Ертіс ауданындағы «Замандас» шаруа қожалығының басшысы Балғабай Бакишевтің айтуынша, бордақылау алаңдарына ірі қара тапсырғаны және тыңайтқыштарды пайдаланғаны үшін бірнеше жыл бойы субсидия ала алмай келеді. Өзге шаруалар да «ҚазАгро», «ҚазАгроҚаржы» ұйымдарымен, екінші деңгейлі банктермен байланыс орнату өте қиын екенін бүгіп қалмады. Кәсіпкерлердің тағы бір легі кейбір мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің шетелдік инвесторлар мен жергілікті кәсіпкерлерге деген көзқарастары екі түрлі болатынына наразылық білдірді. «Өзге елден келген бизнесмендер үшін барлық жағдай жасалады, ал өзіміздікі тасада қала береді» деп кейіді олар.


Жас кәсіпкерлерге - 505 мың теңге


Бұл ретте облыс әкімінің орынбасары Асхат Оралов кәсіпкерлердің талап-тілектері ескерусіз қалмайтынын айтты. Ашық форматтағы форумды айына немесе тоқсанына бір рет ұйымдастыру туралы ұсынысты ортаға салды. Сонымен қатар, аймақтың жас кәсіпкерлеріне жасалатын мүмкіндіктерді тілге тиек етті.
- Биыл Жастар жылы аясында «Жастар – ел тірегі» бағдарламасы қабылданды. Ол екі бөлімнен тұрады. «Жас маман» бөлімінің аясында облыстың аудан-қалаларында 11 колледждегі мамандықтарды нарықтың сұранысына байланысты қайта қарау жоспарланып отыр. Ал «Жас кәсіпкер» бөлімі бойынша биыл 29 жасқа дейінгі павлодарлық-тардың 500-ден аса грантты иелену мүмкіндігі бар. Бизнес идеясын жүзеге асыру үшін бөлінетін қаржы көлемі – 505 мың теңге. Бұл бірреттік акция емес. 2019-2021 жылдар аралығында республика көлемінде барлығы 30 мың грант берілмек. Аталған шаралар да облыстың шағын және орта бизнесін дамытуға оң серпін береді деген сенім мол, - дейді А.Оралов.


Осылайша, Инвесторлар үйінде өткен бизнесті және инвестицияларды қорғау жөніндегі аймақтық форум жұмысы нәтижелі өтті. Жергілікті кәсіпкерлер көкейде жүрген сауалдарын қойып, талай жылдан бері шешілмей келе жатқан түйткілді мәселелерін ортаға салды. Енді айтылған ұсыныс-тілектер көп күттірмей назарға ілігіп, оң шешім тапса игі.


Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА