Жұмыс жүргізілуде

Аталмыш шара облыстық ішкі саясат басқармасы және республикалық «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің Павлодар облыстық филиалының мұрындық болуымен ұйымдастырылды. Оған мемлекеттік мекемелердің өкілдері мен оралмандар шақырылды. Алдымен көші-қон саласында атқарылып жатқан жұмыс жайы талқыланды. Бұл жөнінде баяндама жасаған «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің Павлодар облыстық филиалының басшысы Болат Заутұлы:

- «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Астана қаласында өткен Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында Елбасы шетелдегі қандастарды қолдау мақсатында «Отандастар» қорын құру және шеттен келіп жатқан қандастарға жан-жақты қолдау көрсететін кешенді бағдарлама әзірлеу туралы үкіметке арнайы тапсырма берген болатын. Осыған орай, елімізде «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы құрылып, «Шетелдегі этникалық қазақтарды қолдау жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары» бекітілді. Сол бойынша бүгінде әлем қазақтарымен күнделікті байланыс орнату орталығы жұмыс істеуде. Сонымен қатар, шетелде тұратын немесе атамекенге жаңадан көшіп келген қандастарымыздың құқықтық кеңес алуына, туындаған мәселелерге байланысты қажетті ақпараттан құлағдар болуына мүмкіндік туды.

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы «Отандастар» қорының мақсатына сәйкес көршілес елдерде тұратын ағайынның мәселелерін шешу, қазақ диаспорасын атажұртпен байланыстыру, жырақта жүрген қандастарымыздың көші-қонын ұйымдастыру, олардың қаймағы бұзылмаған салт-дәстүрлерін насихаттау, өзге мемлекеттегі қазақ жастарын осындағы оқу орындарына тарту және елміздің жетістіктерін таныс-тыру жолында елеулі еңбек етіп келеді. Бұл бағытта біздің өңірімізде атқарылған іс-шаралардың барлығы облыс әкімдігі, сондай-ақ, облыстық ішкі саясат, білім беру, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, мәдениет, архивтер және мұрағат, спорт, ІІД-нің көші-қон қызметі басқармалары тарапынан қолдау тауып жатқанын атап өткен жөн, - деді. Оның айтуынша, алдағы уақытта облыс әкімдігі мен «Отандастар» қорының қолдауымен Моңғолия елінен өңірімізге өз күшімен келуге мүмкіндігі жоқ көпбалалы 15 отбасын (130-дай адам) дүние мүлкімен көшіріп әкелу жоспарлануда екен. Сондай-ақ, болашақта атамекенге қоныс аударған ағайынды жұмыспен, тұрғын үймен қамтуға арналған «Тұрғын үй және жұмыс» жобасы бойынша  агроқалашық құрылысын біздің аймақта жүргізуге келісім жасау ісі жоспарлануда.

Жалпы, қазіргі таңда Павлодар өңірінде әлемнің 12 елінен көшіп келген 8 450 отбасы тұрып жатыр. Осы шаңырақтардағы 36 мыңнан астам қандасымыз тарихи Отанының азаматы атанып, туған елдің өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосуда.

Сергелдеңге салып...

Өкінішке қарай, соңғы уақытта атамекенге оралман ретінде оралғысы келетін қандастар қатары күрт азайып кеткен. Бұған басты себеп - Қазақстандағы қағазбастылық пен осы салаға жауапты кейбір мамандардың біліксіздігінен түрлі қиындықтардың туындауы. Осылай деген оралмандар аталмыш жиында өз мәселелерін ортаға салып, мемлекеттік мекеме өкілдерінен көмек сұрады. Солардың бірі – Фарида Тойлыбай:

- Мен осы жылдың ақпан айында Моңғолия мемлекетінен Екібастұз қаласына қарасты Солнечный кентіне көшіп келдім. Мұнда келісімен бірден жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) алу үшін өтініш бердік. База жұмыс істемей тұр деп оны екі аптадан кейін әзер алдық. Бұдан соң әдеттегідей «Оралман» мәртебесін алу үшін қажетті құжаттарымызды жинап, Екібастұз қаласындағы халыққа қызмет көрсету орталығына тапсырдық. Бұл құжаттар 3 рет өтпей, кері қайтып келді. Алғашқы жолы маған өтініштің орыс тіліндегі үлгісін берді. Мен тіл білмейтінімді айтып, мемлекеттік тілдегі үлгісін сұрадым. Ондағы мамандар 1 сағат іздеп жүріп, «Босқын» мәртебесін беру туралы өтініш әкеліп, соны толтыртты. Бастапқыда оны толтыруға жүрексіндім, бірақ іштей «бұл мамандардың қателесуі мүмкін емес шығар, күнделікті істеп жүрген жұмыстары ғой» деген оймен өз-өзімді жұбаттым. Сөйтіп, әлгі өтінішті толтырып, тапсырдым. Бір аптадан соң барсам, өтініш дұрыс емес деп, құжатымызды қайтарыпты. Екінші рет қайта тапсырдық. Бұл жолы тағы да құжаттарымыз өтпепті. Себебі, бізден өтініш қабылдаған мамандар мүлдем теріс құжаттарды жинаған екен. Ол аз болғандай, менен стандартта жоқ құжаттарды талап етті. Яғни, 1991 жылы не себепті көшіп келмегенім туралы анықтама әкелуім қажет екен. Ол кезде мен 5 жасар бала едім, қалай көшіп келемін? Мұнысы ақылға қонбайды ғой... Содан кейін менің сотталмағаным туралы анықтама сұрады. Сөйтсем, ереже бойынша халыққа қызмет көрсету орталығының оралмандардан мұндай анықтамаларды талап етуге құқығы жоқ екен. Осылайша, сауатсыз әрі жауапсыз мамандардың кесірінен біраз сергелдеңге түстім. Ақыр аяғында облыс орталығындағы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының облыстық филиалынан көмек сұрадым. Аталған мекеменің араласуымен Павлодар қаласындағы халыққа қызмет көрсету орталығына құжаттарымды тапсырып, «Оралман» мәртебесіне қол жеткіздім, - дейді Фарида Тойлыбай. Тіпті, ол тапсырған құжаттары өтпей, шаршаған күндері қайтадан шет елге кетуге бел буғанын айтады.

Бұл - бір ғана оралманның басынан өткерген оқиғасы. Ал аңсаған атажұртына көшіп келіп, әуре-сарсаңға түсіп жүрген қандасымыз қаншама?...

Алқалы жиында шеттен келіп жатқан оралмандар медициналық тексеруден ақылы түрде өтетінін айтып, үй-күйсіз әрі тиісті квотасын алмаған ағайын үшін бұл жағдай қалтаға үлкен салмақ салатынын алға тартты. Мәселен, екібастұздық Фарида Тойлыбай кейбір мамандардың мөрін бастыру үшін 6 мың теңгеге дейін ақша төлегенін айтады.

Тағы бір мәселе - оралмандар құжаттарын рәсімдеуі үшін алдымен өзі көшіп келген елінен алған төлқұжатын (паспорт) мемлекеттік тілге аудартып, нотариус арқылы бекіттіруі тиіс екен. Мәселен, Моңғол елінің қызыл паспорты 32 беттен тұрады. Талап бойынша оның алғашқы бірнеше бетін ғана аударту жеткілікті. Ал кейбір құзырлы мекемелер аталмыш құжаттың 32 бетін толық аудартып, нотариус арқылы куәландырылуын талап етеді екен. Бұл бағыттағы жұмыстардың бәрі ақылы болғандықтан, 1 адамның төлқұжаты үшін шамамен 9 мың теңге жұмсалатын көрінеді. Ол аз болғандай, дәл осындай құжатты 4-5 мекемеге тапсыру қажет екен. Сонда есептеп көрсеңіз, бір адамның төлқұжатын аудару үшін 50 мың теңгеге жуық қаражат керек екен. 

- Бұл оралмандар үшін үлкен қиындық туғызатыны түсінікті. Әсіресе, мұндай қомақты қаржыны көпбалалы отбасыла-рының қалтасы көтермейді. Сондықтан шеттен келген қазақтардың құжат тапсырудағы қиындықтарын жеңілдетіп, заңсыздыққа жол берілмеуін қадағалау қажет, - дейді Болат Заутұлы.

Ал заңгер Мұғыраж Хызырұлы өз жұмысына немқұрайлы қарайтын сауатсыз мамандар заң алдында жауап беруі тиіс екенін айтады.

- Шеттен келген қандастарымыздан басы артық құжат жинап, әуреге салу – мамандардың сауатсыздығы әрі сыбайлас жемқорлықтың көрінісі деп білемін. Мұндай оқиғалар орын алса және оның заңға қайшы келетіні анықталса, сол мемлекеттік мекеме өкілдері заңды түрде жазалануы тиіс. Сонда ғана тәртіп орнайды, - дейді ол. Сонымен қатар, заңгер аудандық жерлердегі халыққа қызмет көрсету орталықтарының мамандарына стандарт бойынша қажетті құжаттардың тізімін беріп, олардың білімін жетілдіру мәселесін дұрыс жолға қою керектігін де тілге тиек етті.

Атап өтерлігі, шараға шақырылған түрлі сала мамандары оралмандарды толған-дырған сауалдарға жауап беріп, барынша қолдау көрсететінін айтты.

Не істеу керек?

Жиында сөз болғандай, алыс-жақыннан көшіп келіп жатқан оралмандар көптеген қиындыққа тап болуда. Әсіресе, тұрақты тіркеуге тұру, ықтияр хат алу, ҚР-ның азаматтығын қабылдау үшін құжат тапсыруда түрлі кедергілер кездеседі. Мамандардың айтуынша, Қазақстанға келген оралман шамамен құжат мәселесімен 5-6  ай уақытын жоғалтып, 8 түрлі құзырлы мекеменің тексеруінен өтіп, олардың шарт-талаптарын орындау үшін бір мекемеге қайталап 4-5 рет барады екен. Бұл жағдай ел-жерді толық танып білмейтін қандастарымызды арлы-берлі сабылтып, есеңгіретін тастайтыны шындық. Мұның алдын алу үшін шеттен келетін оралмандардың өздері де жауапкершілікті сезінуі тиіс, дейді мамандар.

- Қазақстанға көшіп келгісі келген кейбір ағайындарымыздың құжаттары толық болмай жатады. Бұл - олардың қандай құжат қажеттігін білмеуінен және өздерінің салғырттығынан туындайтын жағдай. Мысалы, оралман отбасы құжаттарын дұрыс, толық әкелсе, 120 күн немесе 4 айдың ішінде ықтияр хат алып, квота және үкімет тарапынан  белгіленген түрлі әлеуметтік жеңілдіктерді алуға мүмкіндігі бар. Бұдан кейін ҚР-ның азаматтығына құжаттарын тапсырып 3-4 айдың ішінде жеке куәлік ала алады. Ал енді құжаттары толық емес отбасылары көп уақытын жоғалтып, әуре-сарсаңға түседі. Әсіресе, Қытайдан көшіп келген қандастар кириллицаны оқи алмайды әрі жаза алмайды. Осы жағдай олардың құжаттарын рәсімдеуге қиындық тудырып жатады. Оның үстіне белгілі мекенжай бойынша тіркеуге рұқсат беретін үй иесін табу да қиындық туғызуда, - дейді Болат Заутұлы. Сондай-ақ, ол мұндай келеңсіздіктерді шешу үшін жедел түрде облысымызда оралмандарды бейімдеу, кіріктіру орталығын құру қажеттігін тілге тиек етті. Оның айтуынша, оралманға қатысты барлық мәселені, яғни, тұрақты тіркелуден бастап ҚР-ның азаматтығын алуға дейінгі жұмыстарды осы орталық арқылы тікелей басқарып, кешенді түрде жұмыстар жүргізілуі қажет.

- Біріншіден, орталық шеттен келген қандастарымызды жаңа ортаға бейімдеу, кіріктіру тұрғысында ұйымдастырылатын кешенді шараларды өткізу және  оралмандарға ҚР-ның заңдарынан түсініктеме, құқықтық ақыл-кеңес берумен қатар, қоныстанатын ауыл, ауданынның жағдайы туралы нақты жұмыстармен айналысуы тиіс. Сондай-ақ, барлық құжаттарын рәсімдеу, мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақы, тұрғын үй мәселесі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуге баса мән берілуі керек. Елбасы бесінші құрылтайда бұл мәселені де атап көрсетті. Өкінішке орай, біздің облыста әзірге оралмандардың орталығы жоқ. Сондықтан осы мәселе шешілсе, қандастарымызға үлкен қолдау болар еді. Екіншіден, тарихи Отанына оралғысы келетін қазақтарды  сол елдердегі Қазақстан елшіліктері арқылы, мемлекеттің көші-қон саясаты, құқықтық актілеріне сәйкес көшке алдын ала дайындап болғаннан кейін ғана көшуге жолдама берілуі қажет. Үшіншіден, көші-қон саласындағы сан түрлі түйткілдерді реттеп, шешетін «Халықтың көші-қоны» туралы заңды әлі де жетілдіріп, өзгертулер мен толықтырулар енгізу қажет. Ал төртіншіден, шет елден оралған қандастарымызға ҚР-ның азаматтығын алғаннан кейін  баспана, жұмыс, басқа да әлеуметтік мәселе-лерде белгілі дәрежеде үкімет тарапынан кепілдік берілуі керек. Қазір мұндай кепілдік жоқ, - дейді Болат Заутұлы.

«Бар қазақтың бір ғана Отаны бар. Ол - Тәуелсіз Қазақстан!» - деп Елбасы айтқандай, дүниежүзіндегі 16 млн.-нан астам қазақтың атажұрты, тарихи Отаны – Қазақстан. Сондықтан да болар, жұдырықтай жүрегі «елім» деп соққан шеттегі қазақтардың көбі атамекеніне келуге асық. Алайда, осы жақтағы кедергілер олардың көңілін су сепкендей басуда. Сол үшін ел болып, халық болып, бұл мәселені шешкен жөн. Қазақтың жанашыры - қазақ қана екенін ұмытпайық!

 

Нұржайна ШОДЫР

saryarka-samaly.kz