Бұл жеңіліс жанкүйерлердің жанына соншалық бата қоймас еді. Тек павлодарлық футболшылар «Қайраттың» екінші құрамына да төтеп бере алмады. Еуропа лигасы аясындағы іріктеу ойындарынан кейін алматылықтардың бас бапкері Алексей Шпилевский команданың негізгі құрамына демалыс берген сыңайлы. «Ertis»-ке қарсы кездесуге көбіне жас ойыншылар шықты. Соған қарамастан павлодарлық аяқ доп шеберлері қарсыластарынан айласын асыра алмады.

Жерлестеріміз ойынды белсенді бастады. Шабуыл шебінде жүрген Карлос Фонсека мен Жереми Манзороға доп шығарып беріп, жылдам гол соғуға тырысты. Алайда бұл көздегендері жүзеге аспады. Онымен қоса, уақыт өте келе әуелгі қарқындары да басылып қалды. Ойындарынан жаңылған «Ertis» футболшыларының қателіктерін алматылықтар ұтымды пайдаланды. Кездесудің 20-шы минутында қорғаныс алаңы сыр беріп, «Қайраттың» жартылай қорғаушысы Сұлтанбек Астанов есеп ашты. Бірінші таймның ортасында қатарынан екі ескерту алған алматылық Небойша Косович ойыннан қуылды. Осылайша, қонақтар алаңда он ойыншымен қалды. Бірақ павлодарлықтар сан басымдықтарын да ұтымды пайдалана алмады. Тіпті, екінші таймда тағы бір гол жіберіп алды. Бұл жолғы голдың авторы – Айбол Әбікен.

Павлодарлықтардың есеп айырмасын қысқартатын, тіпті, теңестіретін де мүмкіндігі болды. Өкінішке қарай, барлық шабуылдар сәтсіз аяқталып жатты. «Ertis» сапында Каролс Фонсека, Жереми Манзоро мен Камиль Мингазовтың ғана жақсы ойын өрнегін көрсетуге тырысқанын атап өтуге болады. Бірақ футбол командалық ойын ғой. Кездесуден кейін болған баспасөз мәслихатында павлодарлық команданың бапкері Милан Миланович шәкірттерінің ойынына көңілі толмайтынын атап өтті.

- Бүгінгі жеңіліс өз қателігімізден болды. Қақпамыздың алдында қауіпті сәттердің туындауына жол бердік. Өз айып алаңымызда доптан айырылып қалып жаттық. Сасқалақтап, дұрыс ойын өрнегін көрсете алмадық. Құдды бір балабақшадағы балалардың ойыны сияқты, - деді М.Миланович.

Кезекті жеңілістің кесірінен «Ertis» командасы Премьер-лигадағы турнирлік кестеде 11-ші орынға түсіп қалды. Ал «Қайрат» командасы керісінше, жағдайын түзеп алды. Қазіргі кезде алматылықтар өз алаңында Қарағандының «Шахтер» командасына есе жіберіп алған «Астанамен» ұпай теңестірді.

Жалпы, астаналық команданың азуы қарағандылықтарға батпай тұр. Олар «Шахтер» командасынан осымен үшінші ойын қатарынан жеңіліс табуда. Салдарынан Нұр-Сұлтан қаласының командасы Премьер-лигадағы көшбасшылық орнын «Тобылға» беріп қойды. Осылайша «Астана» әзірге 41 ұпаймен екінші сатыға ығысты («Тобылдан» 1 ұпай қалып тұр). Соңынан алматылықтар өкшелеп келеді. Ал қарағандылық команда - жетінші сатыда.

 

Д.АЙТПАЙ.

saryarka-samaly.kz